Аймақтар • 25 Мамыр, 2021

Ұшақ ішінде шу шығарған мас жолаушыға айыппұл салынды

262 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Көлік полицейлері «Нұр-Сұлтан-Тараз» бағытындағы әуе рейсінен мас жолаушыны түсіріп алды, деп хабарлайды Egemen.kz Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұшақ ішінде шу шығарған мас жолаушыға айыппұл салынды

Департаменттің мәліметінше, Тараз қаласы әуежайындағы Желілік полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне диспетчерден «Нұр-Сұлтан-Тараз» бағытындағы әуе рейсінің бортында құқықбұзушы бар екендігі туралы хабарлама келіп түскен.

«Тексеру барысында ер адамның мас күйінде өзін агрессивті ұстап, экипаж мүшелерін балағаттап, бортсеріктердің ескертуіне құлақ аспағандығы анықталды. Жолаушы әуе кемесі командирінің актісі бойынша рейстен түсіріліп, кезекші бөлімге жеткізілді. Ол Маңғыстау облысының 48 жастағы тұрғыны болып шықты. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, ол «орташа дәрежеде» мас күйде болған», делінген хабарламада.

Құқықбұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы 1-бөлігімен, яғни ішімдік ішу немесе қоғамдық орынға мас күйде келу және ҚР ӘҚБтК-нің 566-бабы 1-бөлігімен, яғни әуе кемесінде мінез-құлық қағидаларын бұзу бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, 8 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.

Сонымен қатар оған қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша да үшінші әкімшілік хаттама толтырылып, процессуалдық шешім қабылдау үшін Тараз қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданды.