Аймақтар • 19 Мамыр, 2021

Қауіпті індеттен қорғанудың барлық жолы қарастырылуда

121 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінде Жамбыл облысы аумағында коронавирус індетін жұқтырудың 8 723 жағдайы тіркелген. Ал пневмония бойынша 3 491 жағдай анықталған. Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде науқастан 7 869 азамат сауығып шыққан. Жалпы, өңірде қауіпті індеттің алдын алу мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда.

Қауіпті індеттен қорғанудың  барлық жолы қарастырылуда

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, ағымдағы жағдайға байланысты бекітілген жоспарға сәйкес облыстағы ауруханаларда 2 580 инфекциялық төсек-орын қоры, оның ішінде 250 реанимациялық төсек-орын қоры бар. Оған қоса 135 төсек-орынға арналған карантиндік стационарлар жұмыс істейді. Қазіргі кездегі эпидемиялық жағдайға байланысты коронавируспен ауыратын науқастарды емдеу үшін қосымша резерв ретінде 2 180 инфекциялық, оның ішінде 251 реанимациялық төсек-орын қоры ашылады.

«17 мамыр күнгі ақпарат бойынша 2 580 орындық инфекциялық стационарларда 1 015, оның ішін­де 250 орындық реанимацияда 104 науқас ем қабылдауда. Ал карантиндік стационарларға 30 азамат орналастырылған. Жер­гі­лікті бюджет есебінен өткен жылы емдеу және алдын алу ұйым­дарын медициналық құрал-жаб­дықтармен қамтамасыз ету мақсатында 2,1 млрд теңге бөлінді. Бөлінген қаражат есебінен 1 литотриптор, 4 дана экспертті классты ультрадыбысты аппарат, 1 дана эндовидеохирургиялық кешен, 4 дана видеоэндостойка, 3 дана электрокардиограф сатып алынды. Сондай-ақ денсаулық сақтау мекемелері 140 дана функционалды төсектермен, 100 дана рециркулятор және 1 дана флюрограф аппараттарымен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар биыл медициналық ұйым­дар­ды тиісті медициналық құ­рал-жабдықтармен жабдықтау мақсатында 2,5 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде медициналық мекемелер видеолапроскопиялық жүйе, 5 дана наркозды тыныс алу аппараттары, транспортты инкубатор, өкпені жасанды желдету аппараттары, экспертті класты ультрадыбыстық аппарат, электроэнцефалографтар және тағы да басқа жабдықтармен қамтамасыз етіледі», дейді басқарма басшысы.

Бұл ретте қауіпті індетпен кү­рес кезінде мемлекет тарапы­нан да тиісті көңіл бөлініп отыр­ға­нын айта кету керек. Өңір тұр­­ғындарының өмірін сақтап қалу мақсатында республикалық бюд­жет қаражаты есебінен лизинг бойынша облыстық жедел жәрдем стансасына 66 жедел жәрдем көліктері, сондай-ақ 53 бірлік өкпені жасанды желдету аппараты мен 8 жылжымалы медициналық кешен алынған. Сонымен қатар демеушілік көмек есебінен аймақтағы емдеу ұйымдарына 122 оттегі концентраторы және 14 өкпені жасанды желдету аппараттары берілген. Қауіпті індеттің алдын алу мақсатында облыста барлық шара қабылдануда. Осы орайда Әсет Қалиев бірыңғай дистрибьютормен стационар шеңберінде облыстың денсаулық сақтау ұйымдарына 2,8 млрд теңге көлемінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар жеткізілгенін, оның ішінде 315 млн теңгеге коронавирус ін­детін емдеуге және оның алдын алуға арналған дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұ­йым­дар жеткізілгенін айтты. Сондай-ақ бүгінде бірыңғай дис­трибьютормен амбулатория шеңберінде облыстың ме­ди­­­циналық ұйымдарына 3,1 млрд теңгеге дәрілік заттар мен бұ­йым­дар алынған. Оның ішінде «тыныс алу жолдары ауруы» нозология­сы және «COVID-19 коронавирус инфекциясы» нозологиясы бойынша 78 млн теңгеге алынған дәрілік заттар мен медициналық бұ­йымдар бар. Ал аймақта дәрілік зат­­тардың екі айлық қоры қалып­тас­қан.

Сонымен қатар коронавирус індетінен қорғанудың тиімді жолы вакцина алу екені белгілі. Бүгінде елімізде тұрғындарды вакциналау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Жамбыл өңірінің жұртшылығы да бұл науқанға белсене атсалысуда. Қазіргі кезде облыс бойынша 18 жастан асқан 582 мың адам коронавирус індетіне қарсы вакциналауға жатады деп жоспарланған. Жалпы, облыс бойынша 42 егу пункті бар болса, оның ішінде 14 пункт Тараз қаласында, қалған 28 пункт аудандарда орналасқан. 1 ақпаннан бастап облысқа 1 мың адамға арналған 2 мың доза QazCovid-in отандық вакцинасы, 92 мың 700 доза Спутник-V 1 компоненті және 11 мың доза Hayat-Vax вакцинасы келген. Жалпы, 93 059 тұлға отандық QazCovid-in вакцинасымен және Спутник-V, Hayat-Vax вакциналарымен екпе алған. Егуден кейінгі асқынулар тіркелмеген.

 

Жамбыл облысы