Руханият • 20 Мамыр, 2021

Қазақ бапкерлеріне қойылған ескерткіш

541 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұйыртса, бүгін бұл кітаптың тұсауы ресми кесіледі. Көзге көріне бермейтін, көрінсе де көп елене бермейтін, қалтарыста қалыңқырап қоятын бапкерлер мен жаттықтырушылардың қажырлы еңбегін бағалауға арналған бұл кітап – «Қазақтың 72 бапкері» деп аталады. Жыл басында баспа бетін көріп, оқырманына жол тартқан осы бір бағалы еңбектің авторы – қарымды қаламгер, белгілі спорт тарихшысы Қыдырбек Рысбек.

Қазақ бапкерлеріне қойылған ескерткіш

Амангелді Қияс «Egemen Qazaqstan»

Қырық жылға таяу жиған-тергенді қайта бір қарап, 3 жылғы тынымсыз еңбектің нәтижесінде дүниеге келген кітап бұл. Қазақ спортының кейінгі 75 жыл тарихын қамтитын осы бір құнды дүние, ұлы даланың даңқын асқақтатқан дарабоздарды даярлап, жеңіске жетуіне тікелей дәнекер болған бапкерлерді оқырмандарына  жеке-жеке таныстыруға бел буғандай. Ел ерекше ықылас танытқан бұл еңбек соңғы қос ғасырдағы таңдаулы 120-дан аса бапкер мен олардың 500-ден астам шәкірті туралы деректер мен материалдардың басын қосады.

Бүтіндей бір ғылыми-зерттеу институтының белін қайыстырар мехнаты мол шаруасын жалғыз өзі мо­йынына алған Қыдырбек ағамыз еңбекқорлық пен табандылықтың, ыждаһаттылық пен ұқыптылықтың арқасында оны ойдағыдай атқарып шығып, оқырманына олжа салды.

Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай: «Бұл – бапкерлерге қойылған ескерткіш» деп лайықты бағасын да берген еді. «Дүркіреген, дүбірлеген додалар – көз бен көңілді бірдей  арбайтын спорт дүниесінің бергі жағы ғана. Ал оның ар жағында мыңдаған саңлақтарды осы аламанға жанын сала баптап, қылыштай қайрап әкелетін жүздеген бапкерлердің  жанкешті маңдай тері, ізденісі, сұрапыл тірлігі жатыр», деп жазады ол кісі өз алғысөзінде.

 Қазақ бапкерлеріне арналған кітап жарыққа шыққанға дейін Қыдырбек ағамыздың «Қазақ балуан­дары», «Қазақ боксшылары», қос томдық «Қазақ олимпиадашылары» деректі жинақтары, сонымен қатар «Дәулет», «Сұрмерген», «Бекзат», «Берікқазы», «Тұрлықан Қасенұлы» кітаптары да өз оқырмандарын тауып, көпшіліктен өз бағасын  алып үлгерген еді.

 Ал жолы да, жөні де бөлек «Қазақтың 72 бапкері» кітабы спорт тарихындағы белді жаттықтырушылар туралы жазылған тұңғыш толымды кітап деп бағалануда.

Осы орайда кітап авторы Қыдырбек Рысбек ағамыз былай деп ой өрбітеді: «Бұл кітаптарға шыққан адамдардың бәрімен жақсы араластым. Тек екеуімен ғана сөйлесе алмадым. Оның біреуі – 1969 жылы қайтыс болған Октябрь Жарылғапов, екіншісі – 1996 жылы қайтқан Кеңес Омарұлы. Кітапқа әр кейіпкердің суретін ертең біздің ұрпағымыз 50-100 жылдан кейін мақтанып айтып отыратындай етіп әдейі түсірткіздім. Ұлт тарихын уақытында жинақтап, тасқа басып отырмасақ, ертең көп нәрсе көмескі тартып, талай тұлғаларымыз ұмыт болары сөзсіз».

Расында да, ұлттың ұпайын түгендеп жүрген ұстаз-бапкерлер ұмыт қалмасы үшін үлкен жоба қолға алынды. Алдағы күндерде де жалғасын табады деп үміттенеміз.

Жұлдызды табу да, оны жарқыратып жағу да оңай шаруа емес. Мұны бапкердің бапкері ғана ойдағыдай атқара алса керек-ті...

...Өлшеусіз төгілген маңдай тердің өтеуіндей болған өте бір құнды дүние осылайша өз оқырманына жол тартты. Ақ жолын тілейік, ағайын!