Қазақстан • 21 Мамыр, 2021

Егіс науқанын қаржыландыру аяқталды

340 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда биылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру аяқталды. Бұл жұмысты «Аграрлық несие корпорациясы» жүргізді.

Егіс науқанын қаржыландыру аяқталды

Биыл 2 611 ауыл кәсіп­ке­­ріне 70 млрд теңге көле­мін­де бюджеттік қарыз беріл­ді. «Кең дала» кредит беру бағ­дар­ламасы бойынша жыл­дық 5 пайызға дейін жеңіл­детілген мөлшерлемемен 3,3 млн гектар алқаптағы жұмыс­тар қаржыландырылды. Өтінім­дер­дің басым бөлігі әдеттегідей Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақ­мола, Түркістан облыстарынан келіп түскен. Мәселен, Түркістан облысының өзінде биыл 1 438 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші жалпы сомасы 5,7 млрд теңге болатын жеңілдетілген қарызды алды.

Корпорация 2016 жылдан бастап көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарының ірі қар­жылық операторы болып саналады. Бұл мақсаттарды іске асыруға республикалық бюджет­тен жыл сайын жеңіл­де­тіл­ген қарыз түрінде қаражат бөлінеді. Былтырдан бері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын өткізу сомасы 70 млрд теңгеге дейін ұл­ғай­тылды.

«Кең дала» бағдарламасының нәтижесінде фермерлер егін егу науқанын уақытында бастауға мүмкіндік алды. Пестицидтер мен тыңайтқыштарды, сапалы тұқымдар мен жанар-жа­ғар­майды, ауыл шаруа­шы­лы­ғы техникасын жөндеуге арналған қосалқы бөлшектерді сатып алуға айналым қаражатын то­лық­тырды. Қарыз жылдық 1,5 па­йыздан бастап, соңғы қарыз алушы үшін жылдық 5 пайыздан аспайтын жеңілдетілген пайыздық мөлшерлеме бойынша беріледі.

Көктемгі дала жұмыс­та­ры­ның маусымы өте қысқа уа­қытты қамтиды. Шектеулі мер­­зім ішінде кредит беру кезін­де шаруашылықтар мен агро­құрылымдардан түскен өті­німдердің үлкен ағыны қа­лып­та­сады. Мысалы, биыл 2 611 өтінім берілген. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 7 пайызға артық.

Кредит беру мерзімдерін барынша жеделдету және қолжетімділігін арттыру, сон­дай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің көп бөлі­гін қамту мақсатында Аграр­лық несие корпорация­сы қорландыру арқылы басқа қаржы институттарының мүм­кін­­діктерін пайдаланады. Бұл қатарда 30 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өнді­ру­ші­ні біріктіріп отырған екінші деңгейлі банктер, микроқаржы ұйымдары және 217 кредиттік серіктестік бар.

Биыл 70 млрд теңгенің 63 млрд теңгесі қаржы институтта­рын қорландыру арқылы бөлін­ді.