Қазақстанның жеткен жетістіктері, халқымыздың мәдени мұралары, тілі, ділі, тарихи жәдігерлері турасынан көптеген насихат осы Қазақ радиосы арқылы таратылуда. Сонымен қатар әлемде болып жатқан жаңалықтар, шапқан аттай емес-ау, атқан оқтай жылдамдықпен, лезде халыққа жеткізіледі. Міне, теледидар, газеттен мұның бір қадам алда тұратыны осы болса керек. Дүние дүрмегінде болып жатқан сан алуан жаңалықтарды алдымен жеткізетін Қазақ радиосының әлемдік ұлы дүбірге қосылғанына да биыл бір ғасыр толады. Радио өз дәуіріне үнін қосып, қаншама қилы кезеңнің куәсі болды десеңізші. 1930-1942 жылдары Қазақ радиосының қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан, талантты өнерпаздарды ел-елден алдырып, қазақ даласын ән-жырмен тербеткен алғашқы басшысы Айтбай Хангелдин ағамыз еді. Ел басына түскен нәубеттер отыздың ойраны, ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінің өзінде қайбір жағымды-жағымсыз жаңалықтардың бәрінен халық осы Қазақ радиосы арқылы құлақтанып отырды.
Бір ғасыр уақыт аралығында мұнда қазақтың небір майталман журналисі қызмет істеп, айтулы мемлекет және қоғам қайраткерлері, ұлы тұлғаларымыз М.Әуезов, С.Мұқанов, С.Сейфуллин, М.Мақатаев, Б.Соқпақбаев, Ш.Смаханұлы, О.Әубәкіров, Б.Момышұлылардан тартып, бүгінгі Жазушылар одағының төрағасы Ұ.Есдәулетовке дейінгі ақын-жазушыларымыздың үндері таспаланып, жазылып алынды. Өнер саласының қайраткерлері Күләш Байсейітова, Жамал Омарова, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Кенен Әзірбаев, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Дәнеш Рақышев, Мәдениет Ешекеев, Қали Байжанов, Қосымжан Бабақов, Байғабыл Жылқыбаев, Жәнібек Кәрменовтей күміс көмей әншілеріміздің, Әсімхан Қосбасаров, Үмбетәлі Кәрібаев, Мұхтар Өтебаев, Көкен Шәкеев, Төлеген Момбеков, бүгінде арамызда жүрген Сәбит Оразбай, Қайрат Байбосынов, Төлеу Қосанов, Жақсылық Елеусінов, Дүйсенғазы Нығметжанов сынды азуына тілін жаныған жезтаңдай жырауларымызбен қатар бүгінгі жас әнші, жыршыларымыздың алтын дауыстары осында таспаланған.
Әкемтеатрдың әртістері С.Қожамқұлов, Қ.Бадыров, С.Майқанова, Ы.Ноғайбаев, С.Оразбаев, Н.Мышбаева, Ф.Шәріпова сынды майталман халық әртістерінің жағымды дауыстары да осы Қазақ радиосы арқылы ел жадында сақталды. 100 жылдық тарихы бар Қазақ радиосының алғашқы қалыптасу жылдарында құрамында екі жүзге тарта өнерпазы бар өзінің жеке (симфониялық, ұлт аспаптар оркестрі) болғаны оның құрушылары әлемдік деңгейдегі композиторларымыз Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, Латиф Хамиди, Алдаберген Мырзабеков, т.б. радио тарихында таңбаланып жазылды. Осы оркестрдің құрамында Ермек Серкебаев, Суат Әбусейітов, Рашид Мұсабаев, Зейнеп Қойшыбаева, кеше ғана өмірден өткен Ескендір Хасанғалиев, бүгінде арамызда жүрген Нұрғали Нүсіпжановтар, т.б. қазақтың аяулы ұл қыздары ән айтып, қызмет етті. Мина Сейітова, Зәмзәгүл Шәріпова, Қатира Әзімбаева, Әнуарбек Байжанбаев, Мұқағали Мақатаев, Осман Дүйімбаевтай дикторлар алғашында қызмет жасаса, олардың ізін ала бұл кәсіпті Мәмбет Сержанов, Омархан Қалмырзаев, Сауық Жақанова, Әбдірәлі Бөлебай, Мырзабек Қуатбеков, Болат Біжібаев, Аманжан Серіков сынды саңлақтар жалғастырды.
Кеңестік кезеңде Қазақ КСР Мемлекеттік телерадио комитетінің төрағасы қызметін атқарған ағаларымыздың кез келгенінің еңбегін ерекше айтуға болар еді. «Елең-алаңда бүкіл Қазақстанды әнұран айтып оятатын, түн ортасы ауа сол әнұранмен ұйықтататын Қазақ радиосы халықтың бір қамқор анасы, күндіз-түні ел тыныштығын қорғап, аялап тұрған панасы секілді» деп құрметтеп кеткен жазушы-публицист, мемлекет қайраткері, 1980-1986 жылдары төрағалық еткен профессор Камал Смайылов ағамызды қалай айтпаймыз.
