Осыдан екі апта бұрын ғана Қазақ Ұлттық аграрлық университеті (ҚазҰАУ) негізінде құрылған айтулы команда Мәскеудің дәл іргесінде орналасқан Зеленоград қаласында КСРО-ға еңбек сіңірген жаттықтырушы Александр Кильчевскийді еске түсіруге арналған турнирде топ жарғаны жайында жазған едік. Міне, енді олар тағы да атой салды.
Нева жағалауында өткен жарыста «Алматының» сапында Игорь Чекрусков, Бақытжан Байтөре, Владимир Банников, Рустам Мәсімов, Шохрат Арзиев, Александр Тарасов, Вячеслав Козуб, Амра Шалбарбаев және Елдар Газизулин сынды ойыншылары өнер көрсетті. Бастапқы бәсекелердің барлығын өз пайдасына шешкен жерлестеріміз ақтық сында Кострома облысының өкілдерімен кездесті. Ал бұл команда кезінде ардегерлер Олимпиадасында топ жарып, әлем чемпионы атанған. Осындай азулы қарсыластарынан еш қаймықпаған қазақстандық волейболшылар 2:0 есебімен басым түсіп, бас жүлдені олжалады.
– Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде ардагер волейболшылар командасының құрылғанына 20 жылға жуықтап қалды. Сол кезден бері түрлі додаларға үздіксіз қатысып келеміз. Мақатанғаным емес, елішілік жарыстарда біздің жеңілген кездеріміз сирек. Мәселен, соңғы бес-алты жыл аралығында кіл мықтылар жиналған республикалық деңгейде өткен турнирлерді тегістей ұттық. Былтыр күзде Анапада ұйымдастырылған Ