Тарих • 27 Мамыр, 2021

Шу өңіріндегі нәубет шындығы

408 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Коммунистік партия 1927 жылғы XV съезінде жеке шаруашылықтарды қоғамдық меншікке айналдыру бағытын жариялады. Биліктің елді ұжымдастыру және отырықшыландыру шаралары халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан көшпелі өркениет негізінде жасалған дәстүрлі мал шаруашылығын күйретіп, қазақ қоғамының әлеуметтік жағдайының құлдырауына әкеліп соқты.

Шу өңіріндегі нәубет шындығы

1928-1930 жылдардың аралығында Шу өңіріндегі кішігірім аудандар Алматы округінің құрамында болған. Алматы қаласындағы орталық мемлекеттік архивтен алынған анықтама бойынша, Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің 1930 жылдың 23 шілдесінде шыққан қаулысы негізінде округтер таратылып, олардың орнына аудандық әкімшілік-аумақтық басқару ұйымдастырылады. Осы қаулымен жаңадан құрылған 121 аудан қатарында Шу ауданы құрылады. Орталығы – Шу ауылы болып бекітіледі.

Аталған қаулының негізінде 1930 жылғы 17 желтоқсандағы Қазақ АКСР Орталық Комитетінің және Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысымен бұрынғы Алматы округінің құрамында болған Шоқпар мен Мойынқұм аудандары және Вознесенск (қазіргі Қонаев ауылдық округі) ауылы біріктіріліп, Шу ауданы болып қайта құрылды.

Сонымен, Шоқпар ауданының ауылдары Шу ауданына қосылғаннан кейін жаппай ұжымдастыру жоғарыдан түскен нұсқаулар бойынша әкімшілік күштеу арқылы жүргізіле бастады. Байлар мен би-болыстардың мал-мүлкін тартып алып, колхозға біріктірді. Асыра сілтеушіліктің салдарынан қанаушы санатында орташа шаруалар да тәркіленіп кетті. Тіпті кейбір ауылдарда бірлі-жарым кедейлердің де малын сыпырып алды. Жергілікті билік өкілдерінің шектен шыққаны соншалықты, орта шаруалар мен кедейлерді жазықсыз жазаға тартты, олардың малын жөнсіз тәркілеп, тұрақты мекенінен күштеп жаппай көшіре бастады. Кеңес билігінің осындай халыққа қарсы жүргізген әрекеттері Шу өңіріндегі ел-жұртты аштыққа ұрындырды. Қарапайым шаруалар, жалпы бүкіл жұртшылық ұжымдастыруға дайын емес еді. Соған қарамастан, Шу ауданында жұртты колхоздарға біріктірумен қатар, астық дайындау науқаны да қоса жүргізілді. Кеңестік билік жоспарланған астықты орындамаған шаруашылық иелері мен жеке адамдарды қатаң жазаға тартты. Соның дәлелі ретінде мына мәліметтерге назар аударайық:

«Артық астығын өткізбегені үшін 64 бай-кулак шаруашылығына 43 367 сом айыппұл салынды, оған қоса мемлекеттік қарыздарды өтеуден бөлек олардан 22 748 сом айыппұл алынды. Сонымен қатар 16 шаруашылық иесі 1,5-2 жылға сотталып, 3-тен 5 жылға дейін жер аударылды».

Шу аймағындағы халыққа ұжымдастыру барысында сексеуіл, ет, жүн және т.б. мал өнімдері бойынша тым үлкен міндеттер жүктелді. Үсті-үстіне ет және жүн өткізу шаралары іс жүзінде малды жаппай қыруға ұласты. Кеңес өкіметінің уәкілдері аудан колхоздарындағы дәнді дақылдардың бәрін, тіпті тұқымға сақталған қорды да жүк вагондарына тиеп, Ресейге жіберіп жатты. Жергілікті шолақ белсенділер елдің бала-шағасын асырау үшін өздерінде қалдырған аз ғана азық-түлігін де тартып алған. Егер астығын жасырып қалатын болса, оларды өте қатал жазалаған. Кінәлілер қылмыскер ретінде жауапқа тартылды. Кеңестік биліктің құқық органдары ауылдардағы бай, молда, билерге қарсы жазалау шараларын күшейте түсті. Осы шараларды іске асыру кезінде түрлі асыра сілтеушілікке және шексіз қиянатқа жол берілді. Үкіметтің тәркілеу комиссиясы колхоздың меншігіне тек малды ғана емес, сонымен бірге жеке отбасы мүліктерін, олардың шаруашылыққа жарамды еңбек құралдарын, тіптен үй құстарын да зорлықпен өткізіп отырған. Архив құжаттарынан алынған төмендегі деректер – соның дәлелі.

