Кезінде «Авангард» атты ұжымшар болған бұл ауыл – 16 Социалистік Еңбек Ері шыққан құтты мекен. Жалпы, Шиелі өткен ғасырдың отызыншы жылдары Сыр күріші егіле бастаған өңірлер қатарында тұрса, соның ішінде осы ауыл еңбеккерлерінің ел табысына еселі үлес қосқаны тарих парағында таңбаланған.
Тоқсаныншы жылдардағы қиындық бұл ауылды да айналып өтпеді. Экономикадағы іркіліс егіншілікті дәстүрлі жолынан жаңылдырып, кезінде гектарлап күріш егілген алқаптар құлазып қалған кездер де болған. Аз жылда еңсе тіктеген ауыл баяғы кәсібіне қайта оралып, бүгінде несібесін жерден терген жұрт берекеге кенеліп отыр.
Осыдан 2 жыл бұрын ауылдағы «Ақмая» шаруа қожалығы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты мамандары жасаған «Akmaya Smart Farm» цифрлық платформасын іске қосты.
– Бастапқыда көңілімізде «қалай болар екен?» деген дүдәмал тұрғаны рас. Облыстық бюджетпен бірлесіп қаржыландыру арқылы бастаған қанатқақты жобамыз көп ұзамай-ақ тиімділігін көрсетті, – дейді шаруа қожалығының төрағасы Дәулет Жұмбеков. – Сол жылы шаруашылықтың 800 гектар егіс алқабына цифрландыру жүргізіліп, алынған деректер өңделді. Дән себетін алқаптың құнары, су мен ауа мөлшері мобильді зертхана көмегімен әп-сәтте анықталғаннан кейін техниканың қозғалыс бағыты, атқарылуға тиісті шаруаның бәрі электронды картаға енгізілді.
Жер құнарын электронды зерттеу дән түсетін топырақта фосфор жеткілікті екенін анықтады. Карта мәліметіне сүйеніп, диқандар қажетті тыңайтқышты ғана қосты. Осының нәтижесінде шаруашылық алғашқы жылы 18 млн теңгедей қаржы үнемдеді. Өнім де бұрынғыдан әлдеқайда мол болды. Жаңа технологияның мынадай да кереметі бар, «Ақылды алаңға» айналған осы 800 гектардағы танаптардан алынған өнім көлеміне қарай сол аумақтардың жағдайын біліп отыруға болады. Қысқасы бұрынғыдай тыңайтқышты үсті-үстіне төгу жоқ. Мысалы, биыл жер аммафосты қажет еткен жоқ, диқандар картаға қарап тек аммоний сульфат қана берді.
– Интернеттің әлсіздігі көп шаруаға кесірін тигізіп отыр. Жобаны бастаған жылы осыдан қатты қиналдық. Бұрынғы соқа мен кетпенге сүйенген шаруа жоқ қазір, жұмыстың бәрі жаңа технологияға негізделгендіктен интернеттің соған сай болуына күш салуымыз керек. Америкаға техника алуға барғанда байқағаным, оларда бұл жағынан проблема жоқ. Күре жолдың бойында еш қиындықсыз-ақ интернетке қосыла аласыз, – дейді шаруашылық төрағасы.
Танаптың тегістігі мол өнім алудың алғышарты екенін диқан жақсы біледі. Жаңа технологияның жетістігіне көзі жеткен ақмаялықтар спутниктік жер тегістегіш алған. Мұның бір тиімділігі – бүкіл алқап көз алдыңызда тұрады. Қай жері ойыс, қай тұсы биіктеу екенін де көріп отырасыз. Осы деректің бәрі жерді тегістеп жүрген техникаға беріледі де, жүргізуші соның сигналымен көлікті бұрып қана отырады. Бұған дейін Италиядан шығатын лазерлік «Мара» қондырғысы осы саладағы ең озық техника саналатын. Ал мына спутниктік тегістеудің мүмкіндігі «Мараны» он орап алады. Бірақ сәт сайын жаңарып жатқан технология саласындағы бұл жетістікті де жүзеге асыру үшін ең алдымен ауылға қуатты интернет керек.
