Оқиға • 31 Мамыр, 2021

Алматыда ұшаққа отырған жолаушы жанжал шығарды

232 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы - Нұр-Сұлтан рейсі ұшағында жолаушы жанжал шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда ұшаққа отырған жолаушы жанжал шығарды

Әлеуметтік желілерде ұшақ жолаушысы мен полицейлер арасындағы жанжал түсірілген видео талқыланып жатыр. Кадрлардан бірнеше құқық қорғау органы қызметкерлері ер адамды орнынан көтеруге тырысқаны көрінеді. Басқа жолаушылар бұл уақытта оқиғаны телефонға түсіріп, араша түсуге тырысады. Әйелдердің бірі полицейлерден жолаушыға күш қолданбауды сұрағаны естіледі.

Жазба сипаттамасында ер адам жүгін тіркемегендіктен жанжал шыққаны жазылған.

«Ер адамға бола Алматыдан Нұр-Сұлтанға ұшып кете алмай отырмыз. Расталмаған мәлімет бойынша, жолаушы жүгін тіркеусіз әуе кемесінің салонына кіргізген. Ол артық төлем жасағысы келмеген. Екі үлкен сөмкені салонға кіргізуге тырсыты. Кейін супервайзерді итеріп жіберді. Бәрін ұшақтан түсіріп, иттермен тексеру жасады», делінген сипаттамада.

Оқиға 30 мамырда FlyArystan ұшағында болған. 

«Жанжал шығарған жолаушыны ұшақтан шығаруға байланысты рейстің кешігуі болды. Жолаушыға тіркеу кезінде және бортқа отырғызу рәсімі кезінде жүгін тіркемесе, рейске жіберілмейтіні туралы екі рет ескертілді. Өйткені тасымалдау ережелеріне сәйкес бортқа бір қол жүгі бар жолаушылар жіберіледі. Бірақ жолаушы авиакомпания қызметкерлері талабын орындамады. Жолаушы ашуын көрсетіп, қызметкерді итеріп, бортқа кірді.

Басқа жолаушыларға қолайсыздық туғызғаны үшін өкінеміз. Алайда авиакомпания ережелерін сақтамаған жағдайда біз авиациялық қауіпсіздік рәсімдерін ұстануға мәжбүрміз. Жолаушыны борттан шығарған кезде біз әуе кемесі мен жолаушыларды қайта тексеруге мәжбүрміз», деді FlyArystan баспасөз қызметі өкілі.