Білім • 20 Мамыр, 2021

Үш ауысымды мектеп мәселесі өзекті

1002 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ақтөбе қаласындағы үш ауысыммен оқытылатын № 12, 53, 60, 63, 64, 68 орта мектептері ғимараттарының жанына жапсарлас құрылыс салуға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, жобалау жұмыстары басталды. Соған қарамастан алдағы үш айда қосымша ғимараттар құрылыстары аяқталмауы себепті №12, №60, №64 мектептері үш ауысымдағы оқуды жалғастыра береді. Ал Шалқар, Темір, Қарғалы аудандарында үш ауысымды үш мектептің жүктелімін азайту үшін жаңа мектептер құрылысы басталды.

Үш ауысымды мектеп мәселесі өзекті

Бүгінде өңірдегі 405 мектеп ғима­ра­ты­ның жартысынан көбі жарты ғасыр бұрын салынған. Соның ішінде 1950-1990 жылдар аралығында салынған 255 мектеп, 1951 жылға дейін тұрғызылған 19 мектеп бар. Бұлардың басым көпшілігі ең алыс ауылдарда орналасқан ескі мектептер. Кезінде ата-әжелері білім алып, қазіргі уақытта немере-шөберелері оқып жатқан осы оқу орындарының көбі, бір қабатты, іші тар, кірпіштері көнеріп, тек қабырға-терезелері жаңартылғаны болмаса, жаңа заманның игілігі келмеген білім ошақтары. Олардың ішінде қамыс, саман, шикі кірпіштен тұрғызылған, іргетастары әбден шөккен 6 мектеп бар.

Биылғы жылдың есебінде облыста төрт апатты мектеп тіркелген. Олардың ең алдында Мұғалжар ауданының Құм­­жарған, Қобда ауданының Тері­сақ­қан, Әйтеке би ауданының Ком­со­мол, Шалқар ауданының Бозой орта мектептері күрделі жөндеуді күтіп тұр. Өткен жылы Шалқар ауданындағы Бозой орта мектебінің қабырғалары жа­ры­лып, арасынан саңылау түскенде қыс ішінде осы мектептің мұғалімдері ең бірінші болып дабыл қақты. Өңірдегі ғасырға жуық тарихы бар ескі білім ошақтарының міз бақпай тұрғанына қарамастан, 1997 жылы ғана салынған Бозой мектебінің қабырғасының тесіліп жатқаны мүлде түсініксіз. Мектептің өте апатты жағдайға жеткені туралы тұр­ғындардан арыз түскен бойы жөн­деу жұмыстары үшін өткен жылдың бюджетінен қаржы қарастырылып, жобалық-сметалық құжаттары дайындалып болғанда, жөндеу жұмыстарына жауапты мердігер жөндеуге жатпайды деп жұмыстан бас тартты. Іргетасынан бастап сөгіліп жатқан ғимаратты қан­ша жерден жөндеп-жамаса да, 500-ден астам оқушының өміріне қауіп төне­тін­дігі ашық айтылған соң 2 мыңға жуық тұрғыны бар шалғай елді мекенде жаңа мектеп салынатын болды. Шалқар ауда­нының ең шалғай нүктесіндегі ауыл­дың мұғалімдері мектеп төбесі құлап, балалардың үстін басып тастай ма деген қорқынышпен биылғы қысты өткерді.

Биылғы қаңтарда бекітілген 2020-2021 жылға арналған облыстық бюджетте 13 мектеп құрылысы қарастырылған. Оның қатарына «сақалды мектеп» жобалары да кірді. Бұл дегеніңіз, 2018 жылдан бері жыл сайын жоспарланып келе жатса да, салынбай қағаз кү­йін­де қалған құрылыстар. Олардың қата­рында Байғанин ауданындағы Жаңатаң, Бұлақтыкөл орта мектептері, Мұғалжар ауданындағы Құмжарған, Темір ауданындағы Шұбарши орта мек­тебі, Шалқар қаласындағы 320 орын­дық мектеп, Қарашоқат орта мекте­бі, Қарғалы ауданындағы Бадамша орта мектебі, Ақтөбе қаласындағы «Шилісай-1», Нұр-Ақтөбе тұрғын үй ала­бын­­­дағы №4 шағын аудандағы 1 мың орын­дық жаңа мектеп кірген. Өткен жылдың желтоқсанында Есеп комитеті Ақтөбе қаласындағы «Шилісай-1» және Нұр-Ақтөбе алабындағы жаңа шағын аудан­да салынатын екі мектептің 2 млрд теңгеден астам қаржысына сұрау салып дабыл қақты. Мұнымен бірге Есеп комитеті Ақтөбе облыстық прокуратурасы бюджеттік бағдарламалардың орындалуына байланысты 70 қылмыстық істі жауып тастады деп дабыл қақты. Алайда осы кезге дейін облыстық проку­ра­тураның Есеп комитетінің тексеру қоры­тындысына қандай жауап бергені белгісіз.

