Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 2021 жылғы 11 наурыздағы Үкімет отырысындағы баяндамасында: «Дарынды балаларды қолдау жұмыстарын жалғастырамыз. «Мың бала» жобасы жалғасады, Республикалық олимпиаданың, Президенттік олимпиаданың жаңа үлгілері енгізіледі. Оған қоса, жақында қабылданған заңның шеңберінде қосымша білім алуға кең мүмкіндік беру үшін мемлекеттік тапсырыс конкурстық негізде және жекеменшік ұйымдарда да орналасатын болады. Соның нәтижесінде 2025 жылы бұл көрсеткіш 100 пайызға дейін жетеді. Бес жылдың ішінде барлық мектепте спортпен айналысуға жағдай жасалады. Сондай-ақ дене шынықтыру мұғалімдеріне секциялар мен үйірмелер өткізгені үшін ай сайын қосымша 17 мың теңге ақы төленеді», деген еді.
Министрліктің қосымша білім берудің көкжиегін кеңейтуге қатысты бастамасын өңірлік әкімдіктер де қолдай бастаған сыңайлы. Елорда әкімі Алтай Көлгінов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында балаларды қосымша біліммен қамту жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын жазды.
«Сапалы білім беру мен оқушылардың жан-жақты дамуы үшін мектептерді салып, оларды жөндеуден басқа, қосымша білім беруді дамытуға ерекше назар аудару қажет. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес балаларды қосымша біліммен барынша қамту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Балалардың спорттық, шығармашылық және зияткерлік әлеуетін іске асыруы маңызды. Бірқатар көпбейінді қосымша білім беру орталықтарының жұмыс барысымен таныстым. Оның ішінде Железнодорожный елді мекенінде орналасқан техникалық шығармашылық орталығы бар. Ғимарат бұрын бос тұрса, қазір жөнделіп, қосымша білім беретін орталыққа айналды (Ж.Жабаев көшесі, 27). Аталған қосымша білім беру орталығында роботтехникамен, авиамодельдеумен, техникалық дизайнмен, қолөнермен, мотокроспен және т.б. айналысу үшін барлық жағдай жасалған. Орталықтың 30-дан астам филиалы жұмыс істейді. Олар қала ішінде де, елді мекендерде де орналасқан. 7 жастан 18 жасқа дейінгі балалар орталыққа тегін бара алады», дейді бас қаланың әкімі.
А.Көлгінов өзінің жазбасында тағы М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында (Ә.Мәмбетов көшесі, 1) жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қосымша үйірмелер ашылғанын тілге тиек еткен. Оның айтуынша, онда көркем және әлеуметтік шығармашылықты, дене шынықтыру мен спортты дамыту үшін барлық жағдай жасалды. Орталықта лингвистика, домбыра, шахмат, тоғызқұмалақ, роботтехника, видеографика, спорт секциялары (бассейн, баскетбол) және т.б. кабинеттер бар.
«Балаларды қосымша біліммен қамтуда аула клубтары да көмектеседі. Бүгінде Нұр-Сұлтанда 28 аула клубы жұмыс істеп тұр, ал ондағы тәрбиеленушілерінің саны шамамен 3 мың баланы құрайды. Және биыл қосымша жаңа Оқушылар сарайы ғимаратының құрылысын бастаймыз», деді елорда әкімі.