Қазақстан • 21 Мамыр, 2021

Елбасы және Еуразия университеті

572 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясындағы ерекше тарихи датаның бірегейі – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдығы. Елорда және ЕҰУ елдігімізді баянды етіп, Қазақстан жолының жаңашыл білім-ғылым мазмұнын байытып тұр. Рас, білім де, ғылым да – ел азаттығының сенімді тірегі, мызғымас өзегі. Астана көшер алдында Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев: «Тарихымыздың жалғасы, өміршең істеріміздің арнасы бұдан былай да жаңа астанада жалғасын таба беруі тиіс» деген еді. Елбасының айтқаны айнымай келіп, кешегі Астана, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласынан өңірлерге дейін тарайтын өміршең істердің білім-ғылым бағыты көшбасында Еуразия ұлттық университеті жүрді. Еңбекпен абыройы артты, түлекпен беделі өсті.

Елбасы және Еуразия университеті

Бүгін 25 жылдық мерейлі белеске көтерілген Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ширек ғасырлық шежіресін осы оқу орнының әр жылдардағы ректорлары А.Құсайынов (1996-2000), М.Жолдасбеков (2000-2004), С.Әбдіманапов (2004-2008), Б.Әбдірайым (2008-2011), Е.Сыдықов (2011 жылдан бері) талдап-таразылайды.

 

Университет іргетасы

Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлт­тық университетінің дү­ние­­ге келуіне себепші – халық­тың ар­маны, Елбасының көре­ген­дігі, зия­лы­лардың ниеті. Цели­н­о­­град пе­да­гогикалық институ­ты мен Це­лино­град құрылыс ин­же­­нер­лері институты басында Ақ­­мола аймақтық университеті бо­лып бірікті. Бізге бірнеше сала­лық техникум мен училище де қо­­сыл­ды. Осы оқу орнына Еуразия мәр­­тебесі берілгенде, ұжым болып қуандық. Алғашқы күннен бола­­шақ жаңа астанадағы жетек­ші уни­­вер­ситеттің білім-ғылым-мәде­ниет бағытындағы концепциясын даяр­ладық. Оны қабылда­ған соң, «Еуразия» ғылыми-зерт­теу институты мен халықара­лық бағыттағы мамандықтар­ды аштық. Жаңа мәртебе алған оқу жылы-ақ 30-дан аса ғылым докторын, 40-қа жуық ғылым кандидатын қабылдаппыз.

Тағы бір қолға алған жұмысы­мыз – спорт пен саламат­ты­лық. КСРО және республика чем­пион­дарын қызметке алдық. Волей­болдан жоғары лигада ойнайтын қыздардың «Университет» командасын құрдық. «Еуразия» спорт кешенін жасақтадық. Му­зыка факультеті базасында фи­лар­мония, халық хорын, фоль­к­лор­лық ансамбль, үрмелі оркестр, халық аспаптар оркестрін құр­дық. Тұрақты көрме залын аштық.

Астананы Алматыдан Ақ­молаға ресми көшіру шарасы кезінде үлкен жүк Еуразия уни­вер­ситетінің мойнына түсті. Елорда көшкен бірінші лекте 300-дей мемлекеттік қызметкерді қабылдап, Тұңғыш Президент қолынан арнайы марапат алдық.

1997 жылы 9 сәуірде Елбасы мен Қырғызстан президенті Асқар Ақаевты қабылдадық. Тұңғыш Президент сол кездегі Ғылыми кеңес залы мінберінен: «Еуразия университеті Қазақстанның Гар­вар­ды болуға мүмкіндігі бар. Сіз­д­ерді жаңа астананың ғылымы мен мәдениетінің көшбасшысы ре­тін­де көргім келеді!» дегені де есі­мізде.

