Аймақтар • 25 Мамыр, 2021

Электрмопед құрастырып шығарды

188 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайлық Александр Ерунов баламалы қуат көзімен жүретін шағын мопед құрастырып шықты. Өнертапқыш өзінің екі аяқты көлігі Кедендік одақтың барлық техникалық талабына сай құрастырылғанын, сондықтан шекара ашылса, Қазақстан мен Ресейдің арасында еш кедергісіз жүре беруге болатынын айтады.

Электрмопед құрастырып шығарды

Александр мектепті тә­мамдаған соң үш түрлі тех­­никалық мамандық бойын­ша білім алған. 8 жылдан бері Қостанай автожол кол­леджінде сабақ беріп жүр.

– Мен іштен жанатын қозғалтқыштың қыр-сы­рын, оның артық-кем тұс­тарын жақсы білемін. Де­ген­мен электр моторлары мен күннен қуат алатын па­нелдер бала кезімнен ерекше қызықтыратын. Жал­пы, электртранспорттар туралы таным-түсінігім қазірше тео­риялық деңгейде ғана. Өйткені бұл салаға қатысты неше түрлі пікір бар, олардың біразы бір-біріне кереғар келіп жатады. Сондықтан электр­­қозғалтқыш пен баламалы қуат көздерінің кемшін жақтары мен басым тұстарын жете түсіну мақ­са­тында өз қолыммен элек­тр­мо­пед құ­растырып шығу­ды жөн санадым, – дейді Алек­сандр.

Жас оқытушы электр мо­педін төрт жыл ішінде құ­растырып шығыпты. Оған бір жағынан қаржы тапшылығы кедергі болса, екінші жағы­нан кейбір техникалық мәселе­лердің туындауы себеп болса керек. Өнертапқыш екі аяқ­ты көлігін өзі тұратын пә­терде құрастырып шыққан. Ай­туынша, мопедтің моторын Алматыдан, қаңқасын Мәс­кеуден, алдыңғы доң­ғалағын Тольяттиден алдыр­ған. Бірсыпыра бөлшек­ті интернет-сайттар ар­қы­лы сатып алыпты. Қол­дан құрастырылған электр кө­лі­гінің жылдамдығы саға­тына 72 шақырымға дейін барады. Баламалы қуат көзі­мен жү­ретін мопед 120 килоға дейін жүк көтере алады.

– Бұл мопедтің қосалқы бөлшектерінің түгелге жуығын сатып алдым, жаңадан ештеңе ойлап табудың қажеті жоқ. Бірақ кейбір жерлерін өзімше ойластырып жасап шығуға тура келді. Мысалы, электр сым­дарын өзім жүйеледім, электр блогын өзім жинап шық­тым. Бұл жүйе 72 Вольтқа есеп­телген, – деді Александр.

Қостанайлық өнертапқыш ерекше жобасын түбегейлі аяқтап, көлігін сынақтан өткі­зу үшін өзі тапсырыс берген литий-темір-фосфатты қуат­тан­дырғыштың келуін күтіп отыр.

 

Қостанай облысы