Абай ілімі тек кешегі тарихтың еншісінде қалатын қазақ ойының өткінші өркендеу кезеңі болып қалуға тиіс емес, бүгіннің ұмтылар мақсат-межесі, ертеңнің бағындырған биігі болмағы абзал. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында айтылған: «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек», деген ойы бүгінгі елдің Абай армандаған қазақ баласын қалыптастыру жолындағы алға ұстанар бағдарын белгілеп тұр.
Қалың елді өркениет төріне жетелер кемел тұлға – болмысына «ыстық қайрат», «нұрлы ақыл», «жылы жүрек» бекем орныққан толық адам қалыптасу үшін не істемек керек? Хакім Абайға жүгінсек, «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы-жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады». Демек, адам баласының қандай болмағы тәрбиеден екен. Ата-ананың тәрбиесі ғана емес, әр адамның өзін өзі қалай тәрбиелеуінде екен. Бүгінгі уақыт үшін аса қажетті, аса маңызды ой. Ойланып қаласың. «Осы біз өз ұрпағымызды, сонымен бірге өзімізді өзіміз қалай тәрбиелеп жүрміз? Тәрбиелеп жүрміз бе?.. Тәрбие жөнін Абайдан іздесек, қандай жол көрер едік?».
«Адам баласының ең жаманы – талапсыз...» дейді ғұлама. Демек, ең керегі талап екен. Ұрпағыңды, өзіңді білімді, ойлы, қарекетшіл адамға айналдыруға талаптану, талпыну екен. Ұлы Абайдың бұл ойы – дәл осы күннің өзекті мәселесі. Өйткені жаһанды жайлаған бүгінгі адам баласы заманға лайық білім-ғылымға ұмтылмаса, үйренген ғылымын іске жарату жолын ойланбаса, ойланып тапқан жолын игілікке айналдыру үшін әрекеттенбесе, адамзаттың даму қарқынына ілесе алмай, ескі жұртта аңырып қала бермек. Сіз бен бізге бұл керек пе? Керек болмаса, ұрпағымыздың, өзіміздің бойымызға уақыт үдесінен табылатын білімге, ғылымға, еңбекке талаптану мінезін сіңірмек жөн.
Алайда талаптану көз қызығып, көңіл сүйсінген әр нәрсенің соңынан жүгіре беру болмаса керек. Ондай қылықтың соңы ештеңеге қол жетпей, уақытты зая кетіру болып шығары анық. Уақыттан ұтылып, өкініп отырмас үшін әуелі бойдағы қабілетті танып, соған сәйкес іздену, еңбектену жемісті биікке жеткізбек. Сан саладан жиылып келіп, бір арнада тоғысқан әр адамның жетістігінен тұтастай қоғамның игілігі құралмақ. Демек, әр адам алға ұмтылып, талаптанған сайын, миллиондарды біріктірген қоғам да ілгерілей бермек.
Ал талаптанудағы мақсат не? Данышпан Абай ол мақсатты да айқын көрсетеді:
Сен де – бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар, қалан! – дейді.
Демек, Абай үміт еткен әр қазақ баласының парызы туған елге адал ниетпен қызмет ету болмағы ләзім. Өйткені әр адамның мінезінен, ой-ниетінен, іс-әрекетінен, мақсат-мүддесінен қоғамның жолы айқындалады. Қоғамның жолы дегеніміз – бүгінгі сіз бен біз өмір сүріп жатқан Қазақ елінің жолы. Сондықтан да Қазақ елінің өркендеп, кемелденуін ойлаған әр азамат өзін дамытуға, кемелдендіруге ұмтылғаны абзал. Кемелденудегі мақсат – ұлтқа қызмет ету. Ал кемелденудің бір көрінісі – арлы болу, ел ісіне адал болу, қара бастың қамынан халықтық мақсат-мұратты жоғары қою. Адамзаттық даналық биігін бағындырған қазақ кемеңгерінің:
«Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге!» – деп, білімді ар-ұятпен ұштастыруды ұлағат етуінің сыры осында.
Ұлы тұлғаны өзіне ұстаз тұтқан Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы: «Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білуге тиіс», – дегенде, оның көздегені де хакім Абайдың мақсат-мұратын тану, Абайдың өнеге еткен өрісті жолын ұстану болғаны хақ. Ақынның өзі де «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде: «Мұны жазған кісінің Атын білме, сөзін біл!» – деп айтып өтетіні бар. Демек, халықтың абыз болмысты перзенті өзінің атын шығаруды емес, ойлы сөзі арқылы қалың елі қазағын өркенді жолға бастауды мақсат еткені анық. Ал Абай межелеген мақсатты сіз бен біз ұстана алдық па? Бойымыздағы Абай сынаған кемшіліктерден арыла алдық па?
Өз тұсындағы тірлік көріністеріне зер сала отырып, көңіліне алаң кіретін ойшыл ақынның:
...Қазақтың өзге жұрттан
сөзі ұзын,
Бірінен бірі шапшаң,
ұқпас сөзін.
Көздің жасы,
жүректің қаныменен
Ерітуге болмайды
іште мұзын.
...Адасып, алаңдама жол
таба алмай,
Берірек түзу жолға шық,
қамалмай.