Осыдан соң аса мәртебелі қо­нақ­тардың университетімізге келіп, жастармен кездесуі дәстүр­ге айналды. Тез арада лауазымды қонақтарды қабылдайтын сал­танатты зал, арнайы сұхбат бөл­месін жасап үлгердік. Мұнда Румыния президенті Э.Конс­тантинескуді, Польша президенті А.Квасьневскиді, Беларусь прези­денті А.Лукашенконы, Украина­ның президенті Л.Кучманы қабылдап, ұжыммен кездестірдік.

Елбасы мен Үкімет төраға­сының қабылдауында болып, Еуразия университетіне жаңа бас корпус салу мәселесін орайлы шештік. Университет жанынан профессор-оқытушыларға арнап пәтер салу мәселесі де мақұл­данды.

Ғылым саласында 4 заманауи зерт­хана аштық. Тұңғыш рет «Еура­зия ғылыми форумын» өт­кіз­­дік. Тарихи тұлғаларға байла­ныс­­ты ғылыми конференциялар, танымдық шаралар өткіздік. Қа­зір­­гі Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» орталығы әу баста біз­­­дің базамызда ашылды. Уни­вер­­­­ситет кітапханасын өңірлік ғы­­лы­­­ми-әдістемелік орталық дең­­­гейі­­­­не көтердік. Төрт сала бойынша тұң­­­ғыш рет диссертациялық кеңес ашып, ғылыми мектептер қа­лып­­тас­­­тыра бастадық. Бұл тізім­­ді әрі қа­­рай да жалғастыра беруге болады. Мысалы, Президент Әкім­­ші­лігі, Үкімет пен Парламент жаңа елор­­даға көшіп келген жылдары Еура­зия университеті шын мә­нін­­­де ел­дің өркениетті деңгейін көр­­се­те­т­ін тәжірибе алаңына айналды.

 

Амангелді ҚҰСАЙЫНОВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

 

Жауапты кезеңде

 

Елдің жаңа астанасындағы бірегей жоғары оқу орны – Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия университетіне ректор болып тағайындалуым жаңа елорда қалыптасуының аса жауапты кезеңіне сәйкес келді. Расында, Астана идеясының авторы Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев мың сан жұмы­сына қарамай, осы университеттің одан әрі дамуын жіті бақылап отырды. Үкімет алдына жаңа оқу-зертхана ғимаратын және заманауи жатақханалар тұрғызу мәселесін қойдым. «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия мемлекеттік университетінің 2001-2005 жыл­дарға арналған даму Тұжы­рым­дамасын» әзірлеп, жауапты да маңызды жұмысқа кірісіп кет­тік. Факультеттерді ірілендіріп, сала-салаға жинақтап, институт деп қайта жасақтадық. Ел мен елордаға қажетті мамандықтарды аштық. Дипломатия академиясын Еуразия университетіне қостық. Бұл үдеріс те оқу орнының беде­лін көтерді. Қазір әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген дипломаттар – бір кездегі біздің үміт үкілеген шәкірттеріміз.

Осы кезеңде Елбасымен бірнеше рет кездесіп, Еуразия университетін дамыту туралы кеңес алдым. Университетке ұлттық мәртебе берілуі – Нұр­сұлтан Әбішұлының елорда жо­ғары мектебіне деген айрықша қам­қорлығы. Астана тұрғызылып жат­қан шақта Елбасы шаршау деген­ді білмеді, күні-түні осы қала­ның әр іргетасы, әр кірпіші, әр ғи­мараты туралы ойлады десем, артық айтқандық емес. Бас қала­ның бас жоспарын талқылайтын жиын ай сайын өтіп жататын.

Тұңғыш Президент дәстүрлі ғылым мен білімді дамытумен бірге жастарды шынайы азаматтық пен отаншылдыққа тәрбиелеу, ұлт дәстүрі мен адам­заттық құндылықтарды құрмет­теу, жаңа бағыттарды игеру сынды қадау-қадау тапсырма берді.

Бүгінде Назарбаев универ­ситеті білім-ғылым саласында қандай жетекші рөл атқарса, 2000 жылдардың басында Еуразия ұлт­тық университеті сондай көш­басшы қызметке ие болды. Осының барлығы әлемдік деңгейдегі ғылым мен білім кеңістігіне шығуға қабілетті Қазақстан жастарын даяр­лау туралы Н.Ә.Назарбаевтың жоспар-жобасы бойынша орындалды. Ол кісі әркез: «Еуразия университетін әлемдегі бәсекеге қабілетті оқу орнына айналдыру қажет. Жастар бойында сенім, өжеттілік, табандылық қасиетті қалыптастырыңдар. ТМД мен Орталық Азия ғана емес, Еуразия кеңістігі көлемінде алдыңғы қатарлы оқу орнына айналуды темірқазық етіп алыңдар!» деп, бізді жігерлендіретін.

2001 жылы Мәскеу мемле­кет­тік университетінің филиалын ашып, Испания, Жапония, Корея, Түр­кия, Беларусь, Голландия, Гер­ма­ния, Франция, Дания жетек­­ші уни­верситеттерімен ты­­ғыз бай­ла­ныс орнаттық. Таны­мал ғылым док­торларын шақы­рып, жаңа ғы­лыми мектептер қалып­тастырдық.

Ғылым бағытында да аянып қалмадық. «Ежелгі түркі өркениеті: жазу ескерткіштері» атты халықаралық ғылыми форум өткізіп, әлем түрколог­та­рын жинадық. Елбасының қолдауы­мен Қазақ елі астанасының қақ төріне – Еуразия университетінде көне түркі қолбасшысы Күлтегін ескерткішінің ғылыми көшірмесін орнаттық. Ескерткіштің ашылуы ел Тәуелсіздігінің жарқын белесі ретінде аталынып өтті.

Нұрсұлтан Әбішұлының ар­қасында Еуразия ұлттық универ­ситетінде ТМД елдерінің бірнеше халықаралық саяси форумы өтті. Саяси жиындар мен басқосуларды есептемегенде, 2000-2004 жылдары Елбасы университетімізге арнайы төрт рет келіпті. Біртуар кемеңгер тұлғаның әрбір келуі – ұжым мен студент-жастар үшін айтулы мереке, зор қуаныш болды.

 

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,

Мемлекет және қоғам қайраткері

 

 

Айрықша қамқорлық

Еуразия ұлттық университеті жаңа астананың білім-ғылым әлеуетіне негіз болу үшін ашылды. Тағдырымның ең бір тамаша кезеңі осы оқу орнымен байла­ныс­­­ты. Мұнда төрт жыл бірінші про­рек­тор, төрт жыл ректор болдым.

Сала басшылығы менің алдыма оқу орны құрылымдық бөлімшелер мен білім үдерісін ақпараттандыру, білім алушылар сапасын арттыру, халықаралық ықпалдастықты дамыту, Еуразия кеңіс­тігі университеттерімен ты­ғыз байланыс орнату мін­детін жүктеді. Осының бәрі Елбасы­ның сол кездегі білім-ғылым сала­­сындағы концептуалды тап­сыр­маларына сәйкес келді. Маман­дарды сапалы даярлауды қам­тамасыз ету үшін университеттің оқу-зертханалық базасын жаңар­ту­ға, жаңа оқулықтар мен оқу қ­ұ­ралдарын сатып алуға, инно­ва­циялық ғылыми жобаларды іске асыруға қомақты қаржы бөлінді. Біз сәт сайын Елбасының қамқорлығын сезініп отырдық.

2000-жылдардың басында студенттер жатақханасы жетіспеді. Шақырылған профессорлардың әлеуметтік мәселесін шешу мін­деті тұрды. Сондықтан шұғыл түр­де профессорларға арнап тұр­ғын үй кешенін салдық. Қысқа мер­зімде М.Жұмабаев көшесі бойы­нан «Студенттер үйін» тұр­ғызып, пайдалануға бердік.

