Аймақтар • 21 Мамыр, 2021

Жанға нұр, тәнге жылу берген...

522 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Адамның лайықты өмір сүруі үшін алдымен жылу, жарық, су жүйелерінің қалтқысыз жұмыс істеуіне кешегі дағдарыс жылдарында көзіміз әбден жетті. Ауадан кейінгі қажеттіліктер осылар. Бұлар болмаса қаладағы қараңғы үйде қалың киіммен бүрсеңдеп, өмірден түңілуге шақ қалады екенсің. Алайда үздіксіз келіп, жеткілікті болып тұрса, ешкім олардың қайдан, қалай келетінін елемей, назар да аудармайды. Тіпті «ақшасын төлеп жатырмыз, бізге жетіп тұрсын, басқасында шаруамыз жоқ» деген  асылық түсінік те бар. Дегенмен осылардың үйлерге қалай жеткізіліп тұратынын, оған қанша еңбек пен тер төгілетінін біле жүрген жөн. Оны іске асырып жатқан Елбасы Н.Назарбаевтың «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» бағдарламасында айтылғандай, «ауадан ақша жасауға ұмтылатындар» емес,  таза еңбегімен, кәсіби шеберлігімен, маңдайынан аққан тері сорғалап еңбек ететіндер. Мұндай жандарға әрқашан құрметпен қарау керек.  

Жанға нұр, тәнге жылу берген...

Биыл Солтүстік Қазақстанда қыс қатты болды. Ауаның температурасы қырық градустан асып, бірнеше күн қатарынан тұрып алған кездер жиі кездесті. Оның үстіне қар да қалың түсіп, облыс аудандары ғана емес Петропавл қаласының ішкі жолдарымен жүруді де  қиындатып жіберді. Әрине мұндайда жылу, су құбырларындағы, электр қуаты линияларындағы апатты жағдайларды жылдам жөндеу де оңай болған жоқ.

Осындай жағдайда қаланы жылумен қамтамасыз ету қызметі жақсы жұмыс істеп, тұрғындардың үйлерінде қалың киіммен бүрсеңдемей немесе қосымша жылытқыштар қосып мазалары кетпей, еркін тыныстап, жайлы жүрулеріне мүмкіндік берді. Қаланың жылыту маусымы аяқталуына байланысты айтқан қорытынды сөзінде шаһар басшысы Болат Жұмабеков жылу жүйелерінің жұмысын жоғары бағалады.

«Қаланың жылу жүйесіне қарайтын 4,5 мың ғимараттың, оның ішінде әлеуметтік саланың 188 үйінің бірде-бірінде суы қатқан немесе құбыры жарылған сияқты шектен шыққан апатты жағдай болған жоқ. Бұған қысқа дайындықтың мұқият жүргізілгендігінің арқасында қол жеткізілді. Жылу жүйелерінде 51 зақымдану тез арада жөнделіп, бітелген құбырлар ауыстырылды», деді ол.

Қазір жекеменшік кәсіпорындар, ондағы еңбек адамдары туралы жазу оларды жарнамалағандай болғандықтан халыққа қалтқысыз қызмет етудің үлгісін көрсетіп жүрген көптеген ұжымдар мен олардағы өзінің міндетін кәсіби шеберлікпен атқаратын қарапайым жандар ескерусіз қала береді. Осы олқылықтың орнын толтырып біз бүгін қаланың байырғы кәсіпорындарының бірі − «Петропавл жылу жүйелері» ЖШС-ның бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы халыққа жеткізуге ниет етіп отырмыз.

***

Кейбір сақылдаған сары аяздарда қала көшелерінде келе жатып, буы бұрқырап, ыстық суы аспанға атып жатқан тесілген құбырлардың жанынан өтесіз. Үстіңізді сулап алмауға, киіміңізді булап алмауға тырысып барынша ыңғайсыз жерден жылдам кетіп қалуға асығасыз. Ал... ал сол тесілген құбырдан ыстық суы аспанға атып жатқан жерді жөндейтін адамдар туралы, олардың жұмысы туралы ойланып көрдіңіз бе? Оны көбіміз ойлай қоймаймыз.

Олар алдымен сол жердегі құдыққа түсіп суды бекітуге міндетті. Тесілген құбыр жақын болғандықтан құдықтың температурасы плюс 45 градустай болуы мүмкін. Ондай жерге қорбаңдаған қысқы киіммен түсе алмайсың. Сондықтан сырттағы сақылдаған сары аязға қарамай шешініп, барынша жеңіл киіммен кіресің. Құбырдың бұрандасын жаба қою да оңай шаруа емес, оған да біраз уақыт кетеді. Бұл уақытта құдықтағы адам шылқып терлейді. Ал жұмысты бітіріп сыртқа шыққанда оны отыз градустық сары аяз қарсы алады... Қысқасы аз ғана уақытта жылу жүйесінің жұмысшысы өзінің бойынан ауаның 75 градусқа алмасуын бастан кешеді... Міне, осындай азаптарды бастан кешіріп жүрген адамдар қала тұрғындарына жылу сыйлайды.  Жұмыстары бір уақ та үзілуге болмайтын бұл кәсіпорын жаман індеттің кезінде де бір сәт тоқтаған емес.

Петропавлға электр қуаты мен жылу беретін негізгі көз ЖЭО-2. Бірінші ЖЭО соғыс жылдарында салынып, 20 жыл бойы қызмет еткен. Ал мына кәсіпорын 1961 жылдан пайдалануға берілді. Осы жерден шығатын ыстық судың температурасы 98 градусқа жетеді. Қаланың жылу магистральдарына ыстық су қуатты насостармен айдалады. Әрине, тұтынушыға жеткенде судың температурасы біршама төмендейді.   

Экономикалық дағдарыс жылдарында ЖЭО-2 электр қуаты мен жылуды қажетті көмір көлемінің уақтылы жеткізілмеуі себепті талап етілетін нормадан төмен өндірді. Соның кесірінен қала тұрғындарына жеткізілген жылы судың қызуы қалыптағыдан төмен болып, халық тоңған кездер жиі болып тұрған. Кәсіпорынға инвестиция құйып, жұмысын жандандыру мақсатымен «ЖЭО-2» 1998 жылдың аяғында шетелдік «Аксесс Индастриаз» компаниясына сатылған болатын. Жаңа қожайындар оның жылу тарататын кәсіпорнына «Аксес-Энерго Теплотранзит» ЖШС деген ат беріп, әділет орнында тіркеткен. Одан әрі «Аксесс Индастриаз» «СевКазЭнерго» АҚ айналып, жылу тарататын кәсіпорын енді «Петропавлдың жылу жүйелері» ЖШС деп аталады.

Аты дардай, еңбегі таудай болғанымен кәсіпорын үлкен жолдардың бойында емес бір шағын қуыста екен. Маңайы таза, айналасы ұқыпты жиналған, негізгі кеңсесі еуропалық үлгідегі қымбат материалдармен емес, қарапайым, нақты жұмысқа барынша ыңғайланған күй танытып тұр. Қазір кәсіпорнында 253 адам қызмет етеді. Бас директоры Мәскеудің энергетика институтын «инженер-жылуэнергетик» мамандығы бойынша бітірген Андрей Калиничев. Ол 1995 жылдан бері осы салада қызмет етіп келеді. Жаңа заманның менеджері болса да Андрей Владимирұлы қазір сәнге айналған толып жатқан халықаралық ІТ терминдермен емес, жұмысқа қатысты күнбе-күн керекті дүниелерді жалпақ тілмен жеткізіп берді.

Қалаға жылу жеткізу үш участок арқылы жүзеге асырылады екен. Соның ішінде бірінші және екінші Жүйелілік аудандарының әрқайсында екі бригададан, ал Жөндеу басқармасында сегіз бригада жұмыс істейді. Жүйелілік аудандарда диаметрі орташа құбырларға және насос стансаларына техникалық қызметтер көрсету мен жөндеу жұмыстары іске асады. Ал Жөндеу басқармасының қызметкерлері магистральдық диаметрі үлкен құбырларды, ғимараттар мен құрылыстарды және насос пен басқа да жылу жүйесінің жұмыстарын жөндеумен, ауыстырумен айналысады. Екіжақты келісімшарт бойынша кәсіпорынды «Kazakh Trans Serviсe» ЖШС солтүстікқазақстандық филиалы арнаулы көліктермен қамтамасыз етеді.