«Тек 1930 жыл ... азық-түлік салығы жоспарын орындаудан бас тартты деген айыптаумен ауданда 65 бай және кулак сотталды, олардың ішінде 40 отбасының дүние-мүлкі тәркіленуге тиіс болды. Ал олардан алынғаны 71 жылқы, 11 түйе, 4 сиыр, 64 қой, 12 киіз үй және 4 кірпіштен салынған үй еді».

Жаппай жазалау мен ашаршылықтың зардаптары 1930 жылы жаңадан құрылған Шу ауданының құрамына кірген Шоқпар аймағындағы қазақтарға да келіп жетті. Алматы округі таратылар алдында ғана Шоқпар аймағы ауылдарының халқы бір үзім нанға зар болып басы ауған жаққа босып кетті. Ашыққан шулықтардың басым бөлігі жаяу-жалпылап көршілес қырғыз еліне бет алды, ал қолдарында тәркілеуден жасырып қалған күш-көліктері бар байлар кедей-кепшіктерімен, жарлы-жақыбайларымен бірге Қытай асты.

Шетелге қоныс аудару – қазақтардың күштеп ұжымдастыруға көрсеткен қарсылығы және ашаршылықтан құтылудың бір амалы болатын. Кеңес билігі босқан қазақтарды елге қайтаруға әрекет жасады. Жан-жаққа қаңғырып кеткен кейбір босқындарды өкіметтің арнайы құрылған жасағы жинап алып, пойыздарға отырғызып, бос қалған елді мекендерге жөнелтіп жатты.

1930 жылдың екінші жартысында-ақ Шу ауданының әр жерінде ашаршылықтың белгісі кең етек ала бастады. Осы кезде мал басының күрт кеміп кетуі салдарынан азық-түлік тапшылығы ауданның барлық өңірінде айқын сезілді. Ұжымдастыру жылдарында аудандағы жергілікті халықтың басым бөлігіне астық жетпеді.

Ауыл шаруашылығын ұжымдастырудың сталиндік моделі Қазақстанның барлық аймағында жалпы жұртшылықтың наразылығын туғызды. Олар атажұртынан басқа аймақтарға көшу, колхоз белсенділерін өлтіру және қарулы жасақ құру арқылы қарсылықтарын білдіріп отырды. Солардың бірі – 1931 жылы Шу өңірінде билікке қарсы Жолшыбаев бастаған көтеріліс болды. Оларға тойтарыс беру үшін коммунистердің әскери отряды құрылады. Алғашқы ұрыстан кейін Жолшыбаевтың жасағы шегініп, қазіргі Қордай ауданына қарасты Аңырақай тауларына қарай бет алады. Осы кезде ол Қордайдағы көтерілісшілермен байланыс жасап, Кеңес билігіне қарсы күш біріктіруге келіседі. Бірақ бұл уағданы қызыл отрядтың басшылары біліп қойып, екі жақтың бірігуіне жол бермейді. Ақырында, қызылдардың күші басым болып, 1931 жылдың қазан айында көтерілісшілер толығымен жеңіліске ұшырайды.

Бұл сол жылғы Кеңес өкіметіне қарсы бағытталған жалғыз ғана көтеріліс емес еді. Шу өңіріне жақын маңдағы Сарысу, Балқаш, Қордай, Қастек және тағы басқа аудандарда осындай көтерілістер кең орын алды.

Ғалым М.Қозыбаевтың деректері бойынша, 1930 жылдың басында-ақ көрші елдерге Шу өңіріндегі қазақтардың 60 пайызы көшіп кеткен.

Басы ауған жаққа босып кеткен ел-жұрт шөптің тамырымен, өсімдіктің жапырағымен қоректене бастайды. Кейбір аудандарда ашыққан адамдар ит пен мысықты және сарышұнақты отқа қақтап жеп, қатқан терілерді суға қайнатып, соның сорпасын ішкен. Көнекөз шежірелі қарттардың айтуларына қарағанда, қазіргі Жамбыл облысының сол кездегі Әулие-Ата, Шу, Қордай, Талас, Меркі аудандарында адам етін жеу оқиғалары да болған. Сонымен қатар осы аудандарда тонау мен талау күшейіп, адам өлтіру көбейіп кеткен. Аштықтан есі ауысып жынданып кеткендер де болыпты.

Қазақ еліндегі 1932-1933 жылдардағы нәубетті зерттеп жүрген тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков Шу ауданындағы аштықтан болған масқара құбылыс туралы мынадай деректер келтіреді:

«Шу поселкесінің маңайындағы төңіректе №75 барақтағы босқындар жатағының және тамақтандыру орнының санитарлық жағдайын тексеріп шықтық. Сонда мыналарға кездестік: ішінде босқындардың жатақханасы және тамақтандыру орны орналасқан №75 барақ жан төзгісіз жағдайда. Баспана әл-дәрмені таусылған, көбі әзер дегенде қозғалатын босқындарға лық толы. Баспана іші былғаныш, сасық. Жүзге тарта аш адамдар жерде жатыр. Баспананың айналасы ластанып кеткен. Барлық жерде сүйектер, жыртылған киімдер, адамдардың құсықтары және шығыс жағында тоғыз өлік жатыр, барақтан біраз жерде солтүстікте жерде тағы да өлік, тағы бес өлік жатыр. Көмілмегені, сирақ және қар еттерінің кесіліп алынғаны кісі етін жеу болғанын айғақтайды. Қазақ бейіті жас молаға толы». Бұл құжатқа жеті адам қол қойған.

Тұрар Рысқұловтың Сталинге 1933 жылдың 9 наурызында жазған хатынан тағы да бір деректерді келтірейік:

«Көптеген қалалардан (Әулие-Ата, Шымкент, Семей, Қызылорда және басқалар) және теміржол стансаларынан өлген қазақтардың өліктері сыртқа шығарылуда. Шу ауданының орталығы Ново-Троицк ауылында (Жандосовтың мәліметі) күн сайын дерлік 10-12 қазақ өледі, сондай-ақ ауданнан коммунистердің 60 пайызы кетіп қалған. Сарысу ауданында 7000 шаруашылық болса, енді олардың 500-ге жуығы қалған... Басқалары Әулие-Ата және т. б. аудандарға қашқан. Қырғыз жеріне көшкендер бар. Қараша айында осы ауданнан жүздеген адам отбасымен бірге алыс ауылдарға жылжыған. Ел-жұрттың жартысы қырылған. Қаңтар айының екінші бескүндігінде жолда 24 өлік табылған. Оларға қарақшылар да шабуыл жасаған. Әйелдер балаларын суға лақтырған. 5-6 қаңтар күндері Әулие-Ата қаласындағы шәйханалар маңынан өлген 20 баланың денесі табылған. Осы уақыт ішінде 84 ересек адам өлген», деп Шу және басқа аудандардағы қазақтардың басына төнген зұлматты Сталинге жеткізген.

Шу халқы наразылықтарын көтеріліс жасау және атажұртын тастап басқа елдерге үдере көшу арқылы білдіруімен қатар, ел ішіндегі ауылдастары мен ағайын-туыстарының қамын ойлап, оларды аштықтан құтқарудың амалдарын ойластырған азаматтар да болған. Елдің басына төнген ашаршылық апатынан ауыл-аймағын аман алып қалуға әрекет жасап, сол аласапыран, қаралы кезеңде көптеген отбасылардың түтінінің өшпеуіне септігін тигізген, қамқорлық танытқан қайырымды жанның бірі – Нұрман би болған. Бұл кісінің ашыққан елге істеген қамқорлығы бүгінге дейін Шу қазақтарының есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып келеді. Соңғы жылдары Төле би ауылының бір көшесіне бидің есімі берілді.

Шу өңіріндегі Шінәлі бай да ашаршылық жылдарында қарамағындағы ауыл-аймақтың тұрмыс-тіршілігіне барынша көңіл бөліп, әсіресе, 1931-1932 жылдары тұтас бір ауылды аштықтан құтқарып қалғаны жайында зұлмат заманның куәгерлері болған, бүгінде жер басып, тірі жүрген көнекөз қарттар еске алып отырады. Алайда, Шінәлі байдың бұл әрекеті жаңа билікке ұнамай, 1932 жылы «халық жауы» ретінде Сібірге айдалып, сонда қайтыс болады.

Өкінішке қарай, Кеңес өкіметінің басшылығы нәубет жылдардағы орасан зор апаттың себептерін күштеп ұжымдастыру мен отырықшыландыру, сонымен қатар астық және ет дайындауға қатысты екендігін, тағы басқа ірі қателіктерінен болғандығын мойындамай өтті. Бұл жөнінде ел арасында сөз қозғауға да қатаң тыйым салды. Барлық кінәні бай-кулактар мен Алаш зиялылары сияқты әлеуметтік топтарға аударды.

Қалай айтсақ та, сол ашаршылық зұлматынан қазақтардың жаппай қырылғаны – ащы шындық. Солардың ішінде Шу өңірінде де аштықтың құрбандары көп болғанын дәлелдеуге тырыстық. Бұл нәубетті одан әрі терең зерттеп, тарихтың ақтаңдақ тұстарының ақиқатын ашып, бүгінгі және келешектегі өскелең ұрпаққа жеткізу – парызымыз.

 

Тұңғышбек БАЙҚҰЛОВ,

Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері