Аймақтар • 20 Мамыр, 2021

Түркістан облысында есірткі сатумен айналысқан 6 күдікті ұсталды

354 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысының полицейлері есірткі сатумен айналысқан алты бірдей күдіктіні бір тәулік ішінде ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Түркістан облысында есірткі сатумен айналысқан 6 күдікті ұсталды

Төлеби аудандық полиция бөліміне бірнеше жергілікті тұрғындар аудан көлемінде есірткі затын сатумен айналысатыны жөнінде хабарлама түскен. Аталған жайт ҚР Қылмыстық Кодексінің 297-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша тіркеуге алынды.

«Заңмен тыйым салынған есірткі затын дайындап, сатуы мүмкін тұрғындарды анықтап, қылмысты ашу мақсатында Түркістан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Төлеби АПБ-ның тәжірибелі тәртіп сақшыларынан арнайы топ құрылды.

Полицейлер жедел-іздестіру шараларына бірден кірісіп, қылмыстық істі соңына дейін жеткізу үшін жан-жақты жүйелі жұмыстар атқарылды. Тәртіп сақшыларының екі ай бойы күні-түні іске асырған тыңғылықты тексеру жұмыстарының нәтижесінде, күдіктілердің жеке-басы анықталды», делінген хабарламада.

Осылайша есірткі затын сатумен айналысты деген күдікпен бір тәулікте алты ер адам тұрғылықты мекенжайларынан ұсталып, АПБ-ға жеткізілген. Олардың барлығы жергілікті тұрғындар, оның ішінде төртеуі бұрын сотты болған. 

«Күдікті деп танылған ер адамдардың үйлеріне тінту жүргізу кезінде, үшеуінің үйінен қағазға оралған есірткіге ұқсас зат тәркіленді. Сараптама қорытындысымен айғақты зат ретінде алынған заттың біреуінің салмағы 44 грамм, екіншісі 26 грамм, үшіншісі 18 грамды құрайтын марихуана екендігі белгілі болды», дейді облыстық Полиция департаменті.

Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ ұсталғандар қамауға алынған.