Спорт • 20 Мамыр, 2021

Власов – үздіктер қатарында

127 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бұл күндері велоспорт жанкүйерлерінің назары Италия тас жолдарына ауып тұр. Өйткені Апеннин түбегінде велоспорттан бейресми әлем чемпионаты саналатын «Тур де Франс» жарысынан кейінгі орында тұратын әйгілі «Джиро д’Италия» көпкүндігі өтіп жатыр. Гранд-турдың 10 кезеңі артта қалса да, жалпы есептегі көшбасшылар әр күн сайын өзгеруде.

Власов – үздіктер қатарында

Былтыр пандемияға байланысты қазан айында өткізілген әйгілі жарыс биыл дәстүр бойынша әдеттегідей мамыр айында басталды. 104-мәрте ұйымдастырылып жатқан осы жылғы жарыста 23 команданың 184 велошабандозы өнер көрсетуде. Олардың қатарында жыл сайын ірі жарыстарда жоғары орындарға қол жеткізіп жүрген қазақстандық-канадалық Astana-Premier Tech клубы да бар.

Велокөпкүндіктің атауы «Джиро д’Италия» болғанымен, жарыс Ита­лия­дан бөлек, Словения және Швейцария тас жолдарында да ұйымдастырылады. Туриннен бастау алып, Миланда өз мәресіне жететін бәсекеде велошабандоздар жалпы ұзындығы 3479,9 шақырым жолды жүріп өтуі тиіс. Бүгінде жарыстың 10 кезеңі артта қалып, спортшылар аталған қашықтың тең жартысына жуық жолын басып өтті. Әзірше, жалпы есепте 24 жастағы колумбиялық велошабандоз Эган Берналь көш бастап келеді. 9-кезеңдегі таулы жолда алдына жан салмаған Берналь мәре сызығын өзгелерден бұрын кесіп, кезең жеңімпазы атанды. Ол – 10 кезеңнен кейінгі жалпы есепте көш бастаған төртінші велошабандоз. Алғашқы үш кезеңде италиялық Филиппо Ганна күлгін жейдені кисе, кейіннен бірде-бір кезеңде жеңімпаз атанбаған тағы бір италиялық спортшы Алессандро Де Марки екі кезең бойы топ басында болды. Сондай-ақ Де Марки сияқты үздіктер қатарынан көрінбеген мажарстандық Аттила Вальтер де үш күн қатарынан жалпы кезеңде көш бастады.

Ал Astana-Premier Tech клубын Апен­нин түбегіне капитан ретінде бастап барған 24 жастағы ресейлік велошабандоз Александр Власов 10 кезең­нен кейін жалпы есепте үшінші орында келеді. Ол күлгін жейде иесі Эган Бернальдан бар-жоғы 22 секунд артта тұр. Әлі алда 11 кезең бар еке­нін ескерсек, жағдай сан мәрте өзгеруі әбден мүмкін.

Жалпы «Астана» капитаны «Джиро д’Италия» гранд-турына осымен екінші мәрте қатысып жатыр. Дегенмен оның осы жарыстағы былтырғы дебюті аса сәтті бола қойған жоқ. Себебі вело­көп­күндіктің алғашқы екі кезеңінен кейін денсаулығына байланысты жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болып еді. Осылайша өзінің алғашқы гранд-тур бәсекесін соңына дейін жалғастыра алмаған-ды. Міне, араға жыл салып ресейлік спортшы Италиядағы жарысқа команда капитаны ретінде келді.

«Джиро» алдында Александр Власов Astana-Premier Tech клубының баспасөз қызметіне биылғы жарыс туралы өз ойын білдіріп, суперкөпкүндікте жақсы нәтиже көрсетуге тырысатынын айтқан еді.

– Былтырғы «Джиро-2020»-да екін­ші кезеңнен кейін жарыстан шығып қалған соң, өзімді Италияда бастаған ісім аяқ­талмай қалған сияқты сезініп жүрмін. Осы жарыстағы басты мақсатым – бірінші кезеңнен бастап, соңына дейін жа­рақатсыз жүріп өтіп, әр кезеңде барын­ша жоғары нәтиже көр­сету. Биыл­ғы додаға қатысып жатқан спорт­шы­лардың қатарында әлемнің ең үздік және тәжірибелі бірнеше шабандозы бар. Десе де үздіктермен жарысуда аянып қал­май­мын. Миланда өтетін жарыстың фина­лында қай орында болатынымды бәсеке соңында көре жатармыз», деген еді А.Власов.

­Әзірге Александрдың биылғы «Джиро д’Италиядағы» жорығы жаман емес. Алғашқы екі кезеңде өзін жақсы қырынан көрсете алмаған ресейлік велошабандоз үшінші кезеңнен бас­тап үздіктер қатарына қосылды. Бірінші кезеңдегі қысқа, бірақ жоғары жылдамдықпен Туринде өткен жекелей жарыста 11-орынға ие болса, 179 шақырымға созылған екінші кезеңде мәреге 47-ші болып жетті.

Биелле мен Канале қалаларын жалғаған үшінші кезеңде Astana-Premier Tech сапынан бұл кезеңде италиялық Фабио Феллини үздік болды. Фабио мәре сызығын 17-ші болып кесті. Ал Власов болса, бұл кезеңді небәрі 41-ші орынмен түйіндеді. Дегенмен уақыт көрсеткіші жағынан тәуір нәтижеге ие болған ол осы кезеңнен бастап ТОП-10 спортшының қатарына қосылды. 5-кезеңде алтыншы, ал 6-кезеңде төртінші орынға көтеріле алды. 6-кезеңдегі толассыз жауған жаңбыр мен ауа температурасының төмендеуі және үш асуы бар бұл кезең барлық велошабандоз үшін нағыз сынақ болды. Жарыс соңына дейін фавориттер тобында болған Александр Власов мәреге 10-шы болып келді.

Кейінгі екі кезеңде де Власов жарыс жолын көшбасшылармен бірге жү­ріп өтіп, жалпы есептегі 4-орнын сақ­тап қалды. Ал алғашқы 10 күндіктің 9-шы кезеңі велоспортшылар үшін ең тартысты жарыс күні болды. Себебі Кампо Феличе асуында мәресіне жеткен таулы кезең «Джиро д’Италияның» бас классификациясына айтарлықтай өзгерістер алып келді. Astana-Premier Tech командасының капитаны бұл күні мәреге үшінші болып келіп, супер­көп­күндіктің жалпы есебінде 3-орынға көтерілді.

Сейсенбі күні тынығып алған ве­ло­спортшылар кеше қайта жарыс жолына шықты. Вело­шабандоздарды алда бес таулы, бір орта деңгейдегі таулы, төрт жазық кезең және бір қысқа қашықтағы спринт жарысы күтіп тұр.