Камал ағасының ізін ала бұл қызметке тағайындалған жазушы, журналист, мемлекет және қоғам қайраткері, сыншы, қылышынан қан тамып тұрған кеңес дәуірінің кезінде қазақ тіліне қорған бола білген, «Парыз бен қарыз» телебағдарламасы арқылы шындықты шырылдата айтқан осы комитеттің төрағасы болып қызмет еткен Сағат Әшімбаев ағамыздың еңбегін қалай ұмытамыз.
1987 жылы Қазақ радиосының бас директоры қызметіне Қуанышбек Төребекұлы Орманов ағамыз келді. Алдына қойған бірінші мақсаты Қазақ радиосының эфирінен қазақ тілінің үстемдігін орнату, сонымен қатар радионың фонетекалық қорында жиналған дауыстар мен ән-күйлерді сақтауды бір жүйеге келтіруді қолға алды және оны іске асырды.
Еліміз егемендігін алған алғашқы 1992-1994 жылдары «Қазақстан» мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы қызметіне мемлекет және қоғам қайраткері, «бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» деп лауазымына қарамай кімге болса да бар шындықты қасқайып тұрып бетке айтатын журналист, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза ағамыз келді. «Түйенің жегені жантақ, арқалағаны алтын» деп екі оттың ортасында жүретін журналистердің еңбектерін бағалай жүріп, арғы-бергісін айтпағанда жүзге тарта журналиске пәтер әперген Шерағаңның әріптестеріне, ұлтына жасаған қызметін қалай ұмытамыз. «Алуан-алуан жүйрік бар әліне қарап шабатын» демекші Қазақ радиосының бас директорлық қызметіне қаншама азамат келді. Әрине, бәрінің де мақсаты халқына қызмет ету еді.
Елбасымыздың «Мәдени мұра», т.б. стратегиялық бағдарламаларын жүзеге асыру шаралары аясында Қазақ радиосына 2008 жылдың күзінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қызметте жүрген кезімде Қазақ радиосының бас директоры Жүрсін Ерманның шақыруымен келдім. Ол уақытта «Қазақстан» телерадиокорпорациясының бас директоры, Жанай Омаров та, бірінші орынбасары білікті журналист Ләззат Танысбай ханым еді. Еліміздің рухани құндылықтарына қызмет етіп отырған мен орналасқан «Әдеби-саз» бағдарламалар редакциясы радионовеллалар, әдеби-танымдық, әдеби-музыкалық, рухани-ағартушылық, ақпараттық-музыкалық-сауықтық, қоғамдық-ақпараттық, сараптамалық, радиоэссе, тарихи ғылыми бағдарламалар жасауымен ерекшеленетін. Кезінде бұл редакцияны Қазақстанның, Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ілия Жақанов, композитор Кеңес Дүйсекеев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, күйші Шәміл Әбілтаевтай ағаларымыз басқарған екен. Бүгінгі жетекшісі – көп жыл осы салада қызмет істеп келе жатқан Ләззат Қапышева ханым. Оның үстіне менің ашқан «Інжу-маржан» хабарым халықтың дәстүрлі жыршылық өнері мен жыраулар өнегесін, елінің ынтымағы мен бірлігі, тәуелсіздігі үшін күрескен ұлы тұлғалар жайлы тарихи-танымдық, ғылыми-зерттеуден тұрады.
Қазақтың ұлттық және жалпыадамзаттық мәні бар даналық сөздері мен тағылымды нақылдарын, ақыл-ой байлығын, тәуелсіздік құндылықтарын насихаттау мақсатындағы «Терме» атты танымдық, тәрбиелік маңызы үлкен шығармашылық бағдарламам тағы бар. Университетте журналистика факультетінің ұстазы қызметінен келсем де, миллиондаған тыңдарманның алдына шығып, микрофоннан сөйлеу маған жеңіл бола қойған жоқ. Бірде жоғарғы қабатта Ләззат Танысбай ханыммен ұшыраса кеттім. Кабинетіне шақырып, жұмысымның жай-жапсарын сұрап, жасағалы жатқан тарихи мәні зор үлкен дүниелеріме сәттілік тіледі. Радио басшылары ауысып, Бас директор қызметіне Ғалымжан Мелдешов келіп жайғасты. Оның да сіңірген еңбегі аз болған жоқ. Қазақ радиосының 90 жылдығы қарсаңында «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы болып, Нұржан Мұхамеджанова келді. Бірінші орынбасары – Ләззат Танысбай. Радио басшылығы кәнігі журналист Махат Садық мырзаның қолына тиді. Қазақ радиосының 90 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде аталып өтті. Осы бір уақытты Қазақ радиосы шығармашылық ұжымының дәуірлеп, дүрілдеп тұрған кезеңі деуге болар еді. Өйткені алдыңғы буын сақа журналистер Төрехан Данияр, Көпен Әмірбек, Сауық Жаханова, Ләззат Қапышева, Сайлаубек Тойлыбай, Ғалым Есенсариев, Гүлсара Қабланова, Темірхан Момбекұлы, Алтын Иманбаева, т.