Үкімет • 01 Маусым, 2021

Қазақстанда балалар игілігінің индексі енгізіледі

407 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда балалар игілігінің индексі енгізіледі

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, сондай-ақ ЮНИСЕФ өкілдігінің басшысы Артур ван Дизен баяндама жасады.

2020 жылы Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау саласында 22 нормативтік құқықтық акт әзірленіп, қабылданды. Бала құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасында суицид мәселелерін шешу жөніндегі  2020-2023 жылдарға арналған жол картасы бекітілді. Террористік әрекеттен зардап шеккен балаларды әлеуметтік оңалту қағидалары мен мерзімдері қабылданды.

2022 жылы балалардың қауіпсіздігін, денсаулығын, білім алуын, материалдық әл-ауқатын, әлеуметтенуін қамтитын балалар игілігінің қазақстандық индексін енгізу жоспарлануда. Осы индекстің көмегімен балалардың жағдайын жақсарту бойынша мемлекеттік органдар жұмысының нәтижелілігі қадағаланатын болады.

Үкімет басшысы көшеде, білім беру ұйымдарында, демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Осыған байланысты А. Мамин екі апта ішінде білім беру және бос уақытты өткізу саласының объектілерін тиісті қауіпсіздік инфрақұрылымымен қамтамасыз ету жөніндегі жол картасын дайындауды тапсырды.