Алдын алу шаралары қабылданды
– Халқымызда «Кеңесіп іс басқару – келелі елдің белгісі, жұмыла жұмыс атқару – өрелі елдің белгісі» деген даналық бар. Бұл, әсіресе, идеология саласына жауапты біздің ведомство үшін ерекше мәнге ие. Өздеріңіз білетіндей, өткен 2020 жыл бұқаралық ақпарат құралдары үшін өте қиын болды. Олар жарнамадан түсетін кірістердің шектелуі мен болмауына байланысты үлкен қаржылық қиындықтарға тап болды. Сондықтан бірінші кезекте біз дағдарыстың салдарын жою бойынша жүйелі жұмысқа кірістік. Президенттің тапсырмасымен және Үкіметтің қолдауымен мемлекет теңдессіз көмек көрсетті. Соның арқасында көптеген жекеменшік БАҚ өз жұмысын жалғастыруға мүмкіндік алды, – деді Аида Балаева.
Ведомство басшысының айтуынша, 2020 жылы мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыру 88 БАҚ арқылы сәтті жүзеге асырылды. Олардың күшімен COVID-2019-ға қарсы іс-қимыл және вирусты таратпау жөніндегі шараларды ақпараттық түсіндіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. 250-ден астам бейнебаян шығарылды. «Ел арна» және «Балапан» телеарналарының эфирінде «онлайн сабақтар» трансляциясы қамтамасыз етілді, бұл қазақстандық балаларға инфекция жұқтыру қаупінсіз, әрі үздіксіз білім алуға мүмкіндік берді.
– Пандемияның алғашқы күндерінен бастап, елімізде «coronavirus2020.kz» порталы іске қосылды. Осы сайттың «Telegram-арнасы» ашылды. Ол елдің 240 мыңнан астам жазылушысы бар ең танымал Телеграмм-арналарының біріне айналды. Пандемиямен байланысты жаппай таралатын фейктерге қарсы іс-қимыл мақсатында 2020 жылғы шілдеде «stopfake.kz» сайты іске қосылды, ол құрылған сәттен бастап, 1 263 жалған ақпарат теріске шығарылды, – деді министр.
Озық жұмыс істеу. Ақпарат және қоғамдық даму министрі халық алдында есеп беру барысында бүгінгі ақпараттық ғасырдағы осы бір қызмет принципіне тоқталды. Оның айтуынша, бұл саланың перспективалық даму мәселелеріне ғана емес, туындаған проблемаларды күнделікті шешуге де қатысты.
– Сондықтан өзекті және жұмысқа қабілетті нормативтік-құқықтық негізсіз қазіргі заманғы әлемдік ақпараттық кеңістіктен тыс қалу қаупі бар екені анық. Осыған байланысты біз кейбір алдын алу шараларын қабылдадық. Біріншіден, 2020 жылғы 30 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды, ол мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың тиімділігін ғана емес, сонымен қатар БАҚ-тың коммерциялық мүмкіндіктерін де арттыруға жағдай жасайды. Екіншіден, саланың жүйелі проблемаларын, оның ішінде «Бұқаралық коммуникация құралдары туралы» Заңды жетілдіру жолымен шешу жөніндегі шаралар кешенін көздейтін ақпарат саласын дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған Ұлттық жоспары бекітілді. Үшіншіден, саланың кадрлық әлеуетінің кәсіби деңгейін арттыру саласында жүйелі жұмыс басталды. «2020-2021 жылдарға арналған медиа саласы мамандарын оқыту жөніндегі арнайы жоспар» әзірленді. Ең алдымен, бұл салалық журналистикаға қатысты, – деді Аида Балаева.
Ірі басылымдар
бір шаңырақ астына біріктіріледі
Еліміздің басты ақпараттық ресурстарын оңтайландыру мен жаңғыртуға тікелей әсер еткен жаңалықтар туралы айта келе, министр еліміздің ірі басылымдары – «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттері бір шаңырақ астына біріктірілгендігін атап өтті. Бұған қоса, жылдың соңына дейін мемлекеттік баспа басылымдары «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ мен «Қазақ газеттері» ЖШС біріктіріліп, «Қазақ газеттері» бірыңғай брендімен жұмыс істейтін болады. Бұл шаралар мемлекеттік баспа басылымдарына жаңа бірлескен жобаларды бірлесіп іске асыруға мүмкіндік береді. Осы жылдың тағы бір маңызды оқиғасы «Қазақ радиосының» ғасырлық мерейтойы болмақ. Оның құрметіне еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында аудитория ашу және Орынбор қаласында ескерткіш тақта орнату көзделген.
– Ең бастысы – 2021 жылдың соңына дейін шекара маңындағы аймақтарда 107 радиотаратқыш орнатылады. Нәтижесінде, 630 мыңнан астам адам тұратын Түркістан, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарының шекара маңындағы аумақтарының 400-ден астам ауылы «Qazaq radiosy» және «Шалқар» радиосының хабарларын тыңдау мүмкіндігіне ие болады. Ал жалпы, Жол картасын іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай радиобағдарламалармен шекара маңындағы өңірлерде тұратын халықтың 95%-ына дейіні қамтылатын болады, – деді Аида Балаева.
