Өнер • 28 Мамыр, 2021

«Қазақстанның тұмса табиғаты» фотобайқауының жеңімпаздары анықталды

449 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда Іле-Алатау ұлттық паркінің визит-орталығында «Қазақстанның тұмса табиғаты» бірінші республикалық фотобайқауы қорытындыланып, жеңімпаздардың есімі жарияланды.

«Қазақстанның тұмса табиғаты» фотобайқауының жеңімпаздары анықталды

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арлналған байқауды ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі 2021 жылдың 1 ақпаны мен 15 сәуірі аралығында «National Geographic Qazaqstan» журнал редакциясымен бірге ұйымдастырған болатын.

Доданың басты мақсаты - адам мен табиғаттың өзара әрекеттесу мәселелеріне қоғам назарын аудару, табиғи алуантүрлілікті сақтау және қоршаған ортаға деген құрмет идеясын кеңінен насихаттау. Ұйымдастырушылардың сөзінше, қоғамдағы жануарларға деген қатыгездіктің алдын алу мен жанашырлық, өсімдіктер әлеміне ұқыпты қарау идеяларын өнер туындылары арқылы да кеңінен тарату қажет.

К

«Байқауға арналған сайтта 782 адам тіркеліп, 1515 сурет сайысқа түсті. Фотобайқауға түскен суреттердің басым көпшілігі композициялық тұрғыдан әдемі болғандықтан қазылар алқасының алдында үлкен жауапкершілік пен қиын таңдау тұрды. Жалпы, экологиялық ағартушылық, экологиялық сананы көтеру жұмысының бір бөлігі ретінде осы байқауды Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесіне арнап министрліктің қолдауымен бірінші рет ұйымдастырып отырмыз. Аймақтардағы экология, жануарлар әлемі проблемаларын осындай фотосуреттер арқылы көрсетуді мақсат тұттық»»,- дейді «National Geographic Qazaqstan» журналының бас редакторы Еркін Жақыпов.

Үш кезеңнен тұрған бағалаудан кейін қазылар алқасы 4 номинация бойынша жеңімпаздарды анықтады:

1. Макроәлем – Александр Власюк, «Melolontha»;
2. Анасы мен баласы – Фархат Кабдыкаиров, «Бәбісек балапанын тамақтандыру»;
3. Қазақстан пейзаждары – Ернұр Манапхан, «ХАН ТӘҢІРІ»;
4. Қазақстан жан-жануары – Павел Михеев, «Соперник».

Сондай-ақ, «Туранга Групп» компаниясы атынан «Аюсай» номинациясын «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің фототілшісі, әріптесіміз Ерлан Омар иеленді. Іле-Алатау паркіндегі әйгілі шатқалдың атымен аталған номинация ұлттық парктердің табиғатын шебер бейнелеген қатысушыларға ұсынылады.

Отандық әуесқой және профессионал фотографтар арасындағы байқаудың әр номинацияның жеңімпазына 300 000 теңге жүлдеқоры тағайындалды.

Жеңімпаздардың жұмысы www.photocontest.kz сайтының, «Жеңімпаздар» бөлімінде жарияланды.
Жарысқа түскен барлық суретті сайт галереясынан табуға болады.