Коронавирус • 24 Мамыр, 2021

Әлемде пандемия бәсеңдер емес

317 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кеше Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйы­мының жыл сайынғы саммиті бас­талды. Жиын бары­сын­да коронавирус дағда­ры­сы мен денсаулық сақтау саласындағы бірқатар мә­селе талқыланбақ.

 

Әлемде пандемия бәсеңдер емес

The Guardian газетінің хабарлауынша, саммитте Франция президенті Эммануэль Макрон бастаған бірқатар дамыған елдің басшылары сөз сөйледі. Сон­дай-ақ ДДҰ-ға мүше мем­ле­кет­тердің денсаулық сақтау ми­нистрлері де қатысқан.

Reuters агенттігінің мәлі­метіне сүйенсек, Э.Макрон өз сөзін­де Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының коронавирус өршіп тұрған елдерге барып, ахуалды сараптауы қажет екенін жеткізген.

Германия канцлері Ангела Ме­ркель дағдарыспен күресу мақ­сатында бөлінетін қаражатты ұлғайтып, пандемияға одан әрі жол бермес үшін жаңа халықара­лық келісім жасасуды ұсынған.

Пікірсайыстар 1 маусым­ға дейін жалғаспақ. Сам­мит жұ­мысы пандемияны тоқ­тату жө­нін­дегі күш-жігерді ілгері­летуге арналмақ. Сондай-ақ келешекте осындай дағдарыстарға жол бермей, өзара көмектесу үшін бүкіл әлемдік денсаулық сақтау жүйесін жаңартуға бағытталмақ.

Бұл саммиттің маңызды оты­рысы сейсенбіде өтеді. Онда министрлер мен дипломат­тар ға­ламдық пандемияға қарсы іс-қи­мылдың аспектілерін ба­ға­­лайтын үш бөлек тәуелсіз топ­­тың қо­рытындыларын тал­қылайды.

Пандемия әлемнің түк­пір-түк­піріндегі елдердің дағ­да­рыс­қа қарсы тұруға дәр­мен­сіз­дігін анық көрсетті. Осыны аң­ғарған сарапшылар жаһандық ден­саулық сақтау жүйесін толы­ғы­мен қайта құруға шақы­рып отыр. Сонымен қатар ДДҰ-ның тәуелсіз әрі ашық болуын, оны қар­жыландыруды арттыру­ды жә­не реформа жасауды талап етеді.

Түркия президенті Режеп Та­йип Ердоған саммит қаты­су­шы­ларына жолдаған бейнеүн­деуінде Анадолыда 27 миллионнан астам адам вакцина алғанын жеткізді. Олардың 12 миллионына вакцинаның екінші дозасы салынған. Сондай-ақ Түркия өз вакцинасын өндіру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.

«Біз мүмкіндігінше өзіміз­де бар вакциналарды басқа елдермен бөлісуге тырыс­тық. Түркия вакцинасы дайын бола салысымен, оны өз азамат­тарымызға ғана емес, бүкіл адам­­затқа ұсы­намыз», деді Түркия президенті.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, қазірге дейін ұйым тарапынан мақұлданған вакциналар коронавирустың барлық жаңа штамына қарсы тұра алады. Сондай-ақ ол халықаралық сапарлардан бас тартуға шақыр­ды. Әсіресе, коронавирус өршіп тұрған елдерге баруды шектеген дұрыс.

«Мақұлданған вакциналар төрт штамның бәріне әсер етеді деп айта аламыз. Бірақ індетке қарсы күресудің ең тиімді амалы – екпе салудың қарқынын арттыру. Сондай-ақ үш негізгі талапты ұстану. Олар – маска тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау және қол жуу», дейді ДДҰ Еу­ро­палық өңірлік бюросының ди­ректоры Ханс Клуге. 

Шартараптың көшбасшы­лары коронавирус дағдарысын талқылап жатқанда, әлемдегі ахуал әлі де тұрақсыз қалпында қалып отыр. Күн сайын шамамен 500 мыңға жуық адамның вирус жұқтырғаны анықталады. Әсіресе, Үндістанда, Бразилияда және Аргентинада жағдай қиын. Мәселен, өткен тәулікте Үндіс­танда 222 мың адамның нау­қас­танғаны анықталды. Бұдан бөлек, 4455 адам қауіпті дерт­тің салдарынан көз жұмды. Осы­лайша, елдегі вирус жұқтыр­ған­дар саны 26,7 миллион адам­ға жетіп, қаза тапқандар саны 303 мыңнан асып кетті.

Кейінгі уақытта коронави­рустың үндістандық штамы күрт таралғаны мәлім. Дегенмен, Үн­дістан үкіметі мұнымен келіс­пейді. Нақтырақ айтсақ, «Үнді­с­тан штамы» деп атау дұрыс емес көрінеді.

Осыған байланысты ел би­лігі әлеуметтік желілер мен бұқ­ара­лық ақпарат құралдарын «үндістандық нұсқа» деген атау­ды қолдануға тыйым салды. «B.1.617.1» штамы алғаш рет былтырғы жылдың соңына таман Үндістанда анықталған болатын. Елдегі коронавирустың күрт артуына да осы нұсқа әсер еткені айтылған.

Кейінірек бұл штамм Ұлы­британияға тарап, содан кейін әлемнің 43 елінен табылды. Сон­дықтан оны «Үндістан штамы» деп атап кеткен-ді. Үн­дістан­ның электроника және ақ­па­раттық технология ми­нистр­лігі бұл терминді қол­дануға мүлдем тыйым салып отыр. Ол «үндістандық нұсқа (штамм)» атауы кездесетін бүкіл ақпа­рат­ты өшіріп тастауды тапсырған.