Кәсіпорын жөндеуге қажетті материалдарды негізінен отандық өндірісшілерден алады, ал үлкен диаметрлі құбырлар Ресейден келетін көрінеді. Жалпы, кәсіпорынның балансында 230 шақырым жылу құбырлары, соның ішінде 81,6 шақырымы магистральды құбырлар және 148,6 мың шақырым бөлуші жылу жүйелері тұр. Осының үстіне 2020 жылы бұрын қалалық «Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы» мекемесіне қарайтын жылумен қамту жүйесінің 9,7 шақырымдық 113 участогы жүйесі сенімді басқаруға берілген. Сөйтіп, қаладағы көпқабатты барлық 5 мыңдай үй мен ғимараттар және жекеменшік сектордың 1782 үйін жылумен қамтып отырған осы кәсіпорын. Басқа сөзбен айтқанда кәсіпорын қазір тұрмыстық сектордың 72413 абонентін, ал өнеркәсіп, бюджет және басқа салалардың 2310 абонентін жылдың 8 айына жуық, яғни 223 күні бойы жылумен қамтамасыз етіп отырған тірліктің қайнар көзі.

Жасыратыны жоқ, осындай табысты кәсіпорын қызметкерлері мен жұмысшыларының еңбекақысы мардымсыз болғанына таң қалдық. Инженер-техниккалық қызметкерлердің орташа еңбекақысы 169 мың теңге болса, жұмысшылардікі одан да төмен, 140 мың теңге ғана екен. «Еңбекақыны көтеру үшін тарифті көтеруіміз керек. Ал мұның әлеуметтік наразылыққа соқтыруы мүмкін. Қала халқының негізгі бөлігінің табысы төмен, сондықтан жылу бағасын көтере алмай отырмыз. Бізбен көршілес Ресей қалаларындағы еңбекақы біздікінен 40 пайызға жоғары екенін білеміз. Бізге тым болмаса 30 пайызға еңбекақыны көтеру керек», дейді кәсіпорын басшысы А.Калиничев. Еңбекақының төмендігі кейбір білікті инженерлер мен бесаспап мамандардың ішінара көшіп кетуіне соқтырып жатыр екен.

Кәсіпорынның техникалық және технологиялық жұмыс процестерін, ПИК арасындағы қарым-қатынастарды, кәсіби проблемаларын жазу біздің міндетіміз емес. Арнайы техникалық журналдарға шығатын ондайларды қалдырмай оқитын мамандар болмаса қалың көпшілікке ол қызық та емес. Тек ПИК-тердің қыс маусымына дайындығы туралы паспорт берерде олармен байланыс қызу болып, жылу жүйесі кәсіпорнына кооператив төрағаларының ісі көп түседі. «Бізді халықтың іздемегені жақсы», дейді Андрей Владимирович. Өйткені, іздесе, тапқысы келсе бір проблеманың болғаны ғой...

