Әлем • 18 Мамыр, 2021

Үлкен өтірік және оның салдары

594 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Вашингтон, Колумбия округі. АҚШ-тағы қазіргі кезең Америка­ның президент сайлау демократиялық жүйесі әрі АҚШ азаматтарының ең маңызды міндеті  бұзылған сәт ретінде тарихқа енуі мүмкін. Бәлкім, мәңгілікке. 

Үлкен өтірік және оның салдары

Рас, АҚШ конституциясында жа­зыл­ған халық президентті сайлайды деген уә­де мен оның алғышарттары еш­­қа­шан толық орындалған емес. Амери­ка­ның негізін қалаған ақсүйек тұл­ғалар еш­қашан тобырға (не құлдар мен әйел­дер­­ге) елдегі ең жоғарғы қызмет­ті ат­қара­тын адамды таңдауын сеніп тап­­сыр­ған жоқ. Сондықтан АҚШ прези­ден­тін сайлау құқығы ақылды адамдар саналатын «электораттар алқасына» берілді.

Дональд Трамп президенттікке сай­ланғанда «электораттар алқасының» таң­дауы өздерінің штаттарындағы ха­лықтың көпшілік дауысына қанша­лықты сай келетіні туралы мәселе туындады. «Үлкен өтірік» деп аталып кеткен термин сайлау кезінде Трамптың дауысы «ұрланғаны» ғана емес, сонымен бірге шынайы нәтижені өзгертуге тырысқан түрлі жасырын құралдарды заңдастыру әрекеттерін де қамтыды.

2020 жылы сайлаудан бұрын түрлі ток-шоу жүргізушілері Трамп жеңіліп қалса, Ақүйден кетуден бас тартуы мүмкін деп әзілдеген. Бірақ Трамп қитұрқы әрі қауіп­ті жоспар құрған екен. Егер ол жеңі­ліп қалса, дауыстар қате саналғанын алға тартып, сайлаудың әділ өтпегенін айтады.

The Washington Post газетінің хабар­лауынша, сәтсіздікке ұшыраған үміт­керге арналған бұл стратегия біраз уақыт­тан бері оңшыл топтарда жиі тал­қыланған. Алайда президенттікке кан­ди­даттар мұндай идеяны қолдаған жоқ. Бірақ Трамп әрекеттерінің басқа­ларға немесе елге теріс әсері туралы еш­қашан алаңдаған емес. Сондай-ақ оның Конс­титуцияны түсінетініне де күмән бар.

Сайлаудың ресми нәтижесіне күмән­дану – сайлау жүйесінің тұтас­тығына нұ­қ­сан кел­тіру. Десек те масқараға ұшы­рап, қол­даусыз қалып, екі мәрте импичмент ж­арияланған бұрынғы президент рес­­пуб­­ликашылардың төрттен үш бөлі­гін өзі­нің  дәлелсіз сөздеріне сендіре алды.

Бұған қалай жол бергенімізді ойлану қажет. Маңыздысы мынада. «Үлкен өтірік» идеясын пайдалану тұжы­рым­дамасын Трамптың өзі ғана емес, сонымен қатар оңшыл белсенділер тобы да қызу қолдады. Ал кей бұқаралық ақ­па­рат құралдары оны мақтады да. Трамп ри­то­рикалық тұрғыда талантты дема­­гог­­тің шеберлігіне ие. Оның тирадасы үш­тағаны әзілге арқау болды. Ол көңіл көтеру­дің қауіпті түрін таңдады. Сон­дай-ақ америкалық электораттың ба­сым бөлігі шынайы ақпараттан хабарсыз. Аза­мат­­тық білім жойылды. Трамп бұқа­ра­­лық ақпарат құралдарына сенбеуге шақыр­ды. Ол шындықты волейболға айналдырды.

Артынан ерген құмар топтың көптігі, сөздерінің табиғи тартымдылығы (олар үшін), аз-кем өтіріктің мыңдаған түрін айт­қанының бәрі жиылып келіп Трамп­тың ең үлкен өтірігіне қолайлы жағдай жа­сап берді. Кемсіту, күш көрсету арқылы ол партиядағы ықтимал қарсыластары­­ның бәрін шаң қаптырды. Сенаттағы азшы­лық топтың өкілі, айлакер депутат Митч Макконел Трамппен белдесуге тырысып көрген, бірақ онысы сәтсіз аяқталды.

