Сұхбат • 18 Мамыр, 2021

Қазақ радиосы қалай ашылды?

2576 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Қазақ радиожурналистика ғылымының негізін қалаған, журналистика ғылымының мектебін қалыптастырған ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашұлы Қазақ радиосының 100 жылдығына орай «Egemen Qazaqstan» газетіне сұхбат берді.

Қазақ радиосы қалай ашылды?

– Намазалы аға, алдымен өзіңізді Қазақ радиосының 100 жылдығымен құттықтағымыз келеді...

 – Иә, бұл радиожурналистердің ғана емес, бүкіл қазақ елінің мерекесі десе де болады. Өйткені Қазақ радиосы – бүкілхалықтық арна. Халықпен бірге ғұмыр кешіп келе жатқан, бір ғасыр толған, тындырған ісі көп, тәжірибесі мол, ел сүйсініп тыңдайтын арна болды.

– Сіз Қазақ радиосының тарихын 1931 жылдан емес, 1921 жылы хабар тарата бастаған Орынбордағы өлкелік ра­диостанциядан бастау алады деп мұ­ра­ғаттық жаңа деректер негізінде он жыл­ға ұзар­тып бердіңіз. Осының сырын ашып, оқыр­мандардың көзін жеткізсеңіз?

– 2001 жылы Үкіметтің қаулысымен Қазақ радиосының 70 жылдық мерейтойы аталып өтілетіні туралы хабар тарап жатты. Ол жайлы әртүрлі басылымдар мен радио және телеарналарда ресми ақпараттар беріле бастады. Яғни осыған дейін Қазақ радиосының тарихы 1931 жылғы 4 мамырда Алматыдан берілген «Еңбекші қазақ» және «Советская степь» радиогазетінен басталады деп айтылатын. Оны ұйымдастырған белгілі ғалым Бейсенбай Кенжебаев. Ал шын мәнінде хабар таратудың тарихына тереңірек бойласақ, республикалық радионың алғашқы хабарларының беріле бастауы шамамен жиырмасыншы жылдардың басына баратыны туралы белгілі БАҚ зерттеушілері: Марат Барманқұлов, Рамазан Сағымбеков, Сағымбай Қозыбаев және тағы басқа зерттеушілердің қайсыбір мақалаларында ішінара айтылып жүре­тін. Оның үстіне менің де зерттеген тақы­рыбым мен шығарған монография­м сол кезеңді қамтитын еді. Сондықтан сол жылы «Egemen Qazaqstan» газетінің бетінде «Қазақ радиосына қанша жыл?» деген көлемді зерттеу мақала жариялап, республикалық радиохабарының беріле бастағанына 70 жыл емес, 80 жыл толғанын дәлелдеген ғылыми мақала жарияладым.

Онда алдымен Қазақстанда жаппай хабар тарата бастауды зерттегенде жіберілген кемшілікті ашып Қазақ радиосының тарихына байланысты бұрын-соңды жазылған еңбектерге, мұрағаттық құжаттарды қай­та зерделеуге тура келді. Ол үшін еліміздегі екі-үш мұрағаттан өзге, Мәс­кеудегі төрт-бес мұрағаттың осыған қатысты құжаттарын түгел ақтарып шықтық. Сол еңбектің нәтижесінде ғана Қазақ радиосының, яғни республикалық радионың алғашқы хабары қашан және қалай ұйымдастырылғанын тап басып танытатын және күмән келтірмейтін деректерге қол жеткіздік. Сонымен, қазақ жерінде Қазан революциясына дейін Форт-Александровск пен Түркістанда радиостансалар болыпты. Олардың жұмысы мынаған саяды екен:

Біріншіден, ол стансалардың жалпы халыққа арналған кең аудиториясы болған жоқ. Ұйымдастырушылар да алдарына ондай мақсатты қоймады. Тек, байланыс құралы үшін қолданылып, желілі телеграфты қайталады;

Екіншіден, радиостансалар мемлекетке қарағанымен, шын мәнінде, түрлі ведомостволарға қызмет етті. Олар: әске­ри және әскери-теңіз, сол сияқты пошта-телеграф ведомостволары еді. Еліміздегі бүкіл радиостансалардың басын қосып, бір мақсатқа бағындыратын, оның дамуын қадағалап отыратын жеке ұйым болған жоқ.

