Тұрғындар жергілікті басқару органының басшысын тікелей сайлай отырып, өздері ауыл болашағын сеніп тапсыра алатын тұлғаны таңдайды. Яғни мажоритарлы сайлау жүйесі көптеген ауылдағы түйткілді мәселелердің түйінін тарқатады деген сенім бар. Жергілікті халық талапты, үдеден шығатын, ел сенетін әкімді таңдау арқылы өзінің талап-арызын да айқын, ашық айта алатын болады. Мұндай сайлау жүйесі бір жағынан әкім болғысы келетін үміткерге де зор жауапкершілік арқалатады. «Уәде – Құдай сөзі» болған соң, кандидат серттен таймауға, сенімнен шығуға ұмтылады. Себебі ауыл әкімі атану – саяси қызметтің алғашқы баспалдағы десе де болады. Ауылда абырой жинап, айтқанын адамдар қолдап тұрса, алда әлі де талай биік бар.
Екінші жағынан, ауыл әкімдерін тікелей сайлауға азаматтық қоғамды дамытудың, адамдардың белсенділігін арттырудың жолы деп те қарауға болатын секілді. Неге? Себебі тұрып жатқан елді мекенінің гүлденгенін қалаған азамат сайлаудан да, сайлаудан кейінгі ауыл тағдыры таразыланатын түрлі жиындардан да қалмайды. Яғни азаматтық ұстанымы, жауапкершілігі жоғары тұрғындар қалыптасады деген сөз.
Үшіншіден, мұндай сайлауға үміткер ретінде қарапайым азамат та, белгілі бір партияның өкілі де түсе алады. Ең бастысы – ел сенімінен шығып, адал қызмет ету. Сондықтан бұл саяси дода кезінде партия өкілдері де қарап қалмайтыны анық. Өкілінің өзі де, сөзі де өтімді болуы үшін еліміздегі саяси партиялардың жарғақ құлағы жастыққа тимейтін кезең жақын. Бұл да азаматтардың белсенділігін арттырып, сайлауға қан жүгіртеді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл бастаманы сонау 2012 жылы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» Жолдауында көтеріп: «Жергілікті өзін өзі басқаруды жетілдіріп, барша жергілікті даму мәселелерін шешуге азаматтардың қатысуын кеңейту аса маңызды», деген болатын. Тіпті сол жылдың 1 шілдесіне дейін Үкімет Жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы жобасын да әзірлеген. Араға бір жыл салып, 2013 жылы еліміздегі елді мекендерде саяси дода басталды да кетті. Бұдан соң, араға тағы төрт жыл салып, 2017 жылы аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттер мен ауылдардың әкімдері сайланды. Ресми мәліметке сәйкес сол кездегі сайлау науқанында ауыл әкіміне 4059 кандидат ұсынылып, олардың 3951-і тіркеуден өтіп, 1416 ауыл әкімі сайланыпты.
Содан бері не өзгерді, дәлірек айтсақ, нені өзгерткіміз келіп отыр. Айтайық, бұған дейін ауыл әкімі тек жанама дауыс беру арқылы, яғни жергілікті мәслихат депутаттарының шешімі арқылы сайланып келген болатын. Бұдан былай ауыл басшысын халық тікелей дауыс беру арқылы анықтайды. Өзгеріс сол «жанама» мен «тікелей» сөздерінде ғана болғанымен, бұрынғы мен бүгінгі сайлаудың екі арасы жер мен көктей. Осылайша, өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында дәл осы «Жергілікті өзін өзі басқаруды жетілдіру» мәселесін тағы көтеріп, ортаға орамды ой тастаған.
«Мемлекеттік биліктің барлық дерлік институтын реформалау керек. Жаңғыртудың негізгі мақсаты – тұтас мемлекеттің тиімділігін арттыру. Егер азаматтарымыздың әл-ауқатын шын мәнінде жақсартқымыз келсе, олардың өздерін осы іске белсенді түрде тартқан жөн. Алдағы саяси реформалардың барлығы халықты мемлекет басқару ісіне кеңінен қатыстыруға бағытталуы керек. Мысалы, қоғамдық пікір сауалдамалары ауыл әкімдерінің сайлау арқылы қызметке келуіне қатысты сұраныстың артқанын көрсетіп отыр. Бұл маңызды қадамды жан-жақты ойластырып, дәйекті түрде жүзеге асырған жөн. Мұндай жүйенің қалай жұмыс істейтінін нақты білуіміз керек. Алайда бұл мәселенің шешімін кейінге қалдыруға болмайды. Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын. Жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуымен қатар, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзыреттерді бөлу және жергілікті өзін өзі басқару ісін айқындап алуымыз қажет», деген болатын ел Президенті.
Мемлекет басшысының сөзі назардан тыс қалған жоқ. Осы жылғы 20 мамырда Сенатта «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы қаралып, қабылданды. Оған кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойып, маңызды бастаманың алғашқы нақты қадамы жасалды.
Депутаттардың айтуынша, ауыл әкімдерін сайлау саяси бәсекелестікті күшейтіп, қоғамның азаматтық белсенділігін арттырады және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын толығымен іске асыруға ықпал етеді. «Қабылданған заң азаматтардың ауыл әкімін сайлауына қатысуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде тұрғындардың жергілікті басқару құрылымын нығайту ісіне араласуларын қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда елімізде 2 345 ауыл әкімі жұмыс істейді. Заң күшіне енгеннен кейін осы жылдың екінші жарты жылдығында 836 әкімді тікелей дауыс беру арқылы сайлау мүмкіндігі туады. Әкімдердің төте сайлануы жергілікті мемлекеттік басқару органдарының халықтың қажеттіліктері мен проблемаларын назар аудару мүмкіндігін арттыруға ықпал етеді», дейді сенатор Сұлтанбек Мәкежанов.
Осылайша, биыл ауылдық әкімдіктерде бірқатар өзгеріс болғалы тұр. Ал саяси науқанға барлығы 1 млн 250 мың сайлаушы қатысады деген болжам бар. Алда ауқымды жұмыс тұр. Ең бастысы – әкімдер сайлауы әділ әрі ашық өтуі тиіс.