Аймақтар • 27 Мамыр, 2021

Маңғыстау «сары аймаққа» енді

156 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда «сары аймаққа» енген Маңғыстау облысында жалпы COVID-19 вирусын жұқтырғандардың саны 6 763-ті құрады. Оның 90%-ы емделіп шықса, 105 адам о дүниелік болды. Ал жыл басынан бері қауіпті індеттен 28 адам қайтыс болған.

Маңғыстау  «сары аймаққа» енді

Маңғыстау облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңірде денсаулық сақтау нысандары штаттық режімде жұмыс істеуде. Тұрғындарға 515 инфекциялық және 60 реани­мациялық төсектік 10 ста­ционар қызмет көрсетуде және бұған қосымша 2 452 төсектік орын, 131 реанимациялық орын толығымен жабдықталып, резервте дайын тұр. Осы жылдың 17-24 мамыр аралығында 359 адам ем қабылдап, жазылып шыққан. Бүгінде стационарларда 237 адам ем алып жатыр. Оның 20-сы кәмелет жасқа тол­маған балалар. Өңірде барлығы екі компонент бойынша 52 926 адам егілген болса, ауруханада коронавируспен ауырып  жат­қандардың барлығы КВИ-ге қарсы екпе алмағандар екен.

Маңғыстау облысында КВИ-ге қарсы екпеге арналған 38 екпе кабинеті жұмыс істейді. Оның 17-і – Ақтау қаласында. Қосым­ша екпе пункттерінің жұмысы ұйымдастырылуда.

– Дәрі-дәрмек және жеке қорғану құралдарымен қамту мәселесі де басты назарда. Ме­ди­циналық мекемелер мен дә­рі­ханаларда 3 айға жететін дәрі-дәрмек және жеке қорғану құралдар қоры жасақталды. Сонымен қатар медициналық ұйымдар қажетті жабдықтармен толық көлемде қамтылды, бұл бойынша мәсе­ле жоқ, – дейді Маңғыстау облы­­сы әкімінің орынбасары Г.Қалмұратова.

Сонымен қатар өңірдің 241 кәсіпкерлік объектісінде Аshyq мобильдік қосымшасы толық іске қосылған. 29 кәсіпкер­лік нысан сынақ мерзімімен жұ­мыс істеуде. Алайда Аshyq қо­сым­шасы арқылы қосылып, бірақ тиісті талаптарды сақта­маған кәсіпкерлік нысандары да анықталды. Тәртіп бұзған «LOFT PUB», «Coffee City Premium», «Донер Сарайы», «На мангале», «Шум-Гам бар» қоғам­дық орындарының Аshyq қо­сым­шасындағы аккаунт­тары 2 аптаға бұғатталды.

 

Маңғыстау облысы