Білім • 25 Мамыр, 2021

Мамандандырылған оқу орындарын құру – уақыт талабы

428 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде саны бар, сапасы жоқ оқу орындарына қатысты соңғы жылдары көп сын айтылып келгені белгілі. Ал пандемия кезінде білім жүйесіне түскен салмақ бұл кемшілікті барынша аша түскендей.

Мамандандырылған оқу орындарын құру – уақыт талабы

Осы орайда Президенттің жоғары оқу орындарына талапты күшейту бойынша берген тапсырмасы қолға алынып, Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарын кезең-кезеңімен салаландыру, біліктілікті, сапаны арттыру мақсатында бейіндеу бағытындағы жұмыстарды жалғастырып келеді.

Тиісті министрлік тарапынан былтырдан бері республикада 38 жоғары оқу орны бейінді емес бағыттар бо­йынша 150-ден астам лицензия қосымшасынан айырылып, биылғы оқу жылының аяғында 14 бағыт бойынша лицензияларын қайтаратыны мәлім болған-ды. Бұл оқу орындарының әкімшілігіне де, білім алып жатқан студенттерге де тосын жағдай болды. Ал жоғары оқу орындарының лицензияларына мониторинг жүргізудің себептерін түсіндірген министрлік бұл істі сұранысқа ие емес мамандықтарға қатысты деп түсіндірген болатын. Мысалы, Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің деректеріне сүйенсек, кейбір университеттерде 1-4-курстарда барлығы 10-15 студент немесе әр курста 3-4 адамнан оқитын бағыттар анықталған.

Ал министр А.Аймағамбетов елі­мізде педагогтер даярлайтын 86 жоғары оқу орнының 60-қа қысқарғанын атап өткен болатын. Осы аталған 86 оқу орнының барлығында дерлік сапалы мамандар даярлауға мүмкіндік жоқ. Сонымен бірге IT және медицина саласында да осы көрініс орын алған. Министрдің айтуынша, осыдан 5-7 жыл бұрын тексеруден кейін лицензиясынан айыру қажет болса, қазіргі кезде бұл мәселе түбегейлі регламенттелген. Анықталған кемшіліктерді түзетуге мүмкіндік беріліп, біраз уақыттан кейін тексеру қайта жүргізілуде. Бұл ұзақ уақыт алатын үдеріс болғанымен, өз қызметіне адалдық танытатын жоғары оқу орындары бұдан қорытынды шығаруы тиіс болатын.

Академик, филология ғылымда­рының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиев тиісті министрлік мем­лекеттік маңызы зор мәселеде байып­тылық танытып, бірден универ­ситеттерді бас лицензиясынан айы­ру емес, сапасыз мамандықтар лицен­зиясының күшін жою­дан бастағанын құптайды. Президент айтқандай, қашанғы сапасыз жоғары оқу орындары біліксіз маман, сапасыз диплом беруді жалғастыра береді. Сарапшы атап өткендей, әрбір университет мамандықтарымен, білікті мамандарымен мақтануы керек. Бүгінде 50-60, кемінде 10-15 мамандық бойынша мамандар даярлайтын оқу орындары көбейді. Кезінде экономист мамандарын «Нархоз», заңгерлер мен журналист мамандықтарын – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, шет тілі мамандарын Алматы шет тілдер институты, мұғалімдерін «КазПИ» мақтан ететін еді. Бұл оқу орын­дары кәсіби мамандардың ұста­ханасы ретінде танылды. Ал заманауи кеңістікте сапалы біліммен танылу үшін мамандандырылған университеттер құратын кез келді.

Білім саласындағы түйткілдерді тілге тиек етіп жүрген еліміздегі алғаш­қы жекеменшік оқу орны Алматы менеджмент университетінің президенті Асылбек Қожахметовтің дерегіне сүйенсек, білім жүйесін реформалау­да кедергі болатын бірқатар мәселе бар. Біріншіден, Қазақстанда студенттер саны көп. Студенттердің саны рес­публика тұрғындарының шамамен 3 пайызын құрайды. Мысалы, 2018-2019 оқу жылында 1 млн адамға шаққанда 7 жоғары оқу орнынан келеді. Бұл көрсеткіш Малайзиядан екі есеге көп. Осыған қарап еліміздің экономикалық дамуына жоғары оқу орындарының ықпалын көруге болады. Сарапшының айтуынша, білім жүйесіндегі бәсекеге қабілетін арттыру үшін оқыту парадигмасын өз­герту қажет. Яғни жоғары оқу орындары арасындағы бәсекелестікті, интер­национализация деңгейін арттыруды ұсынған сарапшы университет білім беріп қана қоймай, жеке тұлғаға бағытталған әдісті пайдалана отырып, студентті өмірлік құндылықтарды, әлемді тану дағдыларына баулу қа­жетін айтады. Ал мемлекеттік жо­ғары оқу орындарында жыл сайын­ қарастырылып, жаңартылып отыратын оңтайландырудың тиімді әрі ашық құралдарын енгізген кезде ғана бәсе­кеге қабілетті болады.

Ал тексеру жағы, бақылау жүйе­сінің, сонымен бірге талаптары мен стандарттарының нормативтік-құқық­тық салмағы шамадан тыс екендігіне қатысты ойларын бұқаралық ақпарат құралдарында ашық айтып жүрген бизнесмен Нұркен Халықберген де республикада студенттер санының көптігімен келіседі. Сарапшының дере­гінше, елімізде бір жоғары оқу орнына 300 мың адамнан келсе, бұл көрсеткіш Америкада 60 мыңның айналасында. Көкейкесті көп мәселенің қатарында жоғары оқу орындары санының азаюы біріншіден, оқу бағасының өсуіне әсер ететінін алға тартқан бизнесмен мұндай жағдайда ауыл балалары үшін оқу бағасы қолжетімсіз болуы мүмкін екенін айтады.

Қалай дегенде де еліміздегі бі­лім сапасын арттыру жоғары оқу орын­дарының санын азайтумен ғана шектелмейтінін аңғарамыз. Бірқатар сарап­шылар елімізде әлі де кеңестік басқару жүйесінің тетіктері сақталып отырғанын тілге тиек етсе, енді бірі қолға алынған тексерулер мен есеп беру формалары тәртіп бұзушылықты анықтап, жазалау мен маман ауыстыру мәселесімен шешілмеуі керек деген уәжін айтады. Яғни жоғары оқу орын­дарын басқаруды уақыт талабына сай жаңаша жүйелей отырып, жоғары білімнің интернационалдануын күшейту, елімізден кететін білімділер санын теңестіру, бюрократиялық кедергілерді жою, қаржыландыру, қандастарға квота бөлу, тағы да басқа түйткілді мәселелер таяу жылдарда шешімін табуы қажет.