Спорт • 20 Мамыр, 2021

Абзал азаматты еске алды

411 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Мәдениет және спорт сарайында дзюдодан жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия кубогы өз мәресіне жетті. Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қазақстанның барлық өңірінен келген балуандардың басын қосқан жарыс белгілі қоғам қайраткері, білікті басшы, атымтай жомарт Бекет Махмұтовты еске түсіруге арналды.

Абзал азаматты еске алды

Жас кезінде самбомен шұғылданып, спорт шебері дәрежесіне дейін жеткен Бекет Сапабекұлы Кеңес Одағы тұсында түрлі салада басшылық қызметтер атқарды. Заманның аумалы-төкпелі кезеңінде бизнеске бет бұрды. 1993 жылы Қазақстан бокс федерациясының тізгінін ұстаса, 1998 жылы АИБА-ның вице-президенті болып сайланды. Сол кездері спорттың осы түрі бойынша жерлестеріміз толағай табыстарға қол жеткізді. Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарындағы жеңіп алған түрлі-түсті медальдардан бөлек, ғаламдық доданың ең үздік былғары қолғап шеберіне тиесілі Вэл Баркер кубогының біздің жігіттерге бір емес, бірнеше мәрте бұйырғаны да есімізде. 2009-2012 жылдар аралығында Б.Махмұтов республикалық Дзюдо федерациясының президенті, көп ұзамай Азия конфедерациясының вице-президенті қызметтерін атқарды. Дәл сол тұста күрестің бұл түрінде биік белестерді бағындырдық. Бір сөзбен айтсақ, айтулы азаматтың Қазақстан спортының өркендеуіне сіңірген еңбегі орасан зор. Бекет ағамыз былтырғы жылдың 14 сәуірінде 81 жасқа қараған шағында дүниеден озды. 

Бекет Махмұтовты еске түсіруге арналған дәстүрлі турнирді тамашалау арқылы елімізде аса дарынды дзюдошылардың қалың шоғыры өсіп келе жатқанын аңғардық. Бұл әңгіме ұлдарға қатысты. Мәселен, жас­тар арасындағы жарыста өз салмақ дәрежесі бойынша топ жарған Шерзод Давлатов (60 кило), Серікбол Естай (73 кило), Аян Байғазы (81 кило) және Ермахан Әнуарбеков (90 кило) сынды балуандарды қалай мақтасақ та жарасады. Олардың бойынан жеңіске деген ерекше құлшыныс анық аңғарылды. Барлығы да өздерінің өжеттігімен, табандылығымен және техникалық арсеналдарының молдығымен оқшау­ланды. Сонымен қатар әр белдесу барысында олар дәп бір сақа спортшылар секілді өте сауатты тактика ұстанып, қарсыластарын алып та, шалып та жықты. Осындай көріністерді көріп, көңіліміз кәдімгідей марқайып қалды. Ал қалған үш салмақта Өзбек­стан­ның өрендері бас жүлдені олжалады.

Өкінішке қарай, көңілге кірбің түсірген жайттар да қылаң берді. Қазіргі кезде елімізде әйелдер дзюдосы ақсап тұрғаны баршаға мәлім. Сол секілді қыздардың да жағдайы мәз емес екен. Мәселен, жеті салмақ дәрежесі бойынша өткен белдесулердің тек үшеуінде ғана қазақ балуандарының бақ жұлдызы жанды. Жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілу бақыты Мөлдір Бейсенова (57 кило), Роза Нұсантайқызы (70 кило) және Әсел Бисенбай (70 кило) сынды бойжеткендерге бұйырды. Сонымен қатар, өзбектің үш аруы және қырғыздың бір қызы алтыннан алқа тақты. 

Жасөспірімдер арасындағы са­йыста да дәл сондай көріністің куәсі болдық. Біздің ұлдар сегіз салмақтың алтауында алдына жан салмады. Атап айтсақ, Санжар Әли (50 кило), Талғат Орынбасар (55 кило), Аян Байкенжеев (60 кило), Акбар Алтай (66 кило), Нұржан Бисенов (81 кило) және Дамир Ахет (+90 кило) Алматы татамиінде қарсылас шақ келтірмеді. Бас жүлденің екеуі Қырғызстан мен Өзбекстанға кетті. Ал қыздарымыздың өнері көңілімізден шықпады.  Жерлестеріміздің арасынан тек Сабина Юлдашбекова (40 кило) мен Аружан Ережепованың (52 ки­ло) алтын тұғырға көтерілуге күш-жі­гері жетті. Тағы бір салмақта Қырғыз­станның өкілі жеңіс тойын тойласа, бас жүлденің бесеуі Өзбекстаннан келген бұрымдылардың қоржынында кетті.