10 мамыр күнгі Риддер орман шаруашылығындағы ірі дала өрті мөлшері 310 гектар аумақты шарпып, 1 адам қаза тауып, 37 үй мен 9 шаруашылықтың әп-сәтте күлі көкке ұшты. Ірі өртке себепкер болған күдікті кінәсін мойындап, заңды түрде тиісті жазасын да алар, бірақ адам қазасы, баспанасыз далада қалған отбасылар, фауна мен флораға келген зиян, күйген топырақ қабатының орнына қайта келмес жер бедерінің өзгеруі жанға ауыр тиді. Осы орны толмас табиғат байлығының қайта қалпына келуі үшін 20-30, тіпті жарты ғасырлық уақыт қажет екен.
Риддердің бір байлығы – орманы еді. Оның қас қағым сәтте өртке оранғаны бәрімізге өкінішті-ақ. Жалпы ормандағы өрт төмендегі және жоғарыдағы болып екі түрге бөлінеді. Жоғарыдағы өрт қатты жел соққанда басталып, ұшқындары бұтақтан бұтаққа түседі. Жалын жан-жаққа шашырайды. Орман өрті ағаш қорын азайтып, қалың ағаштар аумағын мүлде өртеп жібереді. Онда мекен ететін құстар мен жан-жануарлар тіршілігін жояды.
Еліміздің орман қоры аз. Ал осы қорды сақтау – мемлекет үшін маңызды. Өрт ауа райынан ғана емес, сөнбей қалған шоқтан, абайсыз табиғаттағы демалушылар әрекетінен, шаруа қожалықтары иелерінің егістік алқаптарын тазарту жұмыстарымен от қойып, оны бақылаусыз қалдыруынан да пайда болады. Орманды өрттен сақтау, табиғатқа тағылық көрсетпеу – жерінен нәр алып, ауасымен тыныстап, орманында саялап отырған әр адамға ортақ міндет. Өрт – тілсіз жау, елдің, өңірдің экономикалық әлеуетіне үлкен материалдық шығын келтіріп, тұрғындардың өміріне қауіп төндіретінін осы оқиғадан көзі ашық, көкірегі ояу адам ұғып отыр. Орман өртінен кейін есеңгіреп қалған Риддердің орман шаруашылықтары мен халқына ғана емес, баршаға сабақ болса екен дейміз.
«Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғат паркінің жалпы аумағы 143 550 гектарды құрайды, оның ішінде орманмен қамтылған аумағы 7183 гектар. Осы аз орманды алқапта Үржар, Еміл өзендерінің аңғарынан қасақана және салғырттық іс-әрекеттердің салдарынан бірнеше өрт болды. Қатынсу өзені бойынан бірнеше рет заңсыз ағаш кесу фактілері тіркелді. Ұсталған азамат 0,6 куб ағаш кесіп, 4 248 теңге залал келтіргені үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес 30 АЕК( 87 510 теңге) және ерекше қорғалатын табиғат аймағына рұқсатсыз кіргені үшін 2 АЕК (5 834 теңге) айыппұл, яғни жалпы құны 97 592 теңге төлейді. «Тек жүрсең, тоқ жүресің»деген осы.
Ұлттық парк қызметкерлерінің басты міндеті – орманды, табиғатты қорғау. Риддердегі өрт біздің қабырғамызды қайыстырып кетті. Ол осындай ірі апаттың алдын алуға көп болып, қоғам болып жұмылуымыз қажет екенін көрсетті. Сонда ғана аялы табиғатымыз саялы болады.
Әлібек ТОҚЫМТАЕВ,
«Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғат паркінің директоры