Әдебиет • 21 Мамыр, 2021

Жазу тақталары

373 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ қоғамының бүгінгі күрмеулі мәселесінің бірі – оқу. Анығырақ айтқанда, оқырманның қазақ көркем шығармаларын оқуы. Бұл мәселенің айтылып жүргеніне көп жыл болды һәм айтыла беретін секілді. Қаламгердің «тәтті тамұғынан» буырқанып шық­қан шығармасы оқылмаса, автордың да жағдайы мүшкіл. Әйтсе де, жазуға жаралған жандар жазбай кете ала ма? Ол мүмкін бе?..
Әдеби сауалдамамыздың кезекті қонағы – жазу стилі ерек Дидар Амантай. Дәстүрлі сұрақ: не жазып жүрсіз?

Жазу тақталары

– Жалпы, біз не жазып жүрміз, қай мәнерде, кім тұрғысында, құраған сөй­лем баяндай ма, суреттей ме, талқы­лай ма, қайсында бейтараптылық көп, не­сін­де пафос басым, фальш қайдан туа­ды, арзан дүние қайтіп мәтін ішіне кіре­ді, жағдайдың шырқын, жағымды – жағым­сыздың көркін, қалыптасқан қарым-қатынастың еркін, қақын бұзып, жан-жағын жайпап, сайыпқыран ер­дің бейнесіне күйе жағып, қаһарман образдың өміріне ойран салып, жалған сөйлеп, қорытындыға көлеңке түсіріп, тұнығын лайлап, кеңістігін жайлап, уақытында сайран құрып, іздеген ізгі ниетін ізімен жойып, өсірген жақсылық өскінін қынадай қырып, ой өрісінде опасыздар өріп жүреді, шынайылықтың тілеуін тілеп, адалға жақ, арамға қас боп өмір сүргенде... автор, жазушы жазып жатып оқырманға жолдаған уақиғаның, сорын қайнатты.

Уақиға – мағына тудырушы, қарым-қаты­нас құралы тіл – жеткізуші. Сөйлем­нің реті – көркі емес, мағына шарты. Мәтін сөйлемдерден тұрады, сөйлем – сөз­дерден, сөз – таңбалардан. Бір таңба – бір әріп – бір дыбыс. Сосын, бір тәр­тіп. Демек бір­неше дыбыстың таңба­лануы акус­тикалық образды құрайды, акус­ти­калық образ түсінікті белгілейді.

Шығарма тақырыбын атауынан көреміз, бірақ автордың аты-жөні қан­шалықты қажет, Чехов әңгіменің басы мен соңын қиып алу керек деген өсиет айтты, мен, керісінше, кіріспесі мен күрмеуін қалдырып, ортасын ойып алып тастау қажет дер едім.

Түсініксіздік табиғаты, сипаты қаса­қана не әдейі көрсетілуі тиіс емес, бірақ көмескі мәтін анық сөйлемнен артық.

Сөзде метафора ғана терең. Біржақты метафора жоқ. Мета­фора – сан қырлы. Әде­биет анық­тамаға көнбейді, анық­тамақ әрекеті – неғайбыл. Ол төл заңы­на ғана бағынады.

Ақылды ойдың ғұмырын шексіз мәтін, күңгірт мәні ғана ұзарта алады. Он сегіз мың ғаламда он сегіз мың өнер бар.

Өнердің ақиқаты қашанда – солқыл­дақ, он екі өрім қам­шы­дай, қай қырымен тисе де ащы.

Әлемтануда, тіпті, адамтануда, әдеби тілден гөрі әншейін тілдің (Ахмет Байтұр­сынұлы) қа­рымы да, қабілеті де зор. Фи­ло­­софияда мойындалған, ғы­лымда дәлелденген, ескі ақиқат, таңғалып қажеті бар ма екен.     

Біз білмейтін шығармыз, білуіміз де, әсте, мүмкін емес. Әдебиет дегеніміз не, басына туған бір заманға да төтеп бере алмады, жұрт кітап оқуын доғарып еді, қаламгердің тоз-тозы шықты, бірақ сонда да, көмектесіп әлек­піз, қолдауға тырысамыз, құр­метіміз айғақ, құшағымыз ашық, алайда сұрағымыз көп, біз оны қалай түсініп жүрміз.

Әлде, әдебиет адамның өзі ме, жоқ, қо­ғам­дық қатынастардың айнасы ма, мүм­кін, салдары шығар, дәлірек, себебі ме.

Расында, біз әдебиеттің не екенін білмей жазамыз. Біліп жазу да шарт емес. Әрі жаза алмай жүргеніміз білмеген­дік­тен емес, қоғамның көңілі суыды, оқыр­ман кітаптан алыстады, ажырады, енді – танымайды.

Бейтаныс оқырман, біз енді сені маза­ламаймыз, жазбауымыз да мүмкін, бұрын жазған рақат еді, қазір жазбаған да бақыт, ешкімге тәуелді емессің, көзімізді сатып, көмек іздеп жүр­мейміз, өнерді айтып өрек­пігенді де тоқтатамыз, біз, жазушы қауым, тарихқа кеттік, бұ жақтағы тарихты біз жазып болдық, енді о жақтағы тарих қызықтырады, бірақ қай жолмен, қандай соқпақпен өтпекпіз, «қалай туғанымыз есімізде жоқ, қалай өлетініміз тағы белгісіз» (Герман Мелвилл, Алек­сандр Солженицын), «өлім тәжірибесі» кім­де бар (Альбер Камю), пенде баласы өлім­нен қаймықпайды, бей­бақ өмір­ді қимайды, ой­дан шар­шадық, шығар­ма­шылық мех­наттан қажыдық, заттай тоздық, айтпақшы, өнер қазаны қа­был­­­дамағанымен, ажалды мойын­­да­мағанымен, табиғатын түсін­бегенімен ұлы (Осип Мандельштам).

Мені қазіргі уақыт қалып­тасып отырған жағдайлар жазудан да қатты ойландырады, үрейлендіреді, мазалайды.

Көне Мысырда атақты адамның абы­рой-беделін түсіру мақсатында қойыл­ған ескерткішіне жасаған қателік­терін тізіп жазып қояды екен, тақтаға түскен бұл жазулар бүгінгі заманға дейін жетті, ол бейбақтар енді біздің алдымызда да масқара болды.

– «Оқырман кітаптан алыстады» деген алаңыңыз, әрине, орынды. Дегенмен, жас ұрпаққа, жақсы күндерге сенейік.