Туризм • 20 Мамыр, 2021

Табиғатқа кесірі тимейтін туризм Қазақстан Альпі клубының алғашқы қадамдары

457 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елімізде туризмді табыс көзіне айналдыруға қатысты көкейкесті мақсаттармен қатар, Қазақстанның таулы аймақтары, әсіресе Алматы тау бөктері идеоло­гиялық және экономикалық шайқастардың орнына айналғаны қашан?! Табиғат қорғаушылар мен кәдімгі қарапайым азаматтар табиғи нысандарды эконо­микалық айналымға қосу үшін мемлекет пен бизнестің табиғи аумақтарда «заманауи қонақүйлер» мен «глемпингтер» салу әрекеттеріне наразылық білдіріп жүр.

Табиғатқа кесірі тимейтін туризм Қазақстан Альпі клубының алғашқы қадамдары

Таулардағы туризмді дамыту мәсе­лесінде экологтердің де айтар уәжі жет­­кілікті. Алайда Алматының даму әле­уеті туризм саласында екенін ешкім жоқ­қа шығармайды және мұндай туризм қазынаға ақша әкеліп қана қоймай, ең алдымен табиғатқа зиян тигізбейтін дамыту моделін табу қажет. Яғни Алматыдағы туризмді дамыту туралы армандардың жолында талай әрекеттер жасалынып-ақ жатыр. Соның қазіргісі Еуропалық үлгімен құрылған Қазақстандық Альпілік Клубы (Kaz Alpine Club). Қызметіне енді кіріскен клуб та елдегі экологиялық туризмді үздік әлемдік стандарттар бо­йынша дамыту мен табиғатты қорғауға жәрдемдесуді көздейді.

Қазақстандық Альпілік Клуб бел­гілі спорт­шылар, кәсіпкерлер, қоғам қай­­рат­керлерінің бастамасымен құры­лып отыр. Олардың арасында Бағлан Жүнісов, Райымбек Баталов, Елена Ер­за­кович, Тимур Дүйсенғалиев, Ажар Жан­­досова, Артем Скопин, Қажым Жұма­­лиев, Вадим Винокуров сынды іс­­кер адамдар бар. Жарты жолда қала­тын кейбір жоба­лардың жолын құш­па­са, жоғарыдағы түйт­кілдерді шешу жо­лындағы аталған Клубтың да мақ­сат-мүд­делері аз емес.

Жарқын келешекте Қазақстандық Альпілік Клубының жоспарында таулы аумақтарды дамыту жобаларын әзірлеу мен іске асыру барысында тұрақты туризм қағидаттарын және экология­лық практика мен технологияларды енгізу мін­деті тұр. Сонымен қатар тау-кен инфра­құрылымын дамыту жобаларын дайындап, іске асыруда қазіргі заманғы эко­логиялық тәсілдерді енгізуі тиіс. Оған қоса Қазақстан тауларында бірегей турис­тік өнімдерді ілгерілете отырып, тау­лы аумақтарда ішкі және халықаралық ту­ризмді ақпараттық сүйемелдеу мен танымал етуді қоса атқарулары қажет.

Ал жуық арада ҚБС салу, ұялы опера­торлардың ретрансляторларын орнату, тау гидтерін/құтқарушыларды дайындау арқылы таудағы қауіпсіз­дікті қамтамасыз ету, барлық қажетті инфрақұрылымы бар Транс Іле Ала­тауының бірегей соқпағын жасау міндеті тұр. Бұл тірліктер турис­тер үшін онлайн платформа мен мо­бильді қосымшалар­ды әзірлеуден бас­талмақ. Аталған жоба­лардың бар­лығы Алматы қаласы мен Алматы облы­сы­ның әкімдіктерімен және Алматы Тау клас­терінің бірлескен жоба­лық кеңсесімен бірлесіп іске асырылатын болады.

Қазіргі күндері Kazakh Alpine Club жергілікті және шетелдік сарапшылармен бірге Қазақстанның таулы аумақтарында туризмді дамытудың Жол картасын жасап, оны Алматы және Алматы облы­сының әкімдіктеріне ұсынған. Әрине, туризмге қатысты әлі бітпеген істі бұған дейін де талай рет тізбектеп шыққанбыз. Ал оған дейін Алматыда туристердің қауіпсіздігі қамтамасыз етілген бе деген сауалды алға тарту керек.

Бұл мәселеде таяу күндері ғана мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев БАҚ өкіл­деріне қала қонақтарының қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мен таулы бағыт­тарды абаттандыру шаралары ту­ралы баяндаған еді. Қалай атасақ та, Алма­тының әрбір екінші қонағы – шетелдік турист. Пандемияға қарамастан, өткен жылы Алматыға 163 мың шетелдік қонақ келген көрінеді. Қала тұрғындары мен қонақтары арасында ең танымал демалыс түрі – тауда серуендеу. Пандемия барысында таулы аймақтарға бару төрт есе өскен.

Қала тұрғындары мен қонақтарының уақыттарын қауіпсіз әрі жайлы уақыт өткізуі үшін қажетті жағдайлар жасалып жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, адамдар көп жиналатын таулар мен ұлттық саябақтардың, демалыс орындарының инфрақұрылымы біртіндеп реттеліп жатыр.