Үшіншіден, Қазақстан жеріндегі радио­стансалар негізінен әскери бөлім­шелер арасын байланыстыратын желі қызметін атқарды. Олардың әскери байланыстағы рөлімен салыстырғанда шаруашылық, әкімшілік және саяси өмірге араласуы жоқтың қасы еді.

Қазақ радиосының туған жылын нақ­тылауда тағы бір мәселенің басы ашық болуы керек. Егер радио мекемесінің толық атауы «радиохабары» деп аталып, негізгі жұмысы – радиохабарын өздері дайындап, әрі тарататын болса ғана, республикалық радионың қызметін атқара алады. Осы тұрғыда, Орынборда жұмыс істеген: яғни хабарды қабылдап қана қоймай, әрі таратқан радиостансаны қарастыруға болады. Өйткені Орынборда орналасқан орталық станса Мәскеуден берілетін хабарларды қабылдады. Сонымен бірге жергілікті жерлерде жұмыс істейтін радиоқондырғыларға, сол сияқты түрлі жергілікті газеттерге ақпарат таратты. Ол Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңе­сінің 1921 жылы 29 қыркүйектегі шешімімен жүзеге асты. Онда қазан айының басынан бастап Орынбордағы орталық радиостанса арқылы күн сайын 1600 сөзден тұратын өздері дайындаған радиобюллетеньді республикаға тара­туға құқық берілді. Ендеше, 1921 жыл­дың 1 қазанын республикалық Қазақ радиосының туған күні деп атауға толық негіз бар. Өйткені бұған дейін ресми түрде осындай құқық беріліп, республиканың әуе толқынына тараған радиохабары болған жоқ. Оның республикалық радио қызметін атқарғандығын дәлелдейтін тағы бір белгі – жергілікті жердегі қабылдаушы стансалар бұған бағынып, есеп беріп отыратын болды.

– Қазақ радиосының қалыптасу жолдарын анықтап бердіңіз. Оны бұрынғы еңбектеріңізден білеміз, ал даму проблемалары дегенде түйіні шешілмей келе жатқан қандай мәселені айтар едіңіз?

– Қазақ радиосының қалыптасу мәсе­лелері де толық зерттелді деп айта алмаймын. Оның әр кезеңдегі жұмыс ерекшеліктері түгел хатқа түсіп, монографиялар жазылып, кітап болып таратылды деуге болмайды. Өйткені бір ғасырлық Қазақ радиосының жұмысын, іс-тәжірибесін әлі де болса зерттей түсу керек. Олай дейтінім, өткенді білмей, радионың келешектегі даму проблемаларын тап басып анық айту қиын болады. Ғылымның осындай азапты жолы бар. Мәселен, өзіміздің және шетелдік ғалымдар өткен ғасырдың отызыншы жылдарын радионың «алтын ғасыры» деп атайды. Оны бәрі бірдей мойындайды. Мұның себебі, 1930-1940 жылдар аралығында Америка құрлығында, қарт Еуропада, Кеңестер Одағында да радионың шарықтаған кезеңі өтті. Бұл – ел өмірінде, халық тұрмысында, шаруашылықта, сол сияқты саясат пен экономикада, мәдениет саласында кең қолданылды. Тіпті әйгілі саясаткер, АҚШ-тың 32-президенті Франклин Рузвельтті «радио-президент» деп атаған. Яғни ол өзінің ел басқару ісінде радионың зор мүмкіндігін кеңінен қолданды. Сол арқылы алып мемлекетті аяғынан тік тұрғызып, шаруасын шалқытып, елін байытып, мұратына жеткізген президент ретінде бағаланды. Сондықтан да радиохабарды зерттеушілер 1930 жылдардан бергі үш онжылдықты «радионың алтын ғасыры» деп атауы заңды. Ал енді осы тарихи құбылысты зерделесек, сол кездегі тәжірибелер бүгінгі қоғамға да қажет екені ешқандай күмән туғызбайды. Сол себепті, радионың қалыптасу кезеңі түгел зерттеліп бітті деп ойламаймын.

Осы саланың зерттеушісі ретінде, 70-80 жылдардағы Қазақ радиосының жұмысын бүгінгі радиожурналистерге үлгі етіп ұсынар едім. Өйткені ол кезде Қазақ радиосы тәулігіне «Правда» газетінің қырық санына татитын материалдарды эфирге шығаратын. Редакциялардың саны бірнеше есе көп болатын. Онда жұмыс істейтін журналистердің саны да сондай еді. Тіпті еліміздің қоғам және мәдениет қайраткерлері, шаруашылық басшылары, жалпы көпшілік үні Қазақ радиосынан жиі естілетін. Оларға тәуір қаламақы төленетін. Радиожурналистер де сондай керемет көңіл күймен, шығармашылық жетістіктермен бір-бірімен жарысып жұмыс істейтін. Ондай күйді өкінішке қарай, қазір көре алмай отырмыз. Енді сол кезді түгел көшіру мүмкін емес шығар, бірақ шығармашылық ізденіс пен құлшыныс бүгінгі радиожурналистерге жетіңкіремей тұр ма деп ойлаймын. Ол уақытта публицистік стильге, хабардың әуезділігіне, журналистің шеберлігіне көп мән беретін. Ал қазіргі тікелей эфирлік хабарларда сөйлемдердің дұрыс құрылуына, ойдың анық жетуіне, басы артық сөздердің кетіп қалмауына кері әсерін тигізіп отыр. Әрине, жеделділік деген керек-ақ. Оқиғаны, құбылысты уақытында жеткізе білу қажет шығар. Бірақ радио саласын зерттеген ғалымдар «оперативтілікке көп мән беріп, шикі дүниені эфирге беру – жетістік емес» деп санайды. Сондықтан осы жағына көп мән беруіміз керек. Сондай-ақ бұл саланы зерттеушілер келешекте тек қана жетістіктерді айтып қоймай, кемшіліктерін де орынды жерінде көрсетіп отыруымыз керек. Одан ештеңе кеміп қалмайды.

– Бүкіл әлемде әртүрлі стандарт­тардағы цифрлы хабар тарату дамып келеді. Мысалы, Ресей 2010 жылы ұзын, орта және қысқа диапазондарда DRM-30 цифрлы стандартын қабылдаған екен. Digital-форматта хабар тарату технологиясын ғылыми негізде қарас­тырып көрдіңіз бе? Радиохабар тарату саласына цифрландыру не әкеледі?

– Әрине, бұл цифрлы радиохабар тарату технологиясы «Радиожур­налис­тиканың теориясы мен тәжірибесі» деп аталатын оқулығымда кеңінен қарас­тырылған. Бүгінгі күнде, СРХ-ны таратушы DAB стандарты – көптеген стандарты бірік­тіретін кешен. Мысалы, дыбыстың барлығы МРЕG Audio Layer 2 цифрлы дыбыс форматында беріледі. Эврика-147 жүйесінде мультиплексор деп аталатын құрал арқылы бірнеше бағдарламаны эфирге беру жүзеге асырылады. Алайда Эврика-147 жүйесі әрі жетілген, әрі ыңғайлы болғанымен оны толығымен іске қосу үшін қазіргі радиохабар таратушы жүйелердің жұмысын толық өзгерту керек. Бұл көптеген материалдық шығынды қажет етеді. Дегенмен де цифрлы радиохабар (СРХ) таратудың бұл түрінің болашағы үлкен. Алдағы уақытта бүкіл радиожүйелер осы технологияға тегіс көшірілуі мүмкін, әрине, озық технология қашанда жоғары тұрады. Жалпы, СРХ-ның пайда болуы XX ғасырдың 80-жылдарынан басталған. 1982 жылы Sony мен Philips компанияларының бірігіп жұмыс істеуінен пайда болған компакт-дискқа жазу технологиясы қолдау тапқаннан бас­тап, радиобайланыстағы цифрлы қабыл­дау мен жіберу тәсілдері дами бастады. 1987 жылы Британияның ВВС деген медиагиганты Eureka – 147 (Эврика 147) жобасын бастады. Осы жоба нәтижесінде ең алғаш СРХ Швецияда 1996 жылы таратылды. СРХ таратудың санаулы технологиялары бар. Олар: Еуропадан шыққан Эврика-147, DRM және Америкада шық­қан ІВАС/ІВОС технологиялары. Ресми түрде Эврика-147 DAB ең жақсы дамыған СРХ тарату технологиясы болып саналады.

