Аймақтар • 21 Мамыр, 2021

Шу ауданының түлектері ауылға қолдау көрсетті

698 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінде Жамбыл облысында «Жомарт түлек» жобасы бастау алып, жемісті жалғасуда. Аталған жоба аясында Шу ауданының мектептерінде тұңғыш рет «Белсенді түлектер және түлек жолы» кіші жобалары жүзеге асырылып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шу ауданының түлектері ауылға қолдау көрсетті

Жобаның негізгі мақсаты – мектеп бітірген түлектермен мектеп арасындағы байланысты нығайту және жетістікке жеткен мектеп түлектерін насихаттау болып табылады.

Қазақ хандығының туы тігілген Шу өңірінен көптеген мемлекет және қоғам қайраткерлері, сонымен қатар саясаттанушылар мен профессорлар сынды талай тұлғалар шыққан. Шу қаласы, С.Сейфуллин атындағы орта мектептің түлегі, бірқатар мемлекеттік деңгейдегі қызметтерде болған Махмұт Қасымбеков, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, бірқатар лауазымды қызметтер атқарған саясаттанушы, Жаңажол ауылы, Б.Момышұлы атындағы орта мектептің түлегі Сарыбай Қалмырзаев, кезінде ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы, Президенттің іс басқарушысы, еліміздің экономикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы қызметтерін атқарған, Төле би ауылы, М.Әуезов атындағы орта мектебінің түлегі Қозы-Көрпеш Қарбозов, Бірлікүстем ауылы, Домалақ ене орта мектебінің және Шу қаласындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектептің түлегі, Парламент мәжілісінің V-VI шақырылым депутаты Қожахан Жабағиев, Төле би ауылы, М.Әуезов атындағы орта мектептің түлегі, сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысында әл-Фараби ауданының әкімі және Астана қалалық тіл басқармасының басшысы қызметтерін атқарған, Парламент мәжілісінің V-шақырылым депутаты болған Оразкүл Асанғазы, Домалақ ене орта мектебінің түлегі, кезінде Жамбыл облысының әкімі және өзге де лауазымды қызметтер атқарған Бөрібай Жексембин, Шу қаласы, Абай атындағы орта мектептің түлегі, еліміздің теміржол саласында лауазымды қызмет атқарған және Жамбыл облысының әкімі қызметінде болған Кәрім Көкірекбаев, М.Әуезов орта мектебінің түлегі, «Шу ауданының Құрметті азаматы», академик Мәмбет Қойгелдиев, Төле би ауылы, М.Әуезов орта мектебінің түлегі, ҚР жоғарғы оқу орындарының үздік оқытушысы, ҚР президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері Оңғарбек Әліпбекұлы сияқты азаматтар бүгінде ауданның мақтанышы.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өңірде тұңғыш рет қолға алынған «Жомарт түлек» жобасы аясында ұйымдастырылып отырған «Жомарт түлек – Шу» түлектер кездесуін аудан әкімі Нұржан Календеров жүргізіп отырды. Әкім өз сөзінде түлектердің ауылға жиі қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтті. Тәуелсіздік алған жылдардан бері Шу ауданының мектептерінен 30 мыңнан астам түлек түлеп ұшқан. Бұл кездесуге офлайн және онлайн форматта 500-ге жуық түлектер қатысты. Елімізде әр салада жетістікке жеткен азаматтармен қатар, Шу ауданында дүниеге келіп, бүгінде Түркия, Израиль, Ресей, Америка және тағы басқа да мемлекеттерде тұрып жатқан жерлестер де қатысты.

Сонымен қатар Д.Қонаев ауылындағы Төле би атындағы орта мектеп базасынан «Түлектер орталығы» ашылды. Ол жерде ауданнан шыққан көптеген белсенді «Жомарт жүрек» түлектердің фотошежірелерінен құралған альбомдар қойылған. Шу ауданынан шыққан Махмұт Қасымбеков, Болат Сауранбаев, Ілияс Тортаев басқа да меценаттар ауданға демеушілік жасап тұрады. Сондай-ақ соңғы үш жылда бірқатар меценат түлектердің бастамасымен 700,0 миллион теңгеден астам көлемде көмектер көрсетіліп келген.

Белбасар ауылына Болат Сауранбаев спорт кешенін, Шу қаласына Юрий Цхай «Тарлан» спорт кешенін салып берсе, Ғалия Әбітаеваның бастамасымен ауданның кәсіпкерлері медицина мекемелеріне коронавирус індетімен күрес кезінде 60,0 миллион теңгеге өкпені жасанды желдету аппараттарын алып берген. Ал, Д.Қонаев ауылы, Төле би атындағы мектептің түлектері заманауи үлгідегі кіші футбол алаңын салып берсе, Көкқайнар ауылы, Саттар Естемесов атындағы орта мектебінің түлегі Марат Сырлыбаев математика кабинетін жабдықтап, күрделі жөндеуден өткізген. Сонымен қатар басқа да көптеген түлектер өз мектебіне, ауылына, ұстаздарына демеушілік көрсетіп, оқушылармен 34 мотивациялық кездесу ұйымдастырған.

 

Жамбыл облысы