Биыл Ақтөбе облысында жалпы бюджеті 4,4 млрд теңгені құрайтын 13 мектептің құрылысы басталмақ. Оның ішінде типтік үлгіде жобаланған тоғыз мектеп бюджет қаржысымен салын­са, қал­ған үшеуі жеке қаржының есебі­нен бой көтереді. Bi-Group компания­сы Мәртөк ауданы Кеңсахара елді мекенінде 100 орындық құрастырмалы-модульды мектеп құрылысын бастайды. Мұның бюджеті – 734 млн теңге.

Білім және ғылым министрлігі елі­міз­де тұңғыш рет модульды құрастыр­ма­лы мектептер құрылысы басталатынын, оның жарқын үлгілерін Ресей, АҚШ, Финляндия, Әзербайжаннан көруге болатынын мәлімдеді. Бала саны 100-ден аспайтын мектептер үшін өте ыңғайлы құрастырмалы құрылыстың артықшылығы, қандай да бір елді мекен жабылар болса, модульды жинап алып, басқа елді мекенге көшіріп тез орнатуға болады. Қазақстанның қысы ызғарлы, азынаған желі көп қатаң климаттық жағдайында модульды мектеп құрылысы қалай болады деген күдік те жоқ емес. Қысқасы, биыл мектеп құрылысындағы жаңашылдық деп жарнамаланған модульды мектептердің бірі Ақтөбе облысында Мәртөк ауданының Кеңсахара елді мекенінде салынатыны анық болды. Мұнымен бір кезде Мұғалжар ауданы Ембі қаласында 660 млн теңгеге типтік үлгідегі 320 орындық мектеп құрылысы басталмақ. Облыстық мәслихат депутаттары Bi-Group жоспарлаған 100 орындық мектеп пен 320 орындық мектеп шығындарының айырмашылық себебін түсіндіруді сұрады. Bi-Group Кеңсахара мектебіне сапалы құрылыс материалдарын пайдаланып қана қоймай, мектеп ішін заманауи жабдықтаумен, құрастырмалы модульдық мектепті басқа мекенге көшіруге де ыңғайлылығымен түсіндіріп отыр. Қазіргі уақытта бала саны аз, көгілдір отынмен қамтамасыз етілмеген жырақтағы елді мекендер тұр­ғындарының жаппай көшіп кетпеуі үшін бала­лары оқитын жылы да шағын мектеп, сапалы және жылдамдығы жоғары Интернет байланысы керек.

 Аймақтарда мектеп құрылыстарында ортақ өлшемдер сақтала бермейді. Мәселен, Білім және ғылым министрі бекіткен стандарттар бойынша типтік үлгідегі мектептің әр шаршы метріне 312 мың теңге жұмсалады. Алайда құры­лыс­тарды жобалауда осы өлшемнің қан­шалықты сақталатынын облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұр­лыбек Өнербаевтан сұрағанбыз. Оның айтуынша, мектеп құрылысында ортақ өлшем жоқ, әр мектеп әртүрлі баға­ла­нады деп жауап берген. Дегенмен де, мектеп құрылысының әр шаршы метріне 312 мың теңге жұмсалуы тиіс деп БҒМ бекіткен нормативтің сақ­тал­майтындығын 100 орындық мек­теп бюджеті 420 орындық мектеп құ­ры­лысынан бірнеше есе асып түсуі­нен де көрінеді. Әлеуметтік нысандар құ­ры­лысына жауапты бюджеттік бағ­дар­­ламалар операторлары салынатын ны­­санның жалпы ауданы мен оның әр шаршы метріне жұмсалған шығынды бюджет жобасында көрсетпейді.

Білім және ғылым министрлігі өткен жылы еліміз бойынша мектеп құры­лы­сына бөлінген 87 млрд теңгенің 18,5 млрд-ы игерілмей қалғанын немесе басқа мақсаттарға жұмсалып кеткенін жария­лады. Биыл елімізде мектептер құры­лысына 97 млрд теңге бөлінді. Соның ішінде Ақтөбе облысында биыл 13 мектеп, 2022 жылы – 17, 2023 жылы –13, 2024 жылы – 3, 2025 жылы 4 мектеп салы­натыны жоспарға енгізілді. Биылғы жылдың өзгешелігі, ендігі жерде мектеп құрылыстары тұрғылықты жердегі бала санына байланысты жоспарланып, қай жерге қандай мектеп салуды жергілікті әкімдіктер шешетін болды. Сонымен қатар барлық деңгейдегі депутаттар мектеп құрылыстарын бақылауда ұстамақ.

