Қоғам • 19 Мамыр, 2021

Кәсіби біліктілік пен жауапкершілік – межеге жетудің кепілі

533 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

2020-2021 жылдардың қысқы маусымында «KEGOC» АҚ алғаш рет аномальды табиғи құбылыстармен бетпе-бет келді. Өткен күзгі-қысқы маусым қазақстандық энергетиктер үшін оңайға соқпады. Желілердің қызмет көрсетуін күрделендіре түсетін жылыту маусымының сынақтарына (мәселен, аяз, қар, боран) коронавирус инфекциясының таралу қаупіне байланысты туындаған шектеулер қосылды. Алайда, республиканың Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің Жүйелік операторы «KEGOC» АҚ 2020-2021 жылдарғы күзгі-қысқы кезеңді ойдағыдай аяқтағанын хабарлайды. «KEGOC» АҚ-ның Өндіріс жөніндегі басқарушы директоры Бақытхан Жазықбаев сұхбатын осы тақырыптың төңірегінен бастады.

Кәсіби біліктілік пен жауапкершілік –  межеге жетудің кепілі

– Әлбетте, жыл сайын қиын­дығы мен күрделілігі мол күзгі-қыс­қы кезең басталғаннан-ақ энер­гетиктер қауымы осы ма­шақаты көп айлардың сәтті өтуі­не алаңдайды. Жыл сайын жылыту маусымының сәтті аяқ­тал­ғаны жөнінде хабар беріп отыр­ғанымызға қуаныштымыз, – дейді Бақытхан Медеғалиұлы. – Әрине, қысқы кезеңге дайындық ерте көктемде басталады. Мәселен, былтырғы дайындық жұмыс­тарын 2020 жылдың сәуір айында бастап, «КЕGОС» АҚ энергия нысандарын алдағы қысқы кезеңге дайындауға кіріскен болатынбыз. Өткен жылы жалпы 603 электр желісі нысаны жөндеуден өтті. Соның ішінде – 95 электр беру желісі, 56 қосалқы станса жаб­дықтары, 100 ғимарат пен құ­рылыстар, 352 автокөлік және арнайы механизмдер бар. Нә­ти­жесінде, біз жоспарланған іс-ша­раларды 100 пайыз орындап шықтық. Сонымен қатар шығын материалдарының, қо­сал­қы бөлшектердің, конструк­ция­лардың авариялық қорын қалыптастыру сияқты маңызды сәттер ескерілді, сондай-ақ жа­нар-жағармай материалдарының түрлері және қажетті көлемі сатып алынды.

Нәтижесінде жұмыстардың негізгі көлемі жоспарланған мерзімде аяқталды. 22 қазанда Энергетика министрлігінің Атом­дық және энергетикалық қа­да­ғалау мен бақылау комитеті ком­паниямызға – «KEGOC» АҚ-на 2020-2021 жылдарғы күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлігі жөнінде паспортын тапсырды.

– Бақытхан Медеғалиұлы, республикада бір жыл бұрын енгізілген карантиндік шектеу­лер энергохолдингтің жұ­мы­сы­на қалай әсер етті?

– 2020-2021 жылдары күз­гі-қыс­қы кезеңде компания ұжы­­мы қысқы мезгілдің қатаң әрі жағымсыз факторларымен бет­пе-бет келгені белгілі. Сон­дай-ақ елімізде коронавирус ин­фек­циясының кең таралуына жол бермеу үшін карантиндік шаралар жағдайында электр энергиясымен үздіксіз қамту жұмыстарын ұйымдастыруға тура келді.

Сондықтан жоспарлы жөндеу-алдын алу жұмыстары елдегі эпи­де­миялық жағдайды ескере отырып жасалған кесте бойынша жүргізілгенін еске салғым келеді, барлық жұмыстар кәсіби деңгейде және жоспарға сәйкес жүргізілді.

– Жаңа жылдың алғашқы күндері Қазақстанның батыс өңірлерінде электр энер­гиясының апаттық өшуі орын алған болатын. Осы жайында кеңірек айтып бере аласыз ба?

– Өкінішке қарай, 2021 жылғы 10 және 15 қаңтарда «KEGOC» АҚ-ның Атырау және Маңғыстау облыстарында орналасқан филиалында – «Батыс ЖЭТ» 110-220 кВ жоғары вольтты жаб­дықтың жаппай ажыратылуы орын алды. Нәтижесінде, Қазақ­станның батысындағы бірқатар тұтынушылар мен бірнеше аудан тұрғындары біраз уақытқа электр қуатынсыз қалды, бұл халықтың әділ наразылығын тудырған болатын.

Оқиғаның себебін анық­тау үшін мемлекеттік комиссия құрыл­ды. Сарапшылардың қо­ры­тын­дысына сәйкес, техноло­гиялық бұзылыстар оқшаулаудың құрамында сульфат пен хлорид қоспалары бар электр өт­кізгіш шөгінділердің салдарынан бұзылуына байланысты туындаған.

Апат себептерін тәуелсіз зерт­теу жұмыстарын Г.Дәукеев атын­дағы Алматы энергетика және байланыс университетінің мамандары да жүргізді. Соны­мен, апаттың себептері табиғи құ­былыстардың салдары екен­дігін мамандандырылған уни­вер­ситеттің сарапшылары да растады. Яғни табиғат құбылысының әсерінен арнайы жабдықтың электр оқшаулағышы бұзылды. Қалың тұман мен мол жаңбыр салдарынан атмосфералық ылғал оқшаулағыштардың бетінде жиналып, соның салдарынан тоқ өткізетін қабат пайда болды. Бұл өкінішке қарай, компанияның энергия объектілерінде көптеген және жаппай «тәж разрядтар» тудырып, авариялық ажыратуларға әкелді.

«KEGOC» АҚ ұжымы осындай құбылысқа алғаш рет тап болды және бұрын мұндай аварияларды жою тәжірибесі болған емес. Бірақ энергетиктер сыни-қатерлі сәтті абыроймен атқарып, тұтынушыларымыз­ды электр энер­гиясымен қам­ту­ды қалпына келтірді. Тіпті Энергетика ми­нистрі Нұрлан Ноғаев екі апат­тың салдарын жою бойын­ша қатардағы энергетиктерге жұмыс істеуге тура келген күрделі жағдайларды атап өтіп, олардың қажырлы еңбегі үшін алғыс білдірді.

Өткен күзгі-қысқы кезеңде «адами фактор» деп аталатын авариялар байқалмағанын ерекше атап өткім келеді. Керісінше, барлық құрылымдық бөлімшелер мен барлық деңгейдегі қыз­мет­кер­лер­дің үйлесімді жұмысы ава­рия­лық-қалпына келтіру жұмыс­тарын қысқа мерзімде аяқтауға мүм­кіндік берді. Бұл үшін әріп­тестеріме алғыс білдіргім келеді.

– Болашақта осындай оқиға­лардың қайталануына жол бермес үшін қазіргі уақытта қан­дай шаралар атқарылуда?

– Кез келген штаттан тыс жағ­дай әрдайым мұқият тергеу тақырыбына айналады. Мақ­сат – болашақта негізгі ұйым­дас­тырушылық және техни­ка­лық шараларды әзірлеу. Қазір­гі уақытта «KEGOC» АҚ тұ­тыну­шыларды энергия­мен үздіксіз қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді шешу аясында Атырау және Маңғыс­тау облыстарында ғана емес, сон­дай-ақ барлық өңірде өнер­кәсіп­тік тұтынушылар мен халық­ты электр­­мен жабдықтаудың сенім­ді­лігін арттыру бойынша қо­сым­ша іс-шаралар жүргізуде.

Компания «Қазақстан БЭЖ Батыс аймағының электр желі­сін күшейту. Электр желілік объек­тілерді салу» жобасын іске асыруда. Аталған жобаны жүзе­ге асыру республиканың БЭЖ Батыс аймағының – Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарының тұтынушыларын электрмен жабдықтаудың өткізу қабілеті мен сенімділігін кемін­де екі есе арттырады. Былай­ша айтқанда, жалпы ұзындығы 775 шақырымдық 220 кВ «Орал – Индер – Қарабатан – Теңіз» екінші транзитінің құрылысын жоспарладық, сондай-ақ 220 кВ «Орал» қосалқы стансасы қайта жөндеуден өткізіледі, 220 кВ «Құлсары», «Теңіз», «Индер», «Бейнеу» қосалқы стансалары кеңейтіледі, «Қарабатан» тарату пункті салынады. Ауқымды жоба шеңберінде жергілікті электр стансаларында генерациялайтын қуаттардың елеулі көлемін авариялық ажырату кезінде резервтеу есебінен желінің өткізу қабілетін арттыратын бірқатар басқа да іс-шараларды іске асыру болжанып отыр.

– Естуімізше, бұл компания­да ұлттық энергия жүйесінің сенімділігін арттыруда жүзеге асырылып жатқан жалғыз жоба емес?

– Шынында да, қазіргі уақытта KEGOC мамандары компанияның барлық филиалында әуе желілерін (ӘЖ) мерзімінде қайта жаңар­ту жұмыстарын жүргізуде. Мыса­лы, «Ақтөбе ЖЭТ» және «Батыс ЖЭТ» филиалдарының 24 объектісінің 18-іне құрылыс-монтаждау жұмыстары жасалуда. Жоба жүзеге асырыла бастағалы бері 2029 шақырым ӘЖ-нің 950 шақырымы, оның ішінде биыл – 100,7 шақырымы қайта жөндеуден өтті.

Кестеге сәйкес, «Ағадыр», «Алматы», «Атырау», «Бейнеу», «Боран», «Жезқазған», «Қаратау», «Құлсары», «Теңіз», «Орал», «Кентау» және ОҚМАЭС қосалқы стансаларында жоғары вольтты жабдықтарды ауыстыра отырып, тарату құрылғыларын реконструкциялау бойынша жұмыстар іске асырылуда.

Көріп отырғандарыңыздай, Қазақстан Ұлттық электр торабы қызметінің сенімділігін арт­тыруға және еліміздің барлық өңірлеріндегі тұтынушыларын электр энергиясымен қамтуға іркілістер мен кедергілер әкелуі мүмкін технологиялық авария­ларға жол бермеуге бағытталған жұ­мыстардың үлкен көлемі жүргізілуде.

Сөз соңында, қазіргі уақытта «KEGOC» АҚ 2021-2022 жыл­дар­ғы күзгі-қысқы кезеңдегі жұ­­мысқа дайындық бойынша жөн­деу-алдын алу жұмыстарына кіріскенін және компания ұжымы барлық қазақстандықтарды өмір­лік қажетті электр энергия­сымен қамтамасыз ету үшін қолдан кел­геннің бәрін жасайтынын айтқым келеді.

 

Әңгімелескен

Думан АНАШ,

«Egemen Qazaqstan»