Теміржолшылар ірі қалаларда да, тіпті шағын стансаларда да коронавирус инфекциясына қарсы екпені белсенді қабылдауда. Қарағанды жолаушылар тасымалы бөлімшесі бірінші класты Жарық стансасының ұжымы «Самұрық-Қазына» қорының бастамасымен портфельдік компаниялар арасында «Мен екпе алдым» акциясына қосылды. Осылайша, станса кезекшілері, пойыз және маневрлік диспетчерлер екпенің бірінші компонентін алды.
– Ұжым екпені түсіністікпен қабылдады. Бүгінгі таңда вакциналау – коронавирус індетімен күрестегі жалғыз тиімді және қолжетімді құрал, – дейді станса бастығы Ғалия Жүнісова.
Қостанай локомотив пайдалану депосының жөндеуді бақылау бөлімінің жас қызметкерлері ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға өз үлестерін қосты. Жігіттер вакцина алып, әріптестерін короновирусқа қарсы екпені қабылдауға шақырды. Олар жаппай вакциналау ғана инфекцияның таралуын тоқтатуға, денсаулықты сақтауға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қабілетті екеніне сенімді. Әдетте, вакциналау өндірістен қол үзбей, депо мен стансаларда жұмыс істейтін медициналық кабинеттерде жүргізіледі. Жалпы, компания қызметкерлерінің 70%-ын вакциналау жоспарлануда.
«Егемен-ақпарат»