Енді республикашылардың қазіргі өкілі жеткілікті түрде мойынсұнбаса, Трамп оны қудалап, орнына басқа респуб­ликашыны әкеп отырғызады. Осы­лайша, оның сайлауға қатысты талап­тарының негізсіз екенін білетін Парламенттегі рес­публикашылар (оның 6 қаңтарда АҚШ-тағы Капитолийге шабуыл жасағанын жоққа шығаруы сияқты) оны қолдайды. Өйткені олар Трамптан сақтанып қана қоймайды, оған еретін сайлаушылардан айырылып қалу­дан қорқады. Оған қоса, Трамп – пар­тияға мол қаражат құятын өкілдің бірі.

Трамптың елге одан да зор қауіп төндіруіне кедергі келтірген – оның 2020 жылғы сайлауда жеңілуі. Осылайша, ол Ақүйге бағынбайтын Пентагон мен Әділет департаментіне саяси бақы­лау жасауға талпынған билікке жоры­ғын тоқтатты. Бүкіл алғырлығы, табан­ды­лығы және ойын-сауыққа құмарлығымен қоса, Трамп ақылсыз әрекет жасап, «артық қыламын деп тыртық қылды».

Мысалы, ол сайлау нәтижелерін бұр­малау арқылы кей мемлекеттік қыз­мет­шілерге қысым жасағысы келгені үшін жауапкершілікке тартылуға сәл қалды. Оның саяси қарсыластарының қылмыстық жауапкершілікке тартылуын талап етуі Бас прокурор Уильям Баррға қатты әсер етті. Шекарада мигрант балаларды отбасыларынан бөлу әрекеті де масқараға айналды.

Ол Өкілдер палатасындағы респуб­лика­шылардан Лиз Чейниді партия төрағасы қызметінен босатуды талап етіп, оны ньюйорктік Элиз Стефа­ник­пен алмастыруды сұрады. Өйткені Лиз Трамптың ұрланған сайлау туралы өтірігі Конституцияға қауіп төндіретінін айтқан. Осылайша, Чейни оның жауы­на айналды. Шындығында, Өкілдер пала­тасындағы республикашылар бас­шы­ларының бірі партияның қате болса да ұстанымын ашық айыптауы дұрыс емес деген республикашылар мынаны ескерген жоқ. Яғни сайлау нәтижесіне күмән келтіру арқылы Конституциямен келіспейтінін аңғартты.

Республикалық партияның «Үлкен өтірікке» қатысты алауыздығы өткен шақтың еншісінде қалған жоқ. Бұл партияның болашағына әсер етуі мүмкін. Джо Байденнің «электораттар алқасындағы» жеңісі айқын емес. Үш штатта (Джорджия, Висконсин және Аризона) шамамен 43000 дауыс ауыс­қанда, нәтиже өзгерер еді. Енді республи­кашылар штаттық деңгейде қара нә­сіл­ділердің дауыс беруін қиындатуға бағытталған заң шығаруға талпынып жатыр. Өйткені адамгершілікке жат еке­ніне қарамастан, республикашылар сай­лаушылардың жолын кесуді пре­зидент жеңісінің кепілі деп санады. Мұн­дай заңдар Байденге немесе басқа демократтың 2020 жылғы сайлау нә­тижесін қайталауын қиындатуы мүмкін.

Америкалықтар заңның үстемдігін ұстанатын ел екенін мәлімдейміз. Бірақ демократия ерікті ынтымақтастық, сенім және ұстамдылық болмаса, жетістікке жете алмайды. Заңдар өздігінен орындалмайды және Жоғарғы соттың кандидатуралары қазір қызу талқыға түсуі­нің жақсы себебі бар. Трамп әрекетінің нәтижесінде Сот бірнеше уақыт консер­ва­тивтердің бақылауында болмақ.

Егер қолында күші бар тұлғалар үнемі жаман ниетте әрекет етсе, заң бізді қорғамайды. Сондықтан Трамп және оның әрекеті конституциялық демо­кратиямызға қауіп төндіреді.

 

Элизабет ДРЮ

Вашингтондық журналист. Washington Journal: Reporting Watergate and Richard Nixon’s Downfall кітабының авторы