Қоғам • 19 Мамыр, 2021

Карантиндегі кәсіпкерлер тығырықтан шығатын жол іздеді

811 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Локдаундар кәсіпкерлерді көптеген мәселені қатар шешуге мәжбүрлеп отыр. Бизнесті сақтап қалу, персоналды ұстап тұрудан басқа салық, жалдау ақысы мен басқа да міндетті төлемдерді кейінге қалдыру мәселелері туындады. Талай адамның әлеуметтік тағдырына тікелей қатысы бар мәселелерде мемлекет те қол қусырып қарап қалмады. Қаржылық қолдау сияқты шаралар ұсынылып, Үкімет өңір әкімдіктерімен бірге талқылап отырды. Алайда әлемдегі эпидемиялық ахуалдың беталысы әлі белгісіз... Яғни әлемді уысында ұстаған індет талай іскер азаматты банкротқа ұшыратса, керісінше карантин жағдайында бизнесін жаңа жолға түсіргендер де табылды. Дегенмен іскер орта пандемия салдарынан туындаған қиындықтарды қалай шешіп отыр? Бұл туралы біз кәсіпкер әрі бизнес коуч Құрмет Әубәкіровтен сұрадық.

Карантиндегі кәсіпкерлер тығырықтан шығатын жол іздеді

– Құрмет Маратұлы, пан­­­де­мия ахуалында біздің кәсіп­кер­лер қандай қиын­дыққа тап болды және оны қалай шешті?

– Пандемия Қазақстанның ғана емес, әлемдегі кәсіпкер­лер­дің жұ­мысына қолбайлау болып отыр. Әсіресе, әлі аяғына тұр­маған шағын кәсіпкерлерге қиын болды. Дегенмен, бізде орын алған қиындықтар басқа елдерде де бар. Әр мемлекет өз әліне қарай кәсіпкерлеріне кө­мек көрсетуге тырысып ба­ғуда. Мұндай көмек шаралары елімізде де Үкімет тарапынан жү­зеге асырылды. Алайда жұқ­палы індеттің өршуі ұсақ және орта кәсіпкерлік нысандарын толықтай ашып, жұ­мыс іс­теуіне кедергі келтірді. Ме­ніңше, бизнестің басты қиын­шылығы осы. Міне, осы жағ­дайда, кәсіпкерлер үшін «көтеріліп алудың» маңызды факторы қарапайым пысықтық болды. Бірақ, бұл қасиетті бәрі бірдей дұрыс қолдана алмады. Кәсіпкерлерге қалыптасқан жағдайға бейімделу үшін жаңа бизнес-процестерді қысқа мер­зім ішінде құру қажет еді. Бі­раз компания заман талаптарына сай бейімделе білді де, бизнесінің табысын көріп отыр. 2020 жылдың басты жаңалығы – компаниялар өз қызметін онлайн форматқа неғұрлым тез көшірсе, жұмыс­тары соғұрлым ұтымды бола­ты­н еді. Мысалы, тамақ­тану саласында жұмыс істейтін компаниялардың көп­шілігі дерлік ас мәзірлерін онлайн түрде тартымды қы­лып ұсы­нып, тез әрі сапалы жет­кізуді ұйым­дастыру арқылы биз­нес­терін сақтап қалды. Өз тауарың­ды немесе қызметіңді онлайн құралдары арқылы көр­кем қылып ұсыну да қазіргі кезде ұтымды сала болып отыр.

– Пандемияның ең қиын кезеңдері артта қал­ған сы­ңайлы. Қазір жалпыха­лық­тық вакцина егу мен түрлі онлайн қосымшалар өмірімізді қауіпсіз етуге бағытталып жатқаны белгілі. Бұлардың кәсіпкерлікке шын мәнінде пайдасы тиді ме?

– Әрине. Барлық нысандар­дың толықтай жабылып, жұмыс істеуіне болмайтын кезең артта қалды. Бизнеске ұсынылған «Ashyq» қосымшасы адал жұ­мыс істесе, кәсіпкерлерге заң­ды қызмет етуге мүмкіндік бе­ре­ді. Жасыратыны жоқ, бизнес нысандарының көбісі осы уа­қытқа дейін астыртын жұмыс істеді. Бұл үлкен тәуекел және заң бұзушылық, алайда соған қарамастан көптеген адамдар оған бел байлады. Қазір бизнес­ке кем дегенде жұмыс істеуге рұқсат етілген қосымша пайда болды. Бұл – көпшілік жиналатын орындар үшін жақсы жаңалық. Инфекцияның ық­тимал қаупін саралауға бола­ды. «Ashyq» қосымшасын қол­дану бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігі ғана емес, халықтың денсаулығына қолданған қауіп­сіздік шаралары екендігін ұмытпау керек.

– Бір сөзіңізде көптеген мем­­­лекет­тердің үкіметтері кәсіп­­­керлерге көмек берді дедіңіз. Ол көмек түрлері қан­дай болды?

– Ол көмектің түрлері биз­­­нес­тің ерекшелігіне және мем­­лекет экономикасының дамуы­н­а қарай әртүрлі болды. Меніңше, Қазақстан үкі­ме­ті кә­сіп­керлерге көрсеткен кө­­ме­­гін­де дамыған елдерден арт­­та қалған жоқ. Алайда айта ке­те­­тін бір жәйт, кәсіпкер­лер­дің кө­бісі банктер алдындағы не­сие­лері бойынша кешірім не­месе жеңілдік беруін талап етті. Бұл мүлдем дұрыс емес. Өйт­­кені банктер де – жеке­мен­шік кә­­сіп­­керлік нысаны. Осы­ны да ұмыт­­паған жөн. Банк­тер мем­­ле­­кет ба­қылауында болған­дық­­тан, несиелік демалыстар берілді.

– Керісінше дағдарыстан жаңа жол тапқандарды да көрдік. Қазіргі жағдайда кәсіп­керлікпен айналысу қан­шалықты қолайлы?

– Елімізде бизнес үшін көп­теген мүмкіндік бар, бі­рақ оны сауатты қолдану керек. Биз­несті жүргізе алатын көптеген кәсіпкерлер оны бас­қара және жүйелендіре алмайды. Біздің елде бәсекелестік өте төмен, даму­дың көптеген ба­ғыт­тары бар. Әр кәсіпкер биз­несті дамытуды үйренуі қажет. Дұрыс даму үшін әртүрлі бағ­дарламалар бар, мысалы, work and study, азаматтар шетелде бизнес-білім алып, содан ке­йін қайтып оралып, оны осы жерге енгізе алады. Сондай-ақ business education – бұл қа­дам­дық оқыту, студенттер А нүк­тесінен Б нүктесіне дейін осы салада білім алады, бұл жалпы әлемдік тәжірибе және осы бағыттар шетелде белсенді дамуда. Отандық кәсіпкерлер осындай бағдарламалар арқы­лы өз білімдерін үнемі жетіл­діріп отыруы қажет. Өйткені технологияның дамуы әлемде бизнес-процестердің де дамып, өзгеруіне әкелді. Бұл үрдіс­терден артта қалуға болмайды.

 

Әңгімелескен

Айнаш ЕСАЛЫ,