Аймақтар • 27 Мамыр, 2021

Атырауда масаны улауға 126 млн теңге бөлінді

654 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл Атырау қаласында масаны улау жұмысын жүргізуге 126 млн теңге бөлініп отыр, деп хабарлайды Egemen.kz

Атырауда масаны улауға 126 млн теңге бөлінді

«AG Disinfektion services» ЖШС директорының орынбасары Нұрлыбек Ахмедияровтың айтуынша, масаның табиғи көбею ошағы саналатын бес учаске бар. Бұл –  Сарыөзектегі кәріз суы құйылатын, Атырау мұнай өңдеу зауыты аумағындағы техникалық және өндірістік мақсатқа пайдаланылған шайынды су төгілетін орын, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватына қарасты Каспий маңы жағалау алаңдары және қаланы айналып өтетін «Ерік-Мостовой» каналы.

«Бұл учаскелер кәсіпорынның тұрақты бақылауына алынып отыр. Залалсыздандыру шараларымен алдымен шаһардағы 1 130-дан астам көпқабатты үйдің кіреберісі, балалардың ойын алаңқайлары мен аялдамалар, сондай-ақ қала аумағындағы ауылдық елді мекендер қамтылды. Мұндай дезинсекциялық жұмыстар Тухлая балка, «Ерік-Мостовой, Перетасқа учаскелерінде жүргізілді. Соңғы екі айда қала маңындағы елді мекендер мен теңіз жағалауында 40 млн шаршы метр аумақ дезинсекцияланды», дейді Нұрлыбек Ахмедияров.

Атырау қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл масаға қарсы күрес жұмысына жергілікті бюджеттен 126 млн теңге бөлініпті. Мердігер мекемеде масаға қарсы улау жүргізу үшін 5 бригада, 43 дезинфектор, 8 бірлік автокөлік пен арнаулы техника-құрылғылар тартылған.