– Алғашқы еңбек жолыңыз 1974 жылы Қазақ радиосынан басталыпты. Ол уақытта сіз очерк, фельетон сынды деректі-көркем жанрларда көбірек хабарлар жасаған екенсіз.

– Иә, бақытыма орай мен қызмет еткен уақыт, жоғарыда айтқан Қазақ радиосының құлпырған, жан-жақты дамыған халықтың, елдің, жұрттың арасында беделі көтеріліп тұрған, сүйсіне тыңдайтын кезең еді. Біздің алдымыздағы буын небір хабарларды төгілтіп жасайтын, керемет дауыспен құбылтып оқитын Әнуарбек Байжанбаев, Сауық Жақанова сияқты дикторлар жұмыс істеген кезең ғой. Хабарларды Мұхтар Бақтыгереев бастаған мықты актерлер жүргізетін. Насихат және партия-кеңес құрылысы, өндіріс және «Соңғы хабарлар» редакциялары, жастар және балалар хабарлары, әдеби-драмалық хабарлар, «Ұшқын» бағдарламасы, «Қазақстан» радиотеатры берілетін еді. Сол сияқты «Ауыл өмірі» радиостанциясы жұмыс істейтін. Бұлардың барлығында қалыптасқан журналистер, танымал очеркистер мен фельетонистер болатын. Әсіресе фельетон жазу екінің бірінің қолынан келмейді. Менің есімде, «Көреген» сатиралық радиожурналы деген болды. Бұл сатиралық радиожурналды екі комитет бірігіп жасайтын. Яғни халықтық бақылау комитеті ел арасындағы кейбір етек алған қоғамдағы келеңсіз мәселелерді тексеріп, солардың деректерін біздің қолымызға беретін. Біз әлгі деректердің негізінде әрі қарай зерттеп, тереңдетіп, журналистік зерттеуден өткізіп барып, сол жөнінде фельетондар жазатынбыз. Бұл фельетондарды, тіпті сақа сатириктердің өздері жазуға мойынсұнбайтын. Мысалы, Әли Мұсақанов, Кәкімбек Наржанов, Құсман Игісінов, Нығмет Жандилдин сияқты қалыптасқан фельетонистер болды. Осылар халықтық бақылау комитеті берген деректердің негізінде, өмірде бар адамдар туралы, көбіне басшылықтағы директорлар, бухгалтерлер сияқты елдің еңбегін жеп жүрген, алаяқтық жолға түскендер жайлы деректі фельетондар жазатын. Оны Таңат Жайлыбеков, Есболған Жайсаңбаев, Райымбек Сейітметов, Торғын Тасыбекова және Тоқсын Құлыбеков сияқты талантты актерлер драм-блокта ойнап керемет құлпыртып шығаратын. Ал дыбыс режиссерлері музыкамен көркемдеп беретін еді. Оның әсері өте ерекше болды. Кейде осындай фельетондарға шыққан шаруашылық, мектеп директорлары, болмаса совхоз директорлары, колхоз төрағалары, аупартком секретарьлары ЦК-ға дейін арыз жазып, «мені бекер жазғырды, ел-жұрттың алдында қарабет болдым» деп шағым түсіретін. Осындай жағдайда Орталық комитеттің үгіт-насихат бөлімі біздің эфирден өткен фельетондарымызды алып тыңдайтын. Артық кеткен жерлері болса, бізге ескерту жасайтын. Болмаса, әлгі кемшіліктерді жіберген адамдарды орнынан алып, тіпті істі қылатын еді. Міне, журналистиканың пәрменділігі деген осындай болды. Сондықтан мен бұл кезеңді Қазақ радиосының керемет дамыған кезі деп есептеймін. Сол сияқты небір керемет очерктер берілетін. Құсман Игісіновтің «Ақбота тауға бардың ба, айқайлап әнге салдың ба?» деген музыкалық очеркі эфирден өтті. Ол менің есімнен әлі кетпейді. Оған жүздеген хат келді. Менің «Көргені көп көш бастар» деген моральдық тақырыпта берілген хабарыма да көп хат келді. Онда ата-анасын, жақынын тастап кеткендердің аты-жөндері аталып, нақты деректерге жүгіндік. Хабардан соң сол кемшілікті жіберген адамдардың редакцияға хабарласып, іздеп келіп, тілдескендері де болды. Міне, осындай журналистиканың пәрменділігі артып тұрған кезеңі еді ол. Яғни біз радиожурналистиканың дамуын талдағанда, осындай ерекше дүниелерді бөліп алып, қазіргі журналистерге үлгі-өнеге қылып ұсынуымыз керек. Сонда біз өткенімізді білу арқылы келешекке дұрыс қадам жасай аламыз.