Қазір диқандар алып жатқан өнім көлеміне күмәнмен қарайтындар аз емес. Ал сол табыстың тетігі жаңа техникада жатыр. Мысалы, осы күнгі «Клаас», «Джон Дир» комбайндары жолынан дән қалдырмайды. Бас-аяғы 15-20 күнде күрішті орып бітеді. Бірақ бағасы өте қымбат, ірі шаруашылықтар болмаса майда құрылымдар сатып ала алмайды. Техникаға субсидия қарастырылғанмен, ол қазір «Берместің асы піспес, қазаны оттан түспестің» кері болып тұр. Осындай техникалар өзімізде құрастырылса, шаруаны шаршатқан біраз мәселе шешімін табар еді.
Еліміз бойынша 2-3 қанатқақты жобаның бірін жүзеге асырып отырған шаруашылықта күріштен бөлек 450 гектарға көкөніс, 370 гектарға бидай, тағы біраз алқапқа жоңышқа егіледі.
Аз жылда еңсе тіктеген егінші елдің биылғы уайымы су тапшылығы болып тұр.
– Егер ауыспалы егіс талабы сақталса, бұл тығырықтан да шығудың жолы табылар, – дейді Дәулет Егембергенұлы. – Мысалы, біздің шаруашылық соңғы жылдары күріштің «Лидер» сортымен қатар жергілікті «Сыр сұлуын» да егіп жатырмыз. Жергілікті сорттың бір ерекшелігі – ерте пісетіні. Кейінгі кезде оған сұраныс та артып келеді. Осыдан біраз бұрын шаруашылықта семинар өткізіп, «Сыр сұлуының» сырттан келетін сорттардан кем түспейтіндігіне әріптестеріміздің көзін жеткіздік. Егер насихаты дұрыс болса, түбі күріштің осы сұрпы бәрін басып озады.
Кезінде бұл ауылдан да үдере көшкендер көп болған. Кейін солардың біразы қайта оралып, түтіні түзу ұша бастаған Ақмаяның алдыңғы қатардан көрінуіне үлес қосты. Шаруашылық төрағасы кәсіпкерлікпен айналысып жүргенде Қазақстанның барлық облысын аралап шығыпты. Өзге аймақтардағы ірі агрофирмалар өзі туып-өскен Ақмаясында болса деген арманнан басталған тірлік бүгінде жемісін беріп отыр.
Осыған дейін шаруашылық басшысы ауылға «көгілдір отынның» жетуін жеделдету үшін газ құбырын тартудың жоба сметалық құжаттарын жасауға 12 млн теңге бөлген еді. Осының нәтижесінде биыл Ақмаяға газ тартыла бастайды. Осы жылы ауылды көркейту-көгалдандыру жұмыстарына 16 млн теңге қарастырып отыр. Баспанаға мұқтаж екі отбасына Төңкеріс ауылы мен осы Ақмаядан үй салып берді. Биыл тағы осындай екі үйдің құрылысы жүреді. Ауылдағы спорттық кешен де – осы «Ақмая» ШҚ-ның жастарға сыйы.
Шаруашылықтың тағы бір жаңалығы – көкөніс алқаптары үшін тамшылатып суару тәсілін қолданып отырғандығы. Егінші еңбегінің нәтижесі көрінетін қара күзде шаруашылықтардағы бригадаларға 7 тоннадан тегін қызанақ беріледі. Ауылдағылар үшін жыл сайын мыңдаған тонна шөп таратылатыны тағы бар.
Ауылдың түтінін түзу ұшырған азамат қайбір жылы Олимпиада чемпионы, белгілі кәсіпкер Жақсылық Үшкемпіровпен кездескен. Былтыр дүниеден озған даңқты балуан ағасы мұның елге жасап жатқан еңбегіне ризашылық танытқан. Ұлт намысын Олимпиадада қорғаған батырдың Қазақстанның Еңбек Ері атағын аларда Елбасына «Елдегі 5 мың ауылды, бес мың жігіт көтерсе» дегені мұның да көкейіндегісін дөп басып еді. Елінің дәулетті болуын тілейтін Дәулет Жұмбеков үшін қазір осы сөз ағаның аманат-тілегі сияқты сезіледі де тұрады.
Қызылорда облысы