б. болса, орта буын, Бақыт Жағыпарұлы, Еділ Анықбай, Болатбек Төлепберген, Гүлназ Молдабергенова, Гүлмира Нәлібай, Сәрсенғали Жүзбай, т.б. Жас буындар Гүлбану Алпамысқызы, Мұхтар Тұртайұлы, Жасұлан Наурызбайұлы, Жарқын Сәленұлы, Ләззат Тиышбекқызы, Бақытжан Жармұхамед, Мөлдір Жанбаева, т.б. тонның ішкі бауындай бірлесіп, ұлттың өркендеуі, егемендігіміздің дамуына аянбай тер төкті. Қазақ радиосы мемлекеттің ақпараттық саясатын жүзеге асыра отырып, қазақ, орыс, неміс, корей, ұйғыр, әзербайжан, түрік және татар тілдерінде 24 сағат бойы 150-ден аса хабар таратып отырды. Ал «Шалқар» арнасы бірыңғай қазақ тілінде ұлтымыздың рухани мұрасын дамыту мақсатында 18 сағат, «Астана» радиосы жастарға арналған танымдық, ақпаратты-музыкалық хабарларын тәулігіне 19 сағат насихаттады. Осы кезеңде журналистердің еселі еңбектері бағаланып, екі жүзге тарта қызметкердің Президент аппаратынан бастап, түрлі министрліктен, тағы да басқа ұжымдардан мақтау, мадақтау грамотасын алды. Ұжымның көпшілігі Ақпарат саласының үздігі т.б төсбелгілермен марапатталып, екі бірдей журналист мемлекеттік жоғары награда – «Құрмет» орденін көкіректеріне тақты. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақ радиосына арнайы құттықтауын жіберген еді. Сынаптай сырғыған уақыт, Қазақ радиосының 100 жылдық мерейтойы да келіп жетті. Қызметін телеарнада дикторлықтан бастап, Президент Әкімшілігі, министрлікте абыройлы қызмет атқарған білікті де білімді маман Ләззат Танысбай «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқаруда. «Қазақ радиолары» ЖШС директоры қызметіне Ернұр Бурахан тағайындалып, Қазақ радиосының басшысы ретінде Дулат Әбибуллаев бекітіліп, 100 жылдық қарсаңында жұдырықтай жұмылып, алдыңғы буын ағалар ізін жалғастырып, заман талабына сай еселеп қызмет етуде. Бүгінде Қазақ радиосы қанатын кеңге жайып, Түркияның мемлекеттік радиосымен т.б. радиолармен достық қарым-қатынаста. Биыл Наурыз мерекесі қарсаңында Қазақ радиосы Иран, Түркия, Әзербайжан, Моңғолия, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Татарстан радиоларымен бірлескен «Наурыз-2021» халықаралық радиокөпірін өткізді. Сонымен бірге Ресей, Франция, Аустрия, Бельгия, Корея, Жапония азаматтарымен өз елдеріндегі Наурыз мейрамының аталып өту дәстүрі жайлы пікір алмасты. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының бастауымен 1921 жылы Орынбор қаласынан ақпарат тарата бастаған радиоарна қазір ел аумағының 89 пайызын қамтып отыр. Онлайн режімде әлемнің түкпір-түкпіріне хабарлар таратылуда.
Асыл қазынамыз «Алтын қорда» 20 мыңдай сағатты құрайтын 150 мыңға тақау жазбалар сақтаулы. Бар көне таспалар заманауи сан таңбалық жүйеге көшіріліп, аяқталуға жақындады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдаулары, сонымен қатар мемлекетіміздің кемелдену жолындағы іс-әрекеттері мен әрбір баяндамасы дәлме-дәл уақытында халыққа жетіп, насихатталып отырады. Кейінгі кезде Қазақ радиосында қалыптасқан жақсы үрдіс, Елордамызға есеп беруге келген облыс әкімдері, министрлер кезінде радиомыздан іргесін аулақтатса, бүгінде қазақ радиосына шақырылып, ел болашығына атқарған жұмыстары жөнінде мағлұматтар беруді дәстүрге айналдырды. Сонымен қатар Қазақ радиосының басшылығы министрлікке Қазақ радиосына қалалардан көше беру жөнінде ұсыныс жасады. Үкіметтің ономастикалық комиссиясынан қолдау тауып, 100 жылдықтың сыйы ретінде елордамыз Нұр-Сұлтан, Шымкент, Қызылорда, т.б. қалалардан көшелер берілуде. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Қазақ радиосына жиі сұхбат беруі журналистерді қанаттандыруда. Радио журналистерінің әлеуметтік жағдайы шешіле қоймаса да, жігеріне жігер қосылып, ұлттық құндылықтарымыз, халқымыздың тәуелсіздігі, ел бірлігі жолында аянбай тер төгіп, Қазақстанның жеткен жетістіктерін бар әлемге паш етуде.
Қойшығұл МҰСТАФАҰЛЫ,
Ә.Байжанбаев атындағы сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, журналист