Қазірдің өзінде 1 мың шақырым тау­дың жаяу соқпақтары цифрландырылды, 500 шақырымы абаттандырылды. Шымбұлақта, Медеуде визит-орталықтар ашылды. Осындай орталықтар Аюсай шатқалы мен «Горельник» термалды бұлағының жанында жұмыс істей бас­тады. Медеуде, Республика алаңында, Халықаралық әуежайда және Республи­ка сарайының жанында туристік поли­цияның 4 пункті ашылды.

Туристердің қауіпсіздігі үшін ұялы байланыстың аймақтары кеңейтіледі. Бұдан өзге, Кіші және Үлкен Алматы шатқалдарында 2 бақылау-құтқару бе­кеті, Тұйық су қыратында тікұшақ ала­ңы, таулы бағыттардың шеткі тораптық учас­­келерінде туристер паналайтын 15 ла­шық салынады. Сондай-ақ құтқару топ­тарына сигнал беру үшін дабылды бас­тырмалары бар 10 радиорелейлі ба­ған орнатылады.

Аюсай шатқалында жайлылық пен қауіпсіздікті арттыру үшін визит орта­лық салынды, мұнда туристер қажет ақпаратты, тауда жаяу серуендейтін та­уар­ларды, кәдесыйлар мен азық-тү­лікті ала алады. Жоба – санитарлық-гигие­налық орталығы, тамақтану пункті, жаз­ғы террасасы және ақысыз Wi-Fi бар ту­­ристік ақпараттық орталық, мұнда әр турист туристік бағыттар, соқпақтар, ұлт­тық парктегі нысандардың байланыс мәлі­меттері туралы ақпарат ала алады.

Визит орталықта қауіпсіз демалыстың негіздерін түсіндіру үшін жабайы таби­ғаттың «Тамыр» мектебі ашылған. Ерік­тілер мен кәсіби альпинистер ақысыз дәрістер оқиды. 700 турист қауіпсіздік және табиғатты қорғау бойынша оқы­тудан өтті. Белсенді 20 қала тұрғыны ерік­тілер қозғалысының көшбасшысы бо­лып, Ұлттық паркті көгалдандыруға, тау жолдары мен алаңқайдағы тәртіпті сақтауға көмектеспек.

Үлкен Алматы шатқалындағы Іле-Алатауы ұлттық саябағында экологиялық туризмді дамыту жобалары да алға жылжып жатқан жайы бар. Визит орталықта ақпараттық қызмет пен санитарлық-гигиеналық қондырғыны орналастыру қарастырылған. Консультанттар серуен­деу ережесі, бағыттар және ерекше орын­дар туралы айтып береді. Сонымен қа­тар Үлкен Алматы өзенінің келбетін та­машалауға болатын көру алаңы жаб­дық­талады. Басты талап – ауыз су көзі мен іргелес аумақтың экологиялық теңге­рімін сақтау.

Алматы тау кластерін дамыту аясында кейінгі 4 жылда 1000 шақырымнан астам таулы бағыттар цифрландырыл­ды, оның ішінде ұзындығы 500 шақы­рым болатын 36 бағыт абаттандырылды. Цифр­ландырылған бағыттар Интернет же­лісінде және оффлайн режімінде GPS Ranger және 2Gis навигаторларында қолжетімді. 2021 жылы қосымша 172 шақырым тау соқпағын жақсарту жос­парланып отыр.

Бағлан Жүнісов,

альпинист, іскер:

«Kazakh Alpine Club-тың ең басты міндеті – outdoor белсенділікті дамыту­ға бейжай қарамайтын адамдарды бірікті­ру, табиғи ресурстарды қорғау, туризм­ді дамыту, жастарды тарту және оқыту, осы қоғамдастықтың әлемдік трендтерге қатысу, мемлекеттік құрылымдар­дың құ­қықтары мен талаптарын қорғау және бар­лық деңгейлерде қоғамдастық қаты­су­шыларының құқықтарын сауатты қор­ғау сияқты негізгі міндеттер үшін ұйым­­ды жүйелі және жоспарлы түрде құру».

Райымбек Баталов,

«Вело­френдс» қорының негізін

қалаушы, іс­кер:

«Kazakh Alpine Club еуропалық Альпі клуб­та­рының үлгісі бойынша құ­рылған, онда қалың жұртшылық табиғи аумақ­тарды қорғау және дамыту үшін бірігеді. Клуб­тың барлық мүшелері экология­лық тепе-теңдікті сақтауға және туристік орын­дарды қорғауға және абаттандыруға кете­тін жарналарды төлейді. Осылайша, әр тұрғын табиғи аумақтың «қожайыны» болады және оған мұқият қамқорлық жасайды. Біз бұл идеологияны – табиғатқа өз үйі ретінде қарауды Қазақстанда әлі де дамыту қажет екенін түсінеміз, бірақ қоғамды шетін экологиялық мәселелерді талқылауға және шешуге осындай тәсіл­дің тиімді екеніне сенімдіміз».

Тимур Дүйсенғалиев,

Қазақ­стан­дық Альпілік Клубының

құрыл­тайшысы:

«Тау-кен Омбудсмені ретінде біз олар­дың бастамашыларының меншік нысанына қарамастан, ұлттық табиғи парк­тердің аумақтарын қоса алғанда, тау-кен аумақтарын игерудің барлық жоба­ларын заңды, ашық және жария талқы­лауды қамтамасыз ету үшін аккредит­теу, сондай-ақ салалық және қоғам­дық кеңестерге кіру арқылы барлық мемле­кеттік және өзге де құрылымдармен ын­ты­мақтасатын боламыз».