«Сыйынушының қолы» картинасы – Дюрердің Маттиас Грюневальдпен бірлесе жазған атақты доминикандық монастыр триптихіне дайындық барысында, яки жаттығу ретінде жазған дүниесі. Әйтсе де туынды өзі күтпеген жетістікке жетті. Шабыт үстінде автор жалбарынған адамның қолдарын және картинаға жан бітірген барлық нобайларды керемет өнер туындысына айналдырады. Бұл оның өз қолы еді.
Альбрехт Дюрер үшін қолды анатомиялық дәлдікпен бейнелеу маңызды болды. Шебер «модель» ретінде сол қолын алған... Иә, бұл оның сол қолы. Суретте шебердің бір қолын ғана толық көреміз, ал оң қолы айна арқылы берілген. Зерттеушілердің айтуынша, картинадағы кескін Альбрехттің ағасының қолдары болуы мүмкін. Бүгінде әртүрлі болжам айтылады.
Картинаның толық нұсқасында қолдардан басқа, үлкен парақта намаз оқыған мүридтің басы да салынған болатын. Кейінірек сурет әлдебір себептермен екіге бөлінеді. Автор өзінің барлық «жаттығу сызбаларын» қандай да бір парақ түрінде сақтап, кейіннен өңделген элементтерді басқа картиналарда қолданған.
«Сыйынушының қолы» – А.Дюрердің шығармашылығының ең танымал мотиві. Сурет көптеген репродукцияға ие болып қана қоймай, тіпті мүсіндік формада, сондай-ақ шағын рельефтер түрінде АҚШ-та кең таралған.
Сурет көркемдік құндылығымен қатар, дұға етудің, көңіл айтудың және жалпы діни қатынастың символы ретінде үлкен табынушылық мәнге ие. Сонысымен құнды һәм ерекше.
Автор лаконикалық суретті көк түсті қағазға жазып, оны ақ және сұр бояумен сырлаған. Әйтсе де одан туындының мәдени һәм діни мағынасы өзгермейді. Мұнда қартайған адамның әжімдері мен тамырлары көзге оттай басылады. Белгілі бір сипаттағы динамикада боялған қолдар оқырманның таңданысын тудырады. Сондықтан бұл суретті әлемдік мұраның маңызды шығармалары қатарына қосуға болады.