– Соңғы маңызды жаңалықтың бірі, ақпараттық қауіпсіздікті қам­тамасыз ету мақсатында Қазақстан облыс­тарының шекара маңындағы 400 елді-мекенге Қазақ радиосының хабарла­рын тарату жұмыстары басталды. Сон­да, бұған дейін ол іс атқарылмаған ба?

– 1967 жылдан бастап 3 арналы радиохабар тарату дамыды. Тыңдармандар алуан түрлі хабар тыңдау мүмкіндігіне қол жеткізді. Одақтас республикаларда радио мен телевизияны дамытуға көңіл бөліне бастады. Бүкілодақтық радиоға қатысты республикаларда 162 комитет құрылды, оның ішінде одақтас республикалық 14, автономиялық – 20, өлкелік – 6, 109 облыстық және округтік комитет құрылды. Бұның бәрі радио жұмысын жандандырып, дамыта түсу үшін атқарылған шаралар болатын.

– Тәуелсіздік алған жылдары, тіпті радиоқабылдағыштар да істен шықты. Ауылда радио сөйлемейтін болды. Радио былай тұрсын, жарыққа да зәру болған күндер өтті ғой.

– Иә, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары радиоқабылдағыштардың жұмысы бәсеңдеп қалды. Тарихқа жүгінсек, бастапқы кезінде осындай қиыншылықтарға ұрынады. Айталық, өткен жылы «Egemen Qazaqstannyń» 100 жылдығы аталып өтті. Оның алғашқы «Ұшқын», «Еңбек туы» аталған уақыты бұл басылымның тәй-тәй басқан кезеңдері деп есептелді. Өйткені алғашқы кезеңде небір қиыншылыққа ұшырайды. Ал енді 1921 жылдан бастап 1925 жылға дейінгі аралық газеттің керемет гүлденген уақыты еді. Оның мақалалары ұлттық мәселелерге, жерге, елге, тілге, мәдениетке, білім алуға арналып, ұлттық құндылықтар арқау болды. Жиырмасыншы жылдардың екінші жартысынан кейін, солақай саясаттың кесірінен (Голощекин тұсында) газет материалдарының пәрмені бәсеңси бас­тады. Сол кездегі журналистиканың басында тұрған Алаш арыстарын шетінен тұтқындап, тізгіндеп ұстады. Әрине, Қазақ радиосының тәуелсіздік алған кезеңін тікелей онымен салыстыруға болмайтын шығар. Бірақ тәуелсіздіктің алғашқы кезінде де қиыншылықтардың болғаны шындық. Бірден барлығын ұйымдастырып кете алмады. Сол кем­шіліктердің кейбіреулері әлі де жалғасып жатыр. «Ауруды жасырсаң, өлім әшкере қылады» деген сөз бар. Яғни мен Қазақ радиосына қаншалықты бүйрегім бұрып тұрғанмен, кейбір кетіп жатқан кемшіліктерді көріп отырып айтпасам, онда ол достық емес, қайта қастық болады. Аллаға шүкір, талантты ұл-қыздарға кенде емеспіз. Оларға дұрыс жөн сілтеп, қолдауымыз керек. Әрине, сіз айтқан олқылықтар: радиохабардың дұрыс тарамауы, ойдағыдай ұйымдастырылмауы идеологиялық жұмыстардың кемшілігінен болды деп есептеймін. Бұны біреу әдейі істеп отырған жоқ. Осыған мән беру жағы аздау болды. Оған мұрша келмей жатты. Ендігі жағдайда, мынау алмағайып кезеңде, біз өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізге, игіліктерімізге, құндылықтарымызға аса мән бермесек болмайды. Өйткені біздің қоғамда қазір әртүрлі ағым көбейіп бара жатыр. Ол дінде де, Батыстан келген жағымсыз құбылыстарда да көрініс тауып отыр. Олар арамызда шолжаңдап жүр. Өздерінің ойына келгендерін істеп, көшеге шығып, жүздеп жүретін болды. Сондықтан мен тағы айтар едім, мұндай кезде Қазақ радиосының мүмкіншілігін дұрыс пайдаланатын болсақ, халықтың асыл мұраты не, қалай ел боламыз деген мәселелердің барлығын қамтып айта алатын – радио. Өйткені, радионың аудиториясы кең. Оған көп қаражат кетпейді. Сонда ел-жұрттың көкейіндегі мақсатқа жүгініп жұмыс істеуіне мүмкіншілік туады. Сіз көрсеткен кемшіліктерді болдырмаудың жолдары осы деп ойлаймын.

