Тап осы күні, таусылып сөйлейтіндерге таным бар. Титықтаған тылда тірлік етіп, көрмекті көрген, бір қала мен бір қаланың арасын жалаң аяқ бағындырған адамша тебіренеді. Мен білсем, азаттықтың әр таңы ұлы. Сонда маңдайға біткен бағымызды қадіріне жету үшін қанша уақыт керек. Еркіндікке масаттанған жаңа буынның дидарында бір немқұрайлылық бар секілді. Ол – жауапкершіліктің жоқтығы. Яки, қарқылдап күліп, саңқылдап сөйлеп дағдыланған жаңа толқын кейбір дүниенің байыбына бара бермейтіндей көрінеді. Бұл сонау қаһарлы жылдарда тағдырға табанын қарытқан, қара судан басқа түгі жоқ қара қазанға ұзақ телмірген тәуелсіздікке дейінгі буын өкілдерінің әңгімесі.
Иә, осы мәнзелдес пікірлермен жиі ұшырасамыз. Өткен мен бүгіннің ой-санасындағы қайшылықтар қақтығысы дейміз-ау, алайда соғыстың азабын соғысқа бармай-ақ көрген үлкендердің біздіңше ұяты биік, толғамы дұрыс. Бабамыздың көргенін – атамыз, атамыздың көргенін – әкеміз, әкеміздің көргенін – біз айна-қатесіз басымыздан кешпесек те, заманның ауқыма қарап ой қорытуға, пәлсапа өрбітуге болады. Бейбіт күннің қазіргі жайнаған аспанын, мамыражай мынау күйін неге емірене жырламасқа.
Бүгінде шыны керек, мемлекет пен азаматтық қоғам, билік пен халық арасындағы ықпалдастықты нығайтатын демократиялық өріс кеңейді. Кеңейе бермек. Соның нәтижесінде азамат – қоғам – мемлекет кескіндемесіндегі барлық бунақтың саяси жасампаздығына жаңа қарқын бітіп, көзқарастар өзгерді. Шынында, тәуелсіздік төбеден түспейді. Айтуға жеңіл болғанымен, салмағы ауыр сөз. Біздің жас мемлекетіміз жартасы көп, ағыны қатты тар бұғазбен алғаш алыс сапарға шыққан кеме сияқты. Тәубе, тұмсығымыз тасқа тимей, ілгері жылжып келеміз. Соны қамтамасыз ете алатындай сындарлы саяси ақыл табылғанына, оны ұғып құптай алатын ұғымтал халық барына шүкір. Алдағы құрбан ұрпақтың зая тағдырының ащы тағылымы бекер кетпепті. Соны нәзік сезініп, жіті түсінер алғыр ұрпақ бар екен. Соның нәтижесінде кешегі кеңестік кеңістікте лапылдаған ұлтаралық жанжалдар мен саяси бейбастықтар өртінен аман шықтық.
Тарих толқынын артта қалдырған біздің кемеміз мәңгілік үміт жағалауына жақын қалды. Бұндай кезде жауапкершілік бұрынғыдан да арта түседі. Өйткені сын кезең әлі өткен жоқ, тарихтың алдан қанша талқысы тосып тұрғанын ешкім білмейді. Сонда қалтылдақ қайықтың кебіне түспес үшін тәуелсіздік алғаннан бергі аз жыл ішінде жинақталған тағылым мен тәжірибені жете байыптап, әділ бағалағанымыз абзал. Бұдан әрі қарай да тізгінімізді сол талай тығырықтан аман алып өткен саяси реализм мен мемлекеттілігіміздің, демократия мен реформаның мүдделерін қорғаудағы азаматтық табандылықты сенімді һәм бекем ұстағанымыз дұрыс болары сөзсіз.
Енді, айналамызда болып жатқан қилы оқиғаларға көзапара қарайықшы. Көкте бір Құдайға, жерде бір өзіңе ғана сенім артып ғұмыр кешкен халқымыздың ымыраға бекуі қайран қалдырады. Бұйырған бақыттан татып, бұйырмыс ырзыққа бас салмай, сүйгізген ұрпағын сүйіп, өлшеулі ғұмырға пейіл болудан басқаның бәрі имансыздық санаған бабатаным жақсылыққа жолбасшы болып келеді. Оған «шүкір» демесімізге болмас. Көңілге медет қыларымыз тек бір бұл емес. Ең бастысы, жаңа ғасыр мен жаңа мыңжылдыққа егемен ел, тәуелсіз ұлт болып аттадық. Бұған жеткен де бар, жетпеген де бар. Өйтіп, біреуді көріп шүкір етіп, біреуді көріп пікір ету үшін де өткенге ой, бүгінге көз жіберуге тура келді. Ол үшін, ең алдымен, бір сұраққа іштей жауап беруіміз қажет. Әрқайсысымыз, жеке-жеке. «Бұл мерейлі мезетке қалай жеттік?» деген сауал санаға үнемі төңкеріс әкеліп, күнде көңіл түкпірінде ұялаған үлкен мақсатқа қозғаушы күш болуы шарт. Сонда ғана тәуелсіздіктің қуатын сезіне аламыз.
Әрине, өркениетті ел болған соң бостандықтың бозала таңында ақ боз атқа мініп, қыр басынан көрінген қызыр қуанышымызды құшқымыз келеді. Көк туымызды көтерген баба кейпі қашанда жүректе. Оның алдынан жүгіріп, аяғын құшуға бармыз. Үзеңгісіне жабысып, әкеден балаға ауысып келе жатқан сағынышымызды басқымыз келеді. Ақ жол үстіндегі бүгінгі буын адамгершілік пен азаматтық, жаңартушылық пен жасампаздық әліппесін жетік меңгеріп, жемісті жүзеге асырарына сенеміз. Мұны жете ұғынып, терең түсініп отырған дана халқымыз бар. Азаттық қазақтың ежелгі арманы еді. Тарпаң да талайлы тарихтың нешеме бұрылысында ел азаттығы үшін талай тарланның тақымы терден кеппеді. Ат үстінде өткен ғасырлар көп болды. Бостандық үшін күресте айрықша қылыш сермеп, бір адым жер үшін басын бәйгеге тіккен батырлар дүниеден өтті. Қаншамасы ұлт үшін ұрыс салып жүргенде қапы кетті. Әрине, бәрі бүгінде таусылмас аңызға айналды.
Бертінге дейін алып империяның тұсауында болдық. Алаш арыстарының темір тұсау адымын аштырмады. Жүйе жеп қойды. Одан кейін Желтоқсан оқиғасы жігер берді. Жаңа дәуірді аңсадық. Ақыры кеңес идеологиясының сағы сынды. Сол өлара кезеңде иперияның іргесі құлағанда қиын да күрделі өткелектердің бел ортасында жүріп өз тәуелсіздігіміздің отын жақтық. Елбасының жанқияр әрекеті айналып келгенде еліміздің пайдасына шешілді. Кеңестік жүйенің ең нәзік, ең талма буыны болып есептелетін республиканың тәуелсіздену үдерісі ешқандай жайбасарлыққа бармай, шалыс қимылға ұрынбай, бейбіт пікірталас арқылы салиқалы да ұстамды бағыт таңдағаны өзге елді елеңдетті. Одан арғы реформалар сол бағдар шеңберінде сабырлы қолдарға ауысты. Сол себепті тәуелсіздік турасында сөз қаузағанда Елбасының ерен еңбегінен айналып кете алмаймыз.
Бұл жайында Елбасымыз: «Кеңес Одағының күйреуі – жалпы империя атаулының табиғатынан туындайтын заңды қорытынды. Әрине, әртүрлі жағдаят сәтімен қабыса келгенде, Кеңес Одағының сондай мемлекет түрінде өмір сүруін ұзарта түсуге де болар еді. Оған менің үлес қосуым да мүмкін еді. Бірақ тарихтың өзіндік даму заңдылықтары бар, сондықтан мен ол мемлекеттің тарар тұсында өзіме ұсынылған қызметтерде жұмыс істеуге тура келмегенін тағдырдың маған жасалған жақсылығы деп білемін. Ең қиын, ең күрделі кезеңде бар қажыр-қайратым, бар білік-білімім Қазақстанның мемлекеттік мүддесіне бағытталғанына разылық білдіремін», дейді тереңнен толғанып.
Шындап келгенде, жас егемендік пен қаз-қаз тұрып келе жатқан демократияға, әсіресе алғашқы онжылдықтар тым қиын соғады. Болжамдасақ, біріншіден, онымен байланысты қоғамды түбегейлі жаңарту – бір айдың ғана немесе бір жылдың ғана ісі емес. Екіншіден, мәселенің мән-жайын бірден түсіну кім-кімге де оңай соқпайды, үшіншіден – осы уақыттың ішінде ұрпақтар ауысады. Осының бәрі егемендік жолындағы алғашқы баспалдақтар. Елбасының: «Экономикаға қолайлы жағдай жасалуы үшін еліміздегі көп ұлтты жұртшылықтың тыныштығы үшін КСРО-ны қайта өзгертіп қалыптастыруға, оны шын мәніндегі егемен елдердің еркін одағы ретінде жаңаш қайтадан құруға әрекет еттік. Бұл саясаттан біз ұттық. Себебі, ешкім бізге ішімізде де, сыртымызда да айып таға алмады. Өз тәуелсіздігімізді дау-дамайсыз жарияладық» дейтіні де содан.
Мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманов Елбасы жайлы жазбасында: «Сіздің өз өміріңіз жайындағы сұхбат кітабыңыз қай жағынан қарағанда да пайдалы, қажетті боларына сенемін. Жасыратыны жоқ, халқымыздың бәрі біздей бүгінгі бейбіт, бақуат өмірдің қандайлық қиындықпен келгенін жетік біле береді, қадіріне толық жетеді деп айта алмасақ керек. Осының бәрі өзінен өзі келіп жатқандай, солай болуға тиістідей көретіндер кездеспейді емес. Айналасы жиырма шақты жылда біздің жағдайымызда Америкадай аршындап кету, Жапониядағыдай жайнай қалу мүмкін болмайтынын түсінбейтіндер де табылады. Бұл тұрғыдан қарағанда Сіздің өміріңіз жайындағы әңгіме ең алдымен жас оқырмандар үшін керек» деп айтыпты. Біздің мақаламыздың екінші абзацында айтқан ойымызға астар болған осы пікір еді. Тәуелсіздікті һәм тұлғаны қадірлеу.
Осыдан-ақ аңғаруымызға болады, еліміздің сан ғасырлық тарихында мақтаныш тұтар, бүгінгіміз бен келешегіміз үшін ғибрат алар, кеудемізге қиналғанда үміт отын жағар оқиғалар көп болғандығын. Расында, Отан алдындағы адал қызметінен үлгі алар ұлы тұлғаларды аз еместігін. Қазақтың ұлт болып ұйысуы мен оның ұлан-ғайыр ата-қонысының қалыптасуын, ұлттық мемлекеттігіміздің бастауын сызған, өзі отырған тағы емес, билеп отырған халқының бағын ойлаған алыптардың өмірі үлкен өнеге. Әсіресе жастар үшін, біз үшін.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының қорытындысында: «Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек. Жаңа жаһандық үрдістер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озды. Сондықтан заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттің алдында тұр. Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс. Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр. Мен барша қазақстандықтар, әсіресе жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді», деп кеңінен толғанды. Өте әсерлі толғам. Қоғам рухани жігерленбей, бабатанымды бойына сіңірмей еркін өмір сүре алмайды. Ешқашанда.
Мынаны ұмытпайықшы, ата-бабаларымыздың халқымызға тән өзіндік шаруашылық жүргізу жүйесін қалыптастырды. Таңғажайып этномәдени үлгілерін жасау арқылы әлемдік өркениетке қосқан үлесі мол. Батырларымыздың жер мен ел тәуелсіздігін, ата-қоныс тұтастығын сыртқы һәм ішкі жаулардан қорғағаны ұрпаққа рухани дәрумен. Жау қолына тойтарыс берген хандар мен оларға ел мен мемлекет тұрғысынан ақыл-кеңес берген, кемшілікті айта білген ұлы билер дәстүрлері де жанға азық.
Осыншама, кең жерді нәсіп еткен Тәңірге тәубе! Ұшқан құстың қанаты талатын осынау ұлан-ғайыр Алтай мен Атырау аралығын ата-бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап келгені ел жадынан өшпек емес. Ендігі міндет сол жерді сақтап қалу. Қазынамызды келешек қамы үшін қадірлеп, берекемізді бұзбау. Сағыт сайын сан құбылған дүниенің тілін табу үшін тәуелсіздігімізді қадірлей білуіміз шарт. Кешегі бабалар аңсаған арман бүгінгі ұрпақтың басты мұраты. Егемендік – ел бесігі, ал сол бесікті тербететін сіз бен біз.