 

 Оқушыларға обал болды

 Ал 2021-2025 жылдарған арналған облыстық бюджеттің шығыс бөлігінің тең жартысын білім саласы құраса, бұл жерде де заң бұзушылықтар көп кез­де­седі. Nur Otan партиясы жанындағы Білім және ғылымды дамыту жөніндегі өңір­лік қоғамдық кеңесінде білім сала­сын­дағы сапаны қамтамасыз ету депар­таменті басшысы Бұлбұл Күзем­баева облыстағы 86 мектепке жүргізген тек­­серіс қорытындысын жариялады. 2020 жылы жүргізілген тексерісте 207 заң ­­бұзу­шылық анықталып, соның ішін­де 171 заң бұзушылық тікелей оқу процесін ұйымдастыру мен 36-сы ма­териалдық-техникалық базаның нашар­лығын көр­сет­ті. Көпшілігінде пән­дік кабинеттер болмаған, мектеп шеберханалары, әскери дайындық кабинеті жасақталмаған, спорт залы, асхана жоқ, денсаулық ұйымымен шарт жасалмаған. 25 мектеп пен бір колледж­де сабақ беретін пәніне біліктілігі сәйкес келмейтін 82 педагог анықталған. Рес­пуб­­ликада оқушылары халықаралық олим­пиадаларда топ жарып, сапалы біліммен ерекшеленетін Ақтөбе облысы оқушыларының білім деңгейінің соңғы жылдары төмендеп кеткені туралы аз айтылып жүрген жоқ. Оқушылардың білім жетістіктерін бағалайтын PISA Халықаралық зерттеу 2019 жылы 4, 9, 11-сынып оқушылары арасында математика мен жаратылыстану пәндері бойынша жүргізген тест тапсырмалары негізінде Ақтөбе облысындағы мектеп оқушыларының білім деңгейінің төмендігін көрсетті. Атап айтқанда, 14 облыс пен Нұр-Сұлтан және Алматы қаласы мектептері бойынша Ақтөбе облысының мектеп оқушылары оқу сауаттылығынан 9-шы, математикадан 9-шы, жаратылыстанудан 11-орында тұр. Соның ішінде қала мектептері ауыл мектептеріне қарағанда математикадан төмен нәтиже көрсеткен. Білім сапасының нашарлау себебін педагогтер жаңартылған білім бағдарламасының енгізілуінен көреді. Оқушылар жаңа рейтингтік бағалауға да, жаңа оқу бағ­дарламасына да үйренісе алмай жатыр деген жауапты естідік. Ал шындық бас­қаша. Білім деңгейінің төмендеуі, әсіресе математика, физика, химия, жаратылыстану пәндері бойынша анық байқалды. Бұған кім кінәлі? Мұғалімдер мен оқушылардың жаңартылған білім бағдарламасына үйрене алмағандығы ма, мұғалімдердің білім деңгейлерінің төмендегені ме немесе мұғалімдерді жұмысқа қабылдаудағы жемқорлықтың салдары ма? Әлі күнге дейін өңірдегі 405 мектептің барлығын жылдамдығы жоғары Интернетпен қамтамасыз ете алмай отырғаны тағы бір шындық. Осындайда 700 миллионға 100 орындық мектеп салғанша, алыс ауылдарға жыл­дамдығы жоғары Интернет орнатпай ма деген ой келеді. Өйткені дарынды балаға сауатсыз мұғалімнен дәріс тың­дағаннан гөрі Интернеттегі сапалы курс­тар­дан өз бетінше оқыған әлдеқайда пайдалы.

 Міне, кезекті оқу жылының аяқ­тал­уына да санаулы күндер қалды. Жаз бойы зерделейтін, зерттейтін тақы­рып­тың негізі білім сапасын арттыру мәселесі болуы тиіс. Балалардың білім деңгейін көтеру үшін не істейміз? Биыл­ғы­дай репетиторлық орталықтарды жаға­­лаймыз ба, әлде барлық айыпты пан­демияға артып қана өз-өзімізді алдар­қатуды жалғастыра береміз бе? Әлемде білім мен инновацияда түбе­гей­лі төң­керістер болып жатқан елдер көшіне ілесу үшін не істеу керек? Оқу тоқсаны аяқталса да, осы мәселелер түбегейлі зерт­теуді талап етеді. Өйткені білім сала­­сына құйылған қаржының есебі көп болса да, қайтарымы аз болып тұр. Шындығы сол, білім саласына, соның ішінде Ақтөбе облысындағы жеке­мен­шік мектептерге құйылған қар­жының қайтарымын ешкім сұрап жатқан жоқ.