Үкімет • 28 Мамыр, 2021

Мемлекет қаржысы тиімді жұмсалуы тиіс. Сенат квазимемлекеттік сектордың сатып алуын реттейтін заң жобасын қабылдады

126 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата отырысында депутаттар бірқатар заң жобасын талқылады. Сондай-ақ Президенттің Жоғарғы Соттың судьясын қызметінен босату туралы ұсынуын қарады. Судья Лариса Шепелева отставкаға кетуіне байланысты қызметінен босатылды.

Мемлекет қаржысы тиімді жұмсалуы тиіс. Сенат квазимемлекеттік сектордың сатып алуын реттейтін заң жобасын қабылдады

Отырыс барысында «Квазимем­лекеттік сектордың жекелеген субъек­тілерінің сатып алуы туралы» заң жобасы қаралып, қабылданды. Аталған құжат және оған ілеспе заң жобалары жөнінде Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасады. Бұл құжат «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның және басқа да ұлттық холдингтер мен компаниялардың сатып алу ісін реттейді.

«Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауындағы тапсырмасына сәйкес Қаржы министрлігі «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» заң жобасын әзірледі. Қазіргі уақытта квазимемлекеттік сектордың сатып алуы әртүрлі нормативтік құқықтық акті­лермен реттеліп келеді. Мәселен, «Самұрық-Қазына» Қорының сатып алуы «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» Заң­мен және Қордың директорлар кеңесі бекіт­кен сатып алу қағидаларымен  реттеледі.

Осы Қор құрамына кірмейтін «Бәйтерек», «Зерде» сияқты ұлттық компа­ния­лардың сатып алуы «Мемлекет­тік мүлік туралы» Заңмен және Қаржы министр­лігі бекіткен Сатып алу қағида­ларымен реттеледі.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі есебінен дәрілік заттарды сатып алатын медициналық ұйымдардың және Бірыңғай дистрибьютер «СК-Фармацияның» сатып алуы «Денсаулық туралы» Кодекспен және дәрілік заттарды сатып алу қағидаларымен реттеледі.

Әзірленген заң жобасымен «Са­мұрық-Қазына» Қорының және өзге де ұлттық холдингтер мен ұлттық компания­лардың сатып алуын реттеу ұсынылады. Осылайша, заң жобасы сатып алу құны шамамен 3,4 трлн теңге сомасындағы 250-ден аса ұлттық компания мен олардың еншілес ұйымдарын қамтиды», деді министр.

Бұл ретте орталық және жергілікті ат­қару­шы органдардың жанындағы мем­лекет­тік кәсіпорындардың, акционер­лік қоғамдар, жауапкершілігі шектеулі серік­­тестіктердің сатып алуын «Мемле­кет­тік сатып алу туралы» Заңның шең­берін­­де қал­дыру ұсынылады. Сонымен қатар, заң жо­басында бірқатар негізгі тәсіл көрсетіледі.

«Бірінші. Квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін бірыңғай саналатын, заңның қолдану аясына, қағидаттарға, шектеулерге, тәсілдерге, бақылауға және шағымдануға қатысты базалық ережелер заң деңгейінде бекітіледі.

Мемлекеттік сатып алуға ұқсас тен­дер­­лік құжаттаманы алдын ала талқы­лау, сондай-ақ шағымдану кезеңінде келі­сім­шарт жасасуды тоқтата тұру меха­низмдері ұсынылады.

Екінші. Сатып алу процесін нақтылайтын нормаларды ережелер деңгейінде регламенттеу ұсынылады. Осы жерде «Самұрық-Қазына» Қорының Сатып алу ережелерін бекітуді уәкілетті органның келісімі бойынша Қордың қарамағында қалдыруды ұсынамыз. Бұл Қор қызметінің ерекшелігі мен оның мәртебесіне, сондай-ақ ІРО өткізу және жекешелендірудің өзге де түрлері кезінде Қор компанияларының инвестициялық тартымдылығын сақтау қажеттігіне байланысты», деді Ерұлан Жамаубаев.

Министрдің айтуынша, құжатты қабылдау – квазимемлекеттік сектор субъек­тілерінің сатып алуының ашық­тығын, тиімділігін арттыруға және осы сала­дағы сыбайлас жемқорлық тәуекел­ін төмендетуге мүмкіндік береді.

Сенаторлар «Қазақстан Республика­сының кейбір заңнамалық актілеріне квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе құжатты да екінші оқылымда талқылап, қабылдады. Аталған құжат кейбір заңнамалық актілерді қа­был­­данған «Квазимемлекеттік сек­тор­­д­ың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» заңға сәйкестендіруді көздейді.