Елбасының жаңа астананы тұр­ғызу бойынша батыл шешім­дерін қолдап, біз де алдымызға амбициялық міндеттер қойдық. Қазақстан мен бүкіл ТМД-да алғаш рет «Элиталық университеттік білім беру тұжырымдамасын (2005-2015 жылдар)», «2006-2010 жылдарға арналған Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетін дамытудың ке­шенді бағдарламасы» сынды қомақты құжаттарды қабылдап, елеулі жұмыстарды атқардық.

Қай бастамада болсын, қай елдік-ағартушылық істе болсын сүйенеріміз де, қолдаушымыз да Тұңғыш Президент еді.

2005-2007 жылдары шетел­дік танымал әріптес-универси­теттерді тарта отырып, елімізде алғаш рет заманауи магистрлер мен PhD докторларын даярлаудың инновациялық бағдарламасын жүзеге асырдық.

Университеттің алғашқы 10 жылдық мерейтойын – отандық жо­ғары мектептің жаңашыл белесі ретін­де атап өту біздің тұсымызда өткені де – тарихи және тағылымды оқиға болды. Бұл елдік шараның биік деңгейде атқарылуын Нұрсұл­тан Әбішұлы өзі тікелей бақылауына алды. 

2006 жылы 26 мамырда Ел­басы Еуразия ұлттық универ­си­те­тінің жаңа оқу-зертханалық ғимаратында Қазақстан жас­тарына арнап «Инновациялар мен оқу-білімді жетілдіру арқы­лы – білім экономикасына» атты тарихи дәріс оқыды. Ұлт көш­бас­шысы Еуразия ұлт­тық уни­вер­ситетін «отандық жо­ға­ры білім флагмандарының бірі» деп ба­ға­лай отырып, жастарға былай де­­ген еді: «Әрқайсыларыңның жа­­на­рың­­нан жаңаны білуге, жасам­паз­­­дық­қа деген құмар­лықты, даму­ға де­­ген жауапкер­шілікті мойын­ға алу­­­­­ды көргім келеді. Қазақ­стан­ның бә­­­­се­­­к­еге қабілеттілігі материал­дық баю­­­­ға ғана емес, ұлттың руха­ни ба­­юы­­­­на жеткізуі тиіс екенін түсін­­сең­­­дер дей­мін. Білім саласы – ұлт­тық қа­уіп­­­сіз­дігіміздің құрамдас бір бөлігі».

Біз тарихи сәттерді «Еуразия университеті және Еуразия әлемі», «Президент Нұрсұлтан Назарбаев және Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университеті» ат­ты кі­тап­тарда хаттап көрсеттік.

 

Сәрсенғали ӘБДІМАНАПОВ,

педагогика ғылымдарының докторы, математика профессоры

 

Мемлекетшілдік жолмен

2008 жылы Елбасы бізді, ұлттық жеті университеттің ректорын арнайы өкіммен таға­йын­даған салтанатта: «Әлем­дік қатал бәсекелестікте жастарды жаңа­шылдыққа жұмылдырып, ғалым­дардан сапалы қызмет пен дәрісті талап етіңдер. Ұлттық деген атқа лайық болыңдар!» деген еді. 

Тапсырылған мемлекетшіл жұмыстарды ұжыммен бірле­сіп атқарып шықтық. Ғылыми ке­ңес­те білікті ғалымдардың ба­сын қосып, ақылдаса отырып, жос­паржоба қабылдадық. Мұның бәрі білім мен ғылым саласын жаңа сапаға жеткізуге, білім және оқу-әдістемелік бағдарламалар мен ішкі құрлымдарды әлемдік озық тәжірибелерге сай жүйелеуге бағытталатын.

Бірінші кезекте заман сұра­нысына орай жаңа факультеттер мен кафедралар, ғылыми зерттеу институттарын ашуды, білім беру мен ғылыми зерттеу жұмыстарын заманауи арнаға түсіруді қолға алдық.