«Интернетте коронави­рус­тың «үндістандық нұсқасы» бүкіл елге таралғаны туралы жалған мәлімдеме таралып жатыр. Бұл – мүлдем жалған ақпарат», делінген министрлік жіберген хатта.

Өткен аптада ДДҰ атал­ған штамды әлемдік қауіп деп хабарлаған-тұғын. Алайда ми­нистр­­лік өз хатында мұны­мен келіспейтінін айтып, «B.1.617.1» штамын басқа ел­дер­­мен байланыстырмағаны үшін на­разылығын білдірді.

Әйтсе де, елде жағымды жа­ңа­лық та бар. Cadila Healthcare ком­паниясы коронавирусқа қар­сы вакцина өндірісін 30 млн дозаға дейін арттыруды жос­парлап отыр. Бұл – бұған дейінгі мөлшерден үш есе көп.

Cadila компаниясының басқарушы директоры Шарвил Пателдің айтуынша, ZyCoV-D екпесін шығаруды көбейтуге мүмкіндік мол. Қазіргі таңда компания ай сайын 10 млн доза өндіріп отыр. Алдағы бірнеше айда оның көлемін 30 миллионға дейін жеткізуге мүмкіндік бар.

Қазіргі таңда ZyCoV-D вакцинасы соңғы сынақ мерзімінен өтіп жатыр. Соған сәйкес, 30 мың адамға екпе салынған. Әзір­ге екпе үш доза ретінде салынуы тиіс. Бірақ Cadila Healthcare ком­паниясы оны екі дозаға қыс­қартуды жоспарлап отыр.

Бұдан бөлек, Үндістанда Covid-19, 2-DG препаратының алғашқы партиясы айналымға шы­ғарылды. Препаратты Ядро­лық медицина институты, қорға­нысты зерттеу және дамыту ұйы­­мының зертханасы, үнді фар­­мацевтикалық Dr компания­сымен бірлесіп әзірледі.

Бразилияда да эпидемиялық ахуал мәз емес. Елде күн сайын шамамен 70 мыңға жуық адам­ның науқастанғаны анық­тал­ды. Қазірге дейін 16 миллион­­нан астам тұрғын қауіпті дерт­тің тыр­нағына іліккен. Соның ішінде 450 мыңы қаза тапты.

Кейінгі аптада Аргентина­дағы жағдай да күрт бұзылды. Өткен тәулікте 32 мың адамның вирус жұқтырғаны белгілі болды. Осылайша, науқастар саны 3,5 млн адамға жетті. Жал­пы, пандемия басталғалы бері елде 74 мың адам көз жұмған.

Бұған дейін коронавируспен тиімді күресіп келген Тайвань­да вирустың таралуы қарқын алып барады. Өткен тәулікте елде дерттен 6 адам қаза тапса, науқастанғандар саны жүзден асып кетті.

Тайваньда жаппай тесті­леу жүргізіліп жатқан жоқ. Сондықтан анықталған жағдай­лар жедел тестілеу орталықтары арқылы анықталған. Тайвань­ның жұқпалы ауруларды бақы­лау орталығының мәліметіне сүйенсек, Тайбэйде халықтың 5,9 пайызы, Жаңа Тайбэйде ша­мамен 4 пайызы вирус жұқ­тыруы мүмкін.

Қазір Тайваньда 3-деңгей­дегі сақтық шаралары қарасты­рылған. Соған сәйкес, ойын-сауық және демалыс орындары, қоғамдық орындар мен спорт алаңдары жабық. Адам­дар үйде жұмыс істеуі тиіс. Мейрам­ха­наларда әлеуметтік арақа­шық­тық сақталуы қажет.

Ел билігі сақтық шаралары­ның деңгейін өсіруі мүмкін. Мұндай жағдайда Тайваньда толықтай локдаун жарияланады. Бірақ ол үшін күнделікті анықталған науқастар саны екі апта бойы 100-ден көп болуы тиіс.

Кейбір жергілікті әкімші­ліктер қауіпсіздік шара­ларын күшейтуді құп көріп отыр. Мәселен, өткен демалыс күн­дері Тайбейдің әкімі мей­рам­­ханаларда тамақтануға шектеу қойды.

Германияда ДДҰ-ның ха­лықаралық пандемиялық ақ­парат орталығы ашылмақ. Бұл меке­ме жоғары технологиялар мен инновациялар арқылы ста­тис­тикалық және талдамалық мәлі­меттерді өңдеуге мүмкіндік береді.

Испанияда Fitur халықаралық туристік жәрмеңкесінде вакци­наға қатысты электронды сер­ти­фикат таныстырылды. Жос­пар бойынша сертификат 1 шілде­ден бастап енгізілмек. Құжат Еуро­палық одаққа мүше елдерде жарамды. Сертификат QR код арқылы қолданылады. Құ­жат­та вакцина алғаны, ПТР-тест нә­тижесі немесе коронавирус­пен ауырғаны туралы деректер көрсетіледі.

Аустралияның халық саны жө­нінен екінші штаты – Вик­торияда кеше төрт адамның коронавирус жұқтырғаны анықтал­ды. Айта кетерлігі, кейінгі үш айда штатта мүлдем науқас табыл­маған болатын. Виктория штатының денсаулық сақтау министрі Мартин Фолидің айтуынша, бұл – алаңдататын мәселе.