Министр Мемлекет басшысының ақпараттық контентті идеологиялық толықтыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен таныстырды. «Отандық телеарналар тарихи бағыттағы сериалдық өнімдерді шығару бойынша жұмысты бастады, бұл аталған тақырыптың үлесін 30%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар 2020 жылдың 1 маусымынан бастап «Qazaqstan» РТРК» АҚ құрамындағы «Аbai TV» телеарнасында хабар тарату ұйымдастырылды. «Балапан» телеарнасындағы жоба – Жапония мен Оңтүстік Корея шеберлері кәсіби оқыту жүргізетін ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған анимациялық мектеп алғаш рет іске қосылғанын атап өткім келеді», деді Аида Балаева. Сондай-ақ, министр еліміздегі ақпаратқа қол жеткізу мәселесіне де тоқталды.
– Мемлекет басшысы өз Жолдауында бұл мәселеге ерекше назар аударғаны кездейсоқ емес. «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заң қабылданған сәттен бастап оған тұжырымдамалық өзгерістер енгізілмеген. Осыған байла-
нысты, қажетті түзетулер топтамасы әзірленді, оған Президент 2020 жылғы 30 желтоқсанда қол қойды. Осылайша, бұдан былай барлық мемлекеттік органдар ақпаратқа қолжеткізу мәселелері бойынша уәкілетті тұлғалар немесе бөлімшелер айқындалды. Биыл Үкімет Мемлекет басшысына алғаш рет ақпаратқа қолжеткізу саласының жай-күйі туралы есеп беретін болады. Ақпарат иеленушілердің тізбесі кеңейтілді, олардың қатарына орталық және жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындаушылар жатқызылды. Мемлекеттік органдар үшін нормативтік құқықтық актілер мен бюджеттік бағдарламалар жобаларын жария талқылаудың басталғаны туралы ақпараттық хабарламаларды, интернет-ресурстарын орналастыру бойынша талап енгізілді, – деді министр.
Жаңа сападағы
қоғамдық сана
Ведомство басшысы азаматтық қоғамды дамыту мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде елімізде заңды түрде тіркелген 22 мыңнан астам ҮЕҰ бар. Ал іс жүзінде 16 мың белсенді ұйым немесе әлеуметтік әділеттілік сезімі ерекше 40 мыңға жуық адам бар. Бұл орасан зор қоғамдық әлеует, зияткерлік күш пен қуатты қарапайым азаматтардың пайдасына, ал, сайып келгенде, әлеуметтік прогрестің игілігіне айналдыруға болады және айналдыру керек.
– Мемлекет жыл сайын ҮЕҰ-мен серіктестікті арттырып келеді. Бұл ретте мұның бәрі жергілікті ортада қабылданғандай, гранттар мен әлеуметтік тапсырыстар түрінде қаржылық қолдауға ғана байланысты емес. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қаржыландыру көлемі соңғы 5 жылда 2 есеге, гранттар 3 есеге артты. Осының арқасында жыл сайын орта есеппен 2 мыңға жуық әлеуметтік маңызы бар жоба жүзеге асырылады. Біздің басты мақсатымыз – азаматтық бастамаларды толыққанды іске асыру және ҮЕҰ-ның өзін-өзі дамыту үшін өркениетті жағдай жасау, – деді Аида Балаева.
Онлайн кездесу барысында министр орталық мемлекеттік орган құзырындағы тағы бір маңызды идеологиялық бағыт – қоғамдық сананы жаңғырту екендігін айтты. Әрине, руханият бағытындағы жұмыстың нәтижесі бірден көрінбейтіні белгілі. Оның ішінде қоғамдық сананы жаңғырту үлкен еңбекті, ұзақ мерзімді талап етеді.
– Дегенмен қол жеткізген нәтижелер жоқ емес. Тұңғыш Президент – Елбасымыздың тарихи мақаласынан бастау алған бағдарлама бойынша бүгінде 17 арнайы жоба жүзеге асырылып жатыр. Жыл басынан бері 3 миллионнан астам тұрғынды қамтыған 13 мыңнан артық іс-шара өткізілді. Әр жобаның өз орны мен аудиториясы бар. Дегенмен солардың арасында «Туған жер», «100 жаңа есім», «Киелі Қазақстан», «100 жаңа оқулық», «Еңбек – елдің мұраты», «Үнем – қоғам қуаты» жобаларын ерекше атауға болады. Бағдарламаның басты мақсаты – жаңа сападағы қоғамдық сана қалыптастыру. Бұл ретте, биылдан бастап «Рухани жаңғыру» бағдарламасын – Ұлттық жаңғыру кезеңіне өткізу қолға алынды. Бағдарламаны халықтың жас ерекшеліктеріне сай топтап, әр мақсатты топ үшін арнайы жобалар әзірленеді. Оның ішінде, әсіресе, мектепке дейінгі және мектеп жасындағы буынға басты көңіл бөлінетін болады, – деді Аида Балаева.
Сондай-ақ есепті кездесу барысында министр волонтерлердің қызметі мен қайырымдылық, жастар және отбасы саясаты, этносаралық қатынастар, қандастар, дін саласы мәселелеріне тоқталып, өз ойларын ортаға салып, қоғамды толғандыратын өзекті сұрақтарға жауап берді.