– Тыңдаушының таным-талғамын арттыру үшін радиожурналистке айтар ойыңыз қандай?

– Мысалы, «Хабар» телеарнасының «Хабар 24» дейтін арнасы жарты сағат сайы­н жаңалықтарды беріп отырады. Сол сияқты «Қазақстан» телеарнасында ертеңгісін берілетін «Таңшолпан» деген бағдарлама бар. Бұлардың өз аудиториясы қалыптасты деуге болады. Бұл – телевизияның жетістігі. Ал радиода бұдан кең, көл-көсір мүмкіншілік бар. Қалай? Айталық, бұрын Қазақ радиосында «Тәулік тынысы» деген бағдарлама болды. Ол кезде радионың техникалық жарақтануы нашар еді. Соған қарамай халық тәулік тынысын Қазақ радиосынан естіп отыратын. Қазір сондай жағдай Қазақ радиосында бар деп айта алмаймын. Тіпті сол «Тәулік тынысы» деген тіркесті пайдаланса, ешқандай сөкеттігі жоқ. Керісінше, осы мақсатты алдыға қойып, радионың жаңалықты берудегі рөлін көтеру керек. Онсыз болмайды. Өйткені радио телевизияға, баспасөзге, тіпті интернетке де қарағанда ең оперативті құрал. Бұның жеделғабылдық мүмкіншілігі өте мол. Мен өткенде сенаторлармен, белгілі ғалымдармен кездесу үстінде министр Аида Ғалымқызы Балаеваның алдында айттым. Ол кісі «бұл мәселеге келешекте көңіл бөлу керек» дегендей болды. Осы іс аяқсыз қалмаса екен деп ойлаймын. Тағы бір көңіл бөлетін нәрсе, радиодан «Мен қазақпын» бағдарламасы жүретін еді. Сол бірде беріліп, бірде берілмейді. Бізге қазір ел-жұртты елең еткізетін, рухын көтеретін осындай бағдарламалар керек-ақ. Өйткені рухы түскен ел ешуақытта оңбайды, тоз-тозы шығады. Осындай келеңсіздіктер орын алмас үшін «Мен қазақпын» секілді ертеңгілік бағдарлама да қажет. Онсыз болмайды.

– Ғасыр толып отырған Қазақ радиосының мерейтойына білдірер лебізіңіз қандай?

– Бір ғасыр бойы хабар таратып келген Қазақ радиосының еңбегі ерекше. Қазақ халқы жүйелі сөзді керемет қадірлейді. Ұлтымыз «Өнер алды қызық тіл» деп бекер айтпаған. Сондықтан, Қазақ радиосының ғасырлық тойы – елдің тойы.Тойларыңыз құтты болсын, қадірменді қазақ елі!

 

Әңгімелескен

Гүлнұр Омарханқызы

Соңғы жаңалықтар