Тарих • 18 Мамыр, 2021

Құрбан болғандарды анықтау – парыз

424 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Даламыз ойрандалып, халқымыз ойсы­раған сол бір зұлмат жылдар қасіреті ұмы­тылмайды, өйткені ол – қара жа­мыл­ған тарих. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлығы көпшілік көңі­ліндегі көкейкесті мәселенің түпкілікті шешімін табуына жол ашып берді.

Құрбан болғандарды анықтау – парыз

Осы мақсатта Маңғыстау облысында арнайы комиссия құрылып, өз жұмысын бас­тады. Өлкетанушы Алқажан Еділханның ай­туынша, бұл істе ең маңызды да күрделі бағыт – архивтер­де мұқият жұмыс істеу, қа­жет құжаттарды та­уып, терең сараптау, олар­ға белгілікті дәрежеде абаймен қарап, ағайынаралық, этносаралық, халықаралық түсін­бестікке жол бермей пайдалану.

Маңғыстау облысында кейбір архивтермен жұ­мыс істеуде кедергілер туындаған. Мысалы, 1941-1945 жылдары Маңғыстаудан майданға жібе­рілген жауынгерлердің тізімі Атырау об­лысының құпия архив қорларында жатыр. 1930-1931 жылдары осы аймақта көрнекті дін ие­лері  тұтқындалған, кейбірі хабарсыз кеткен. Олар жөніндегі нақты мәліметтер Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің архивтерінде деп шамаланады.

Маңғыстаулық жұмыс тобына біраз тарихи мәлі­меттерге қол жеткізу үшін Атырау, Ақтөбе облыс­тарындағы және Алматы қаласындағы мемлекеттік және ведомстволық архивтерде, сондай-ақ көршілес Түрікменстан, Өзбекстан және Тәжікстандағы архивтерде болу, Ресей­дің Орынбор, Саратов облыстарының ар­хив­теріндегі құжаттармен танысу қажет. Сон­дықтан оларға арнайы экспедициялар ұйым­дастыру көзделіп отыр. Бұған қоса, жұмыс тобы Тобанияз Әлниязұлының ескерт­кішін жөн­деу, ГПУ әскерлерімен ұрыста қа­за тапқан Тұр­ған қызға, Мырзалыға, Салпық Мамай­ға, Тоқабай Құрмашқа, Шегем Қаңғабайға, Ес­кел­ді Бақтыбайға ескерткіш орнату мәселелерімен шұғыл­дануда. Ұлы шайқас өткен «Мың үй шабылған» жеріне, маңғыстаулықтар жаппай атылған Сарайшық елді мекенінде де естелік белгілер орнатылуы керек. Сон­дай-ақ қуғын-сүргін құрбандары Оразмағамбет, Тобанияз сынды тұлғаларға арналған басылымдарды дайындау, «Екінші дүниежүзілік соғыс тұтқындарының естеліктері», «Маңғыстаудан ауған ел туралы естеліктер» атты кітаптарды шығару қолға алынды.

Жұмыс тобы бұл игі де иманды істерге жұрт­шылықты кеңінен жұмылдыруды мақсат етіп отыр. Жұмыстың жариялылығы үшін топ мүше­лері кемінде айына бір рет бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде ақпарат беріп отырмақ.

Аймақтық жұмыс тобы өзіне үлкен саяси жауап­кершілік артылғанын түсінеді. Бұл орайда өзге этнос­тар өкілдерінің, мәселен, орыс Захар Дубскийдің, түрік­­мен Шәкір Бекназаровтың, олардың туыстары мен қызметтестерінің де жеке ісімен танысып, тағдыр жолдарын зерттеу қажет деп ұйғарылды.

– Тағы бір аса күрделі мәселе – саяси қуғын-сүргінді тікелей атқарушылардың тағдыры, олардың бүгінгі қазақ қоғамындағы, жалпы ел жадындағы орны. Бұл – келешектің ісі. Дейтұрғанмен, бүгінгі республикалық, өңірлік жұмыс топтары әлемдік өркениеттегі, көрші мемлекеттердегі қалыптасқан қоғамдық ахуал­ды жан-жақ­ты зерттеп, түбінде біз сияқты саны аз ұлысқа қа­жетті ұлттық ымыраға келу жол­дарын да қарастыра берген дұрыс сияқты, – дейді саяси қуғын-сүргін құр­­бандарын ақ­тау жөніндегі Маңғыстау облыстық комис­сия­сының мүшесі Алқажан Еділхан.

Маңғыстау – қуғын-сүргінді де, ашаршы­лықты да көрудей-ақ көрген өңірдің бірі. Оның үстіне, Екінші дүниежүзілік соғыстың зұл­маты қосылғанда Маңғыстау өңірінде бұл қасіреттердің зардабын тартпаған бірде-бір шаңырақ жоқ деуге болады. Халық санын сетінетіп кеткен сол сұрапыл жылдардың құрбандарын анықтау және ақтау  – облыстық комиссияға ауқымды да сауапты жұмыстарды жүктеп отыр.

 

Маңғыстау облысы