Аймақтар • 18 Мамыр, 2021

Қостанай облысында Қызғалдақтар фестивалі өтті

346 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай облысында жыл сайын көктемде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұратын Қызғалдақтар фестивалі биыл «Айналдым сені, атамекенім!» деген атпен өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қостанай облысында Қызғалдақтар фестивалі өтті

Үш бөлімнен тұратын мәдени шара барысында ақындар «Қызғалдақты құт мекен» тақырыбында арнау өлеңдерін оқыса, қол өнер шеберлері «Өнерлінің қолы ортақ» аталымы бойынша сынға түсті. Ал бишілер арасында «Қызғалдақтар биі» онлайн хореографиялық байқауы ұйымдастырылды.

Фестиваль «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық мәдениет басқармасының жанынан жұмыс істеп жатқан «Көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығының» ұйымдастыруымен өтті.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың 7 қыры» атты бағдарламалық мақаласында «Бүгінде жер жүзінде қызғалдақтың 3 мыңнан астам түрі бар екені, олардың басым көпшілігі – біздің дала қызғалдағының «ұрпағы» екені, қазір Қазақстанда қызғалдақтың 35 түрі өсетіні» айтылған. Бұл фестивальдің негізгі мақсаты да осы мақалада айтылған құнды ойларды насихаттау, өскелең ұрпақтың бойына дарыту, сол арқылы ел ішіндегі қарапайым өнер адамдарының еңбегін дәріптеу болып табылады.
Қызғалдақ – Қостанай облысының елтаңбасында бейнеленген», деді орталық жетекшісі Дәмір Қалқаев.

Іс-шара аясында Амангелді, Жангелдин, Науырзым, Қамысты, Әулиекөл аудандары мен Арқалық қалаларының ұжымдары өнер көрсетті. «Қызғалдақты құт мекен» онлайн арнаулар байқауында І орынды Жангелдин ауданынан Бүркітбай Фариза, ІІ орынды Арқалық қаласынан Апбасхан Балғын, ІІІ орынды Амангелді ауданы Есір ауылынан Балтасар Тұрысбекұлы сынды ақындар иеленді.

«Қызғалдақтар биі» онлайн аймақтық хореографиялық байқауында Айгерім Балғынбаева жетекшілік ететін Арқалықтағы «Ақбота» халық би ансамблі жеңіс тұғырынан көрінді. Екінші орынға Жангелдин ауданынының «Ерке наз» би ансамблі лайық деп танылса, «Қызғалдақтай ерке қыз» биін орындаған Амангелді ауданының Мөлдір Ғабдыбекова жүлделі үшінші орынға ие болды. 

Онлайн түрде өткен фестивальде жүлдеге іліккен барлық өнерпаздарға арнайы дипломдар мен және қаржылай сыйақы табыс етілді.

Соңғы жаңалықтар

Еріктілер күш біріктірді

Волонтер • Бүгін, 10:51