Оқиға • 20 Мамыр, 2021

Тың еңбектер – Түркі әлеміне тарту

332 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордада Халықаралық Түркі академиясының және Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, Түркі кеңесі жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметовтің жаңа кітаптарының тұсаукесері өтті.

Тың еңбектер –  Түркі әлеміне тарту

Алқалы жиынға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев, сондай-ақ депутаттар, белгілі ғалымдар қатысты. Іс-шара Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлінің төрағалығымен өтті.

Тұсаукесер рәсімін ашқан Мем­ле­кеттік хатшы Қырымбек Көшербаев «Бүгін ұлт мұраты мен ұрпақ келе­шегіне қызмет ететін үш бірдей кітап­тың тұсауын кесіп отырмыз. Бұл мазмұнды, зерделі зерттеулердің авто­ры – Әділ Ахметов. Көрнекті ға­лым­ның оқырмандарға ұсынып отыр­ған «Түркі әлемінің ырым-тыйым­дары», «Колумб дәуірінен бұрынғы аме­рикалық «үндістердің» алтайлық тегі», «Ғасырлар ғибраты» еңбектері қазақ руханиятының бай қазынасын еселеп, жұртшылықтың ғылыми құндылықтарымызға деген құрметін арттырып отыр деуге әбден болады. Хәкім Абай «Адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді» демекші, табиғатында зерттеу тақырыбын талғаммен таңдап, кіріскен ісін тереңнен қазып, түбірлі әрі түбегейлі нәтижеге қол жеткізбей тыншымайтын Әділ Ахметовтің бұл салада ізденіп жүрге­ніне бірнеше жылдың жүзі болды», деді.

Сондай-ақ Қырымбек Көшер­баев ғалымның түбі бір түркі әлемінің ділі мен тарихына терең бойлап, Азияның бір қиырындағы сахалардан бастап, Еуропадағы гагауздарға дейінгі аралықта мекен ететін 40-қа тарта халықтың ырым-тыйымдарын ғылыми бағытта жүйелеп берген еңбегі туралы да сөз етті.

Дархан Қыдырәлі Алтайдан тамыр тартатын ата тарихымызды Америка-
дағы үндістермен жалғап, түпкі санамызды ырым-тыйымдар арқылы ескі ұғымдармен байланыстырған Әділ Ахметов тарихымызды әріге апарғанын айта келе, кітаптарды таныстырып өтті.

Халықарлық Түркі академиясы әзірлеген «Түркі әлемінің ырым-ты­йымдары» атты монографияда автор түркі халықтарының түрлі тыйымдары мен тыйымдық қағидаларға негізделген жосын-жоралғыларын, әдеп рәсімдерін жан-жақты сараптап, тыйымдық ұғымдардың түсіндірме сөздігін ұсынған. Ал «Ғасырлар ғиб­раты» кітабына жаһанданған әлемнің гео­саяси келбеті мен егемен еліміздің әлемдік геосаясаттағы дара жолын ай­шықтайтын сараптамалық мақалалары топтастырылған. Сонымен қатар ғалым­ның «Бұрынғы америкалық «үндіс­тердің» алтайлық тегі» атты кітабында алғашқы америкалықтардың арғы тегі ғана емес, мәдениеті де Еуразия кеңістігімен, соның ішінде Орталық Азия аймағымен сабақтас деген батыл тұжырым жасалған.

Жиын барысында ғалым Әділ Ахметовтің Қазақстанның білім және ғылым саласына қосқан үлесі туралы да айтылды. Мемлекеттік хатшы оның ғалымның тәуелсіздіктің елең-алаңында еліміз­дің білім жүйесін заманға сай ұйым­дас­тыру стратегиясын дайын­дағанын еске алып, «Әдекеңмен кеңесе отырып әлемдік білім кеңістігіне шы­ғуға талпынғанда елдік бағыт пен ұлт­тық менталитетті естен шығармауға ты­рыс­тық», деді.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Әділ Ахметовтің еліміздің білім сала­сындағы елеулі еңбегін айта келе, оның ректорлық қыз­метіне, білікті мамандарды даярлаудағы үлесіне тоқталып өтті.

Ал Қуаныш Сұлтанов «Әділ Ах­метов – қиын-қыстау кезеңде де қыз­мет­тің қы­ры­нан өтіп, жаңылыспай келе жатқан тұл­ға», дей келе, қызметтес бол­ған кезінен естеліктерін сөз етті.