Саясат • 25 Мамыр, 2021

Кандидаттар арасында бәсеке болады

266 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешім –Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің саяси жүйесін жаңғыртуға бағыт­талған реформаларының бірі. Ауылдық жерлерде әкімдерді сайлау тәжірибесі біздің елде бұрын да болған, бірақ сайлау тікелей өткізілмейтін еді.

Кандидаттар арасында  бәсеке болады

Өйткені бұрын ауыл, кент және ауылдық округ әкім­дерін аудан мәслихаты сайлай­тын. Ал аудандық мәсли­хат­тың кандидаттарын аудан әкімі ұсынған және олар жер­гілікті қоғамдастық жиналысымен келі­сілген. Мұндағы жаңа­шыл­дықтың мәні мынада – енді ауыл­дық округ әкімдерін сайлау тікелей болады. Яғни әкімдерді мәслихат депутаттары емес, азаматтар – қарапайым халықтың өзі таңдайды.

Ауылдық округтерде әкім­дерді таңдаудың жетілдірілген тетігі 2021 жылдың екінші жартысынан бастап қолданысқа енгізілмек. Ал жыл соңына дейін 836 ауылдық округ әкімінің өкі­леттік мерзімі аяқталады. Заң бо­йынша, бұған дейін 10 күн бұрын әкімнің тікелей сайлауы өтуі тиіс.

Сайлау туралы заңнамаға енгізілген өзгерістердің артында азаматтарды жергілікті жер­лердегі нақты саясатқа тарту­дың зор әлеуеті тұр. Заң­намадағы бұл өзгеріс әкім лауазымына кандидаттар арасында бәсекелестікті тудырып, жергілікті қоғамдастық­тың жұмысын жандандырады деген сенім мол. Өйткені тіке­лей сайлау өзін өзі ұсынатын кандидаттардың белсенділігін арттырып қана қоймайды, сондай-ақ саяси партияларды аймақтарда тиімді жұмыс істеуге ынталандырады. Ал бұл белсенділік саяси партияларға өздерінің кандидаттары нақты болуы үшін өте қажет.

Әрине, мұндай реформа­ны жүзеге асыру азаматтар мен қоғам белсенділерінің, сон­дай-ақ жергілікті мемлекеттік бас­қару және өзін өзі басқару ор­гандары өкілдерінің саяси сауат­тылығы мен мәдениетін арттыруды талап етеді. Бұл, сонымен қатар ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл­дық округтер әкімдерінің тіке­лей сайлауын енгізу туралы бастамасын іске асыру мультип­ликативті әсер ететінін де аңғартады.

 

Ермек ТОҚТАРОВ,

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері, PhD

Соңғы жаңалықтар