Не ғылым жоқ
немесе еңбек те жоқ,
Ең болмаса кеттің ғой
мал баға алмай, –
деп, жұрт тірлігіне реніш білдіруі, қапалана налуы жайдан-жай болмағаны және түсінікті.
Кемеңгер ақынның алаңы – елдің жайы, елдің бүгінгі халі, ертеңгі орны. Ақын тамыры ортақ болса да, бір-бірімен ұғыса алмай, сөз қуаласып жүрген жұртының келер күніне алаңдайды. Тұтаса жұмылып, ырзық-берекелі жолға түсудің орнына, бірін-бірі түртпектеп, етектен тартып, кежегесі кейін кеткен халқының келешегін уайымдайды. Бірақ түпсіз қайғыға бой алдырып, сарыуайымға салынбайды. Елді өркендетер жол ғылым-білім мен еңбек екендігін тағы да ойға салады.
Ұлы ақынды алаңдатқан жағдай әлі де маңызды, әлі де өзекті. Демек, біздің ойлануымыз керек-ау, ойланып қана қоймай, Абай үлгі еткен өркендеу жолына түсуіміз керек-ау. Бұл жол елдің дамуына септігі тиетін ғылым жолы, елдің дәулеті артуына үлес қосатын еңбек жолы екені анық. Ендеше, не кедергі?
Кедергі – кезінде ақын Абайдың жанына тыншу бермеген алауыздық, аяқтан шалған бақталастық, ауызбіршіліктің жоқтығы, күпілдек мақтангөйлік, дақпырт қуған даңғойлық, парықсыз паңдық, көреалмаушылық сияқты келеңсіз мінездер. Мінездегі мінді бүгін түзеп, адасқан ойды бүгін оңға бағыттамасақ, жетер жеріміз қайсы? Бұл сұрақтың жауабын да данышпан сөзінен табамыз:
Ел бұзылса, табады шайтан
өрнек,
Періште төменшіктеп,
қайғы жемек.
Өзімнің иттігімнен
болды демей,
Жеңді ғой деп шайтанға
болар көмек.
Сырттансынбақ, қусынбақ,
өршілденбек,
Сыбырменен топ жасап
бөлек-бөлек.
Арамдықпен бар ма екен
жаннан аспақ,
Өзімен өзі бір күн болмай ма
әлек?
Ақын айтар ақыл біреу: топ-топқа бөлініп, ел бұзылмау керек. Ел бұзылса, халық қамын ойлаған жақсының жолы жабылып, бар қайраты әрісі әулетінен аспай жүрген пысықтардың жолы оңғарылмақ. Ондай халге жеткен елде «бас-басына би болған өңкей қиқым» өз дәрібін асырған азғантай ғана тобының қамын күйттеп, ынтымақ-бірлікке шақырған аяулының алдын орап, аяғынан шалып, ақырында тұтас елден береке қашпақ.
Елге берекенің құтаюы әр адамның мінез-құлқынан, пиғыл-ниетінен, тірлік-қарекетінен басталмақ. Берекесіздіктің бел алуы да солай. Түптеп келгенде, ортақ өмірдің қандай болмағы сол қоғамдағы әр адамға қатысты. Әр адам өз қоғамы үшін жауапты. Абай сөзімен айтқанда, «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, замандасының бәрі виноват». Демек, заманның қандай болмағы қоғамына, қоғамның қандай болмағы адамына байланысты екен. Ал ел жүгін иығына артып, ел мерейін биіктетер азаматқа айналу үшін адам баласы қандай болмақ керек? Оның жауабын да Абай ойынан табамыз:
...Осыны оқып, ойлай бер,
болсаң зерек,
Еңбекті сат,
ар сатып неге керек?
Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті:
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл,
жылы жүрек.
Хакім айтқан үш қасиеттің сипатына ойлана қарасақ, қай-қайсысына да сәулелі жылылық тән екенін байқаймыз. Бұл жайт адам баласының бір-бірімен қарым-қатынасында адамгершілік, ізгілік, таза ниеттілік жатуы қажеттігін аңғартады. Сананы жетелер ақыл-ой адам баласына деген ізгі ниетке негізделіп, жұмсалар қайрат жақсылық жолына бағытталып, жүрек жылуы бір-бірімізді бауыр тартуға арналып жатса, айнала дүние күн шуағына бөленгендей өмірге жақындай береріңді ұғасың. Абыз болмысты ақын айтқан қасиеттерге парасат көзімен үңіліп, бойымызға сіңіре білсек, қалың елі, қазағының қамын ойлап, ертеңіне алаң болып өткен данышпан Абай арманының орындалуына, тамшыдай болса да, үлес қосқан болар едік. Ол үшін бірінші кезекте керегі – бір атаның баласындай жұмылып, ел мен жерге қызмет ету, ел бірлігін мақсат тұту. Осынау мақсат жолында:
Біріңді, қазақ, бірің дос
Көрмесең, істің бәрі бос,
– деген кемеңгер сөзі елдікті мұрат еткен әр азаматтың өмірлік Темірқазығына айналса, бірлік жолы берекелі биіктерге жеткізері шүбәсіз.
Сөзіне адамзат ұйыған ұлы Абай ұлағатын ұлықтап, Абай жолын бағдар еткен елдің кемелдік биігіне қол жеткізіп, өркениет төрінен орын алары анық.
Аманжол ӘЛТАЙ,
Филология ғылымдарының докторы