Бас ғимараттың акт залына «Тұңғыш Президент аудиториясы» деген атау беріп, әлем­ге танымал қоғам қайраткер­лері мен ғалымдарды, мәдениет тұлғаларын, Нобель сыйлығы лауреаттарын шақырып, жүздеген маңызды басқосулар, жиындар өткіздік.

Оқу орны сапаланып, жа­ңаруы үшін оқытушы-ғалым­дар­ды дамыған елдердің универ­си­тет­теріне, ғылыми орталық­тарына іссапарға, тағылымдамаға жібердік. Әлем Қазақ елін, оның мәдени-рухани мұрасын танысын деп, шетелдерде «Абай ор­та­лығын» аштық. Қазақ тілін­­дегі оқулықтардың санын арт­тыру үшін байқау ұйым­дас­ты­­рып, авторларына арнайы қаламақы белгіледік. Сапалан­дыру жұмысын университет кітапханасынан бастап, қажетті еңбектерді Еуропа елдерінен ал­дырт­тық. Мамандарды сапа­лан­­дырудың байқауын өткі­зіп, жа­лақыны көбейттік. Ынта­лан­дыру мақ­сатында әлемдік импакт-фак­торлы журналдарға мақа­ла жария­лаған ғалымдарға сый­ақы төлеу тәжірибесін енгіз­дік. Ғалым­дары­мыздың еңбегі тұңғыш рет Мем­лекеттік сыйлық­пен марапатталды.

Қазақстан мен Орталық Азияда бірінші болып әлемдік Times Higher Education – QS World University Rankings бәсе­кесінде топ бастадық.

Ірі компания басшыларымен меморандумға қол қойып, қажетті мамандарды таңдап алуына мүмкіндік туғыздық. Материалдық-техникалық базаны нығайуға ерекше көңіл бөліп, «Алтын белгі» атты Студенттер үйін, 9 қабатты тұрғын үйді пай­далануға бердік.

Елбасын Еуразия универ­ситетімен байланыстыратын тарихи оқиға – 2009 жылы 10 наурызда елордада біз ұйымдастырған Университеттердің Еуразиялық ассоциациясының ХІ съезі. ТМД мен әлемге беделді ұйым форумының  Қазақстанда тұңғыш рет өтуі ел абыройын көтерді. Оған 200-ге жуық ректор қатысты. Сол жолы Нұрсұлтан Әбішұлы: «Ықпалдастықты тек саясаткерлерге ғана сеніп тапсыруға болмайды. Қазіргі маңызды іс – еуразиялық ықпалдастықтың мәдени-гуманитарлық өлшемі. Біздің міндетіміз – бай интел­лектуалдық мұраны дамыту және жинақталған білімді барлық ай­мақтың жемісті өркендеуіне пайдалану», деген еді.

Тұңғыш Президенттің арнайы университетке келуі, әлем ректорларымен еркін сұхбаттасуы, Еуразия өңірін толғандырған проб­лемаларды ортаға салуы – шетелдік әріптестеріміздің көз алдында Қазақстан көшбас­шы­сының ғана емес, елдің абыройын көтерді.

 

Бақытжан ӘБДІРАЙЫМ,

заң ғылымдарының докторы, профессор

 

Интеллектуалдық белес

Елбасы Еуразия ұлттық университетінің негізін қалай отырып, астананы Ақмолаға ауыстырған кездегі ойы – жастар келешегінің қамы, өңірлердің тепе-теңдікте дамуына қамқор­лық десек қателеспейміз.

Бола­шақ елорда білімді, ақылды, зия­лы қала болуы керек, осы­ның бәрі айрықша миссиялы уни­верситеттің төңірегіне топтасқаны жөн деген Елбасы идеясы айнымай жүзеге асты. Нұрсұлтан Әбішұлы «Еуразия жүрегінде» атты кітабында Л.Н.Гумилев уни­вер­ситетін: «Астананың жоға­ры білім жүйесінде тағы бір маңыз­ды қадам жасалды. Білім ғана дү­ние­нің қозғаушы күші бола алмақ» деп сипаттауының мәні осында.

Елбасы жаңа еуразияшыл­дықтың жолын ғылыми-практи­калық тұрғыдан өрістетуде саясат пен білімге қатар иек артты. Соның нәтижесінде кешегі Астана, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласы да, Еуразия университеті де ұлан-ғайыр кеңістіктің, түрлі мемлекеттер тоғысының ортасында өңірлік тұрақтылық пен гуманитарлық үйлесімділіктің арқауы бола білді.

Бүгінде оқу орнының әлеуетін ҰҒА академиктері, Мемлекет­тік сый­лықтың, «Достастық жұл­дызы» сыйлығының лауреат­тары бастаған тәжірибелі профессор-оқытушылары құ­рай­ды. Келісім­шарт негізінде Ита­лия, Испания, Иран, Оңтүстік Корея, Түркия, АҚШ, Жапония т.б. ел­­дердің профессорлары дәріс оқи­­ды. Испандық Laboratorio de Inter­­net жоғары бағалаған универ­си­тет ғы­лы­ми кітапханасы 1,6 млн-нан астам кітап қоры бар Орта­лық Азия­дағы жетекші мәдени орталық.

Ширек ғасырдағы білім мен ғылым, маман даярлау мен қызмет көрсету саласындағы жетістігіміз 2012 жылы Президенттің «Алтын сапа» сыйлығымен, ТМД-ның «Үздік қызмет» сыйлығымен марапатталды.

Бүгінде біз – QS Top 50 Under рей­тингіне енген Қазақстан мен ТМД-дағы жалғыз жоғары оқу орны­мыз. Ал әйгілі QS World Uni­versity Ranking  рейтингінде әлемнің үздік университеттері арасында топ-300 қатарындамыз. Жоғары оқу орындары вебсайт­тарының әлемдік «Webometrics» рейтингінде де Қазақстан бойынша алдыңғы орындамыз. Academic University Ranking Performance Еуразия университетін Орталық Азиядағы жетекші оқу орны қатарына қосты.

Еуразия ұлттық университеті – елдің де, елорданың да интел­лек­туал­дық орталығы. Нұр-Сұл­тан қаласында өт­кен ірі фо­рум­дар, елдік конфе­рен­ция­­лар­дың ғы­лыми-концеп­туал­­­дық жұмыс­та­рын біздің ға­лым­­дары­­мыз ат­қа­рды. Ел тарихын­да алтын әріп­пен жазылған ЭКСПО-2017 халық­аралық көр­ме­сі­нің ғылыми-мәде­ни-біліми дәне­кер­лік шаралары­ның жуан орта­сында Еуразия уни­верситеті жүрді. Елбасы идеясымен дүниеге келген «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасын, ел тарихын жүйе­леу мен Абай мерейтойы шараларын жүзеге асырудың ғылыми  жоспарына белсене атсалыстық. Елбасы: «Еуразия универ­ситеті жағдайын әрқашан сұрап-біліп отырамын. Зерттеу университеті боламын деген та­лап­тарыңды толық қолдаймын. Инно­вациясыз ештеңе жоқ!» деп, ізгі тілегін жет­кізген-ді. Мемлекет басшысының мұндай сөздері бізді, әрине, жігерлендіре түсті. Уни­верситеттің 2021-2025 жыл­дарға арналған даму стра­тегиясында инновация, цифр­ландыру, халықаралық интегра­ция, әлеуметтік серіктестік, биз­нес­пен, кәсіпорындармен нәти­желі диалог мәселесін күн тәртібі­не қойдық. Технологиялар коммер­циа­лизациясы мен трансфер­ті де, инновациялық экожүйе, халық­аралық бәсекеге қабілеттілікті жетілдіру де ұмытылмады.

 

Ерлан СЫДЫҚОВ,

ҰҒА академигі