Бізді ұжымның ішкі тынысы, адамдардың қарым-қатынасы, мамандардың ынталандырылуы, демалыс сағаттарының ұйымдастырылуы, әлеуметтік пакет мәселелері қызықтырды. Әлеуметтік қолдаулар ұжымдық келісім-шартта кеңінен көрсетіліпті. Оның бәрін тізбелеп шығудың өзі бір мақалаға жүк боларлық. Соның ішінде басқа ұжымдарда мүлде ұмыт болған тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының шығындарын өз қызметкерлеріне өтеп беретіні кісі қызығарлық. Ал ұжым болып қыста балық аулауға, жазда өзен, көлдің басына барып, балаларымен суға түсіп, таза ауада тыныстауға және т.б. арнайы шығын қарастырылғаны да сүйсінерлік. Сондай-ақ ауырған кезде, бала туғанда, туыстары қайтыс болғанда, көпбалалы және аз қамтылғандарға т.б. берілетін бір мезгілдік көмектері де қомақты. Мысалы, бала туған ата-аналарға 15 АЕК көлемінде (қазір ол 43755 теңге)  көмек жасалады. Егер бөбектің ата-анасының  екеуі де осында қызмет ететін болса олардың әрқайсына беріледі екен. Бұл да болса адамдарды отбасымен бірге жұмыс істеуге ынталандырудың бір жолы. Соның арқасында шығар, қазір қызметкері аса көп емес ұжымда жеті бірдей отбасылық династия жұмыс істейді. Мысалы, жылу жүйелері жарақтарын жөндейтін слесарь Г.Кузенковтың баласы да өзінің қасында ұзақ уақыттан бері слесарь болып істесе әйелі архивариус болып қызмет атқарады. Сондай-ақ Ф.Әлімбеков, А.Серов, О.Гулевич, В.Шитиков, А.Матюков отбасылары да өмірлерін осы кәсіпорынмен тығыз байланыстырғандар.

Жөндеу басқармасының шебері Раушан Күшікова да күйеуімен бірге осында көптен бері жұмыс істейді. Қазақ қызының ер адамдар атқаратын ауыр жұмысты жақсы игеріп кеткені туралы бас директор оның атына жылы сөздер айтты. Өзі былтыр «Орталық Азия электр-энергетикалық корпорациясы» АҚ Құрмет грамотасымен марапатталыпты.

Ұзақ жылдардан бері осы ұжымда табысты еңбек етіп, құрметке бөленген басқа жандар да жетерлік. Мәселен, бас инженердің орынбасары Александр Ошмаровтың, пайдалану қызметінің диспетчері Ирина Демьяненконың есімдері облыстың «Құрмет Кітабына» жазылған. Жарақтар жөндеу слесары Мұрат Шоқаев пен Анатолий Матюковке 2020 жылы облыс әкімінің Алғыс хатын алған. Міне, бұлар өзінің табысын таза маңдай терімен табатын, жанын салып жұмыс істейтін еңбек адамдары.

«Петропавл жылу жүйелері» кәсіпорнының мемлекеттік «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламалары шеңберінде жұмыс ауқымы кеңіп, Еуропалық Даму банкынен несие алып, жылу жүйелерін жаңалап, тозған құбырларды ауыстыруға мүмкіндік туып отырған көрінеді. «Жыл сайын 14-16 шақырымдық құбырлар ауыстырылады. Облыс әкімі Қ.Ақсақаловтың бастамасымен қабылданған облыстың екінші Кешенді даму жоспарының да пайдасы көп болып отыр. Соның арқасында жаңа құрылыстар көбейіп, оларды жылумен қамтитын біздің жұмыс ауқымымыз да артып отыр», дейді Андрей Калиничев.

Өткен 2020 жылы жылу жүйесіне 149 жаңа нысан қосылған, ал үстіміздегі жылдың төрт айында ғана олардың саны 50-ден асып отыр. Жылдың аяғына дейін былтырғы межеден асып кетер деп межеленіп отыр. Бас директор қаланың үстінен қазан айында дронмен ұшып, жылу жүйелерінің осал тұстарын анықтауды да жоспарлап қойыпты.

Кәсіпорынның жүрегі саналатын диспетчерлік орталықта да болдық. Бұл жерде осы заманғы жетілдірілген цифрландырылған технологияның көмегімен жылу жүйелеріндегі барлық жұмыстардың жүру барысы бақыланып отырады. Тәулік бойы жұмыс істейтін орталық осы кәсіпорынның ғана емес жалпы қаланың жылу жүрегі десе боларлық. Онда жылу жүйелерінің барлық тынысы алақандағыдай көрініп тұр. Бір жерде апат болса жөндеу бригадасы дереу аттандырылады.

Сонымен, «Петропавл жылу жүйелерінен» әбден қалыптасқан, қарапайым еңбек адамдарын бағалайтын, осы заманғы ұйымшыл  ұжымды көрдік. Мұндай ұжымның табысы да зор болары сөзсіз.

ПЕТРОПАВЛ