Қазақстан • 23 Мамыр, 2021

Е. Тұрғымбаев Алматы мектептеріндегі қауіпсіздік деңгейін тексерді

298 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев Алматыға жұмыс сапары барысында шаһардың жалпы білім беру мекемелеріне жүргізілген талдаудың нәтижелерімен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына  сілтеме жасап.

Е. Тұрғымбаев Алматы мектептеріндегі қауіпсіздік деңгейін тексерді

Бұған дейін Ішкі істер министрлігінің басшысы білім беру ұйымдарындағы оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жедел кеңесте ішкі істер органдарының және аумақтық полиция департаменттерінің басшыларына барлық оқу орындарын бейнебақылау жүйелері, қызметкерлерді және келушілерді ескерту құралдары, күзеттік дабыл және физикалық күзеті бар-жоғын тексеруді тапсырған.

– Балалар – қоғамның ең осал бөлігі. Сондықтан олардың қауіпсіздігі әрқашан басты назарда. Жергілікті атқарушы органдармен, білім беру ұйымдарымен және азаматтармен бірлесіп, біз балалардың мектептерде білім алуы үшін барлық қажетті шараларды қабылдауымыз керек, ал ата-аналар олардың қауіпсіздігі үшін алаңдамауы керек, – деді Ерлан Тұрғымбаев.

Талдаудың аралық нәтижелері туралы есеп бере отырып, Алматы қалалық ПД басшысы Қанат Таймерденов, тапсырмалар шеңберінде білім басқармасымен бірлесе отырып, шұғыл түрде комиссия құрылып, қаланың барлық мектептерінде зерттеу жүргізілгенін және бірқатар нысандарда бейнебақылау камераларының жетіспеушілігі, доғалы металл детекторларының, дабыл батырмаларының болмауы, сондай-ақ, мамандандырылған күзет бойынша жетіспеушіліктер бар екенін атап өтті.

– Талдау нәтижелері бойынша барлық кемшіліктерді жою Жоспары құрылды. Оқу орындарында орнатылған барлық бейнекамералар полиция Департаментінің Жедел басқару Орталығына қосылады. Дүрбелең батырмасын басқаннан кейін бақылау камераларынан түсірілген бейнелер жедел басқару Орталығында автоматты түрде көрсетілетін қару-жарақ дүкендерінің үлгісіндей. Содан кейін оқиға орнына полиция мен күзет компаниясы келеді. Кейіннен қаланың лаңкестікке осал санатына жататын барлық нысандары бірыңғай жедел басқару орталығына қосылады, – деп түйіндеді Қанат Таймерденов.