Бұл жәдігер ХІХ ғасырға тиесілі, оны жасаған адамның есімі белгісіз, сонда да қолынан бал тамған шебер ағаштөсекті ұлттық нақышпен әсем өрнектеген. Аталған мұражайдың қор сақтаушысы Кәмшат Әбжанованың айтуынша, ол өткен ғасырдың 70-жылдары Алматыдағы музейден келген. Оны мұражайға кім тапсырғаны туралы нақты дерек жоқ. Алайда Амангелді атамыздың анасының ағаштөсегі екендігі анық дәлелденген. Құнды жәдігерге екі ғасырға жуық уақыт болса да жақсы сақталған.
1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісінің бас сардары Амангелдінің анасы текті жерден шыққан. Ол Бердікей руының ішіндегі Құлмұхаммед ишан Арыстанбайұлының әулетінен тарайды. Құлмұхаммед ишан 1902 жылы қазіргі Қарағанды облысы Ұлытау ауданы аумағындағы Дулығалы деген жерден оюлы қызыл кірпіштен еңселі мешіт пен 24 бөлмелі медресе салдырған. Бұл діни білім ордасы сол кезеңде еліміздегі ірі рухани-мәдени орталықтың бірі болды. Одан бірталай танымал тұлға алғашқы сауатын ашқан. Мешіт пен медресе ишандар әулеті қуғынға түскенше, яғни 1929 жылға дейін жұмыс істеп келген. Дулығалы мешітінің Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісінде алар орны зор. Халық Амангелдіні көтерілістің бас сардары етіп сайлағанда, ишандар әулеті оны қолдап, батырға батасын берген. Діни ұғымда ел арасында сауат ашу, ғибадат айту қызметін атқарғанға берілетін ишандық атақ Құлмұхаммед ишаннан бастап, оның немересі Қази ишанға дейін жалғасқан. Ұлытау мен Торғай жұрты ишандар әулетін әлі күнге дейін киелі тұқым деп қадір тұтады.