«Мемлекет қаржысын тиімді жұмсау – аса маңызды мәселе. Мемлекеттік сатып алуды, оның ішінде квазимемлекеттік сектордың сатып алуын тиімді пайдалануды пандемиядан кейінгі кезеңде экономикалық бәсекелестікті қалпына келтірудің тетігі ретінде қарастырған жөн. Алайда осыған дейін ұлттық компаниялар мен мемлекеттік холдингтердің сатып алуы жалпы тәртіптен шығарылып, өз ережелері бойынша жүргізіліп келді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы мәселелерді шешу үшін тиісті заң қабылданып отыр», деді Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ депутаттар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заң жобасын қарап, қабылдады.

«Аталған хаттамаға 2019 жылғы 1 қазанда Ереван қаласында мемлекеттер басшылары қол қойған болатын. Хаттамамен Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың №5 және №8 қосымшаларына өзгерістер енгізілді.

Шарт 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Ал Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі екі жылдан кейін, яғни 2017 жылы қабылданды. Кеден кодексінің нормаларына сәйкес аванстық төлемдер институтын енгізу көзделген.

Осыған байланысты шартқа тиісті түзетулер енгізу қажеттілігі туындап отыр. Алдағы төленетін кедендік төлемдер мен салықтар, өсімпұлдар мен пайыздар есебіне енгізілген ақша аванстық төлем деп танылады. Қазіргі уақытта кедендік тазарту кезінде бірнеше кедендік төлем мен салық түрі бар», деді Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев. Оның айтуынша, осы Хаттаманы ратификациялау сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға уақытын үнемдеп, шығындарын қыс­қарту­ға мүмкіндік береді.

 «Кеден органы аванстық төлемдерді енгізген тұлғаның өтініші бойынша оған аванстық төлемдер ретінде енгізілген ақша қаражатының жұмсалуы туралы есеп береді», деді министр.

Сенат отырысында мемлекеттік органдарға депутаттық сауалдар жол­данды. Нұржан Нұрсипатов «Қорға­ныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорға­ныс­тық тапсырыс туралы» заң нормалары­ның орындалуына қатысты мәселені көтерді. Сенатор заңға тәуелді актілерді «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» заң нормаларына сәйкес келтіруді ұсынды. Екіншіден, ережелерді жиі өзгертуді доғару керектігін айтты.

«2019 жылғы 14 қазанда заң нормаларын іске асыру үшін Мемлекеттік қорға­ныс­тық тапсырыстарды қалып­тас­тыру, орналастыру және орындау ереже­лері қабылданды. Алайда 8 айдан кейін өкілетті орган жаңа Ережелерді әзірлеп, Үкімет оны бекіткен. Заңнан кейінгі актілерді жиі өзгерту бизнес қауымдастықтың қызметіне теріс әсерін тигізеді», деді Нұржан Нұрсипатов. Ол Мем­лекеттік қорғаныстық тапсырыс­тарды қалыптастыру, орналастыру және орындау ережесінің жаңа редакциясы оған отандық бизнестің қатысу мүмкіндігін төмендететінін айтып, алаңдаушылық білдіріп, бұл Президенттің өндірісті жергіліктендіру деңгейін арттыру туралы тапсырмасына қарама-қайшы келетінін де атап өтті.

Сенатор Сұлтан Дүйсембинов ауыл кооперациялары мен жайылымдық жерлер туралы проблеманы қозғады. Депу­таттың айтуынша, қазіргі уақытта дамы­ған елдердің барлығы ауыл шаруа­шы­лығында кооперация тетігін табысты пайдалануда. Бұл ауылдық жерлерде еңбек өнімділігін арттыруға, қала халқын сапалы жəне арзан тамақ өнімдерімен қамтамасыз етуге, тұрақты жұмыс орындарын ашуға зор септігін тигізеді.

«Бүгінде ауылдық елді мекендерде мал шаруашылығы өнімінің 66%-ы өндіріледі. Бірақ мұндай орасан биологиялық актив мемлекеттік қолдаудан тыс қалып, заманауи технологиялық процестерге тартылмай отыр. Жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтендіру бойынша жүргізілген жұмыстар дұрыс үйлестірілмегендіктен нәтижелі болмай отыр», деді сенатор.

Сұлтан Дүйсенбинов жер мәселесі ұлттық деңгейдегі маңызды жоба ретінде жүйелі түрде қарастырылмаса, жайылым мәселесі шешімін таппайтынын атап өтті.

«Жайылымдық жерлер тапшылығы барлық облыста бар. Мәселен Түркістан, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыс­тарында ауыл тұрғындары жайы­лым­дардың жетіспеушілігінен зардап шегіп отыр. Елді мекендерде малдың 80 па­йызға жуығы ауыл шегінде және оның айналасында жайылатындықтан, бұрын бөлінген шамамен 21 млн. га жайы­лымдық жер деградацияға ұшыраған», деді Сұлтан Дүйсембинов.

Сенатор жайылымның тапшылығын шешу үшін жайылымдарды ұзақ мерзімді басқару жөніндегі жоспарларды бекіту қажеттігін және пайдаланылмай жатқан жер­лерді мемлекетке қайтару үшін бел­сенді жұмыс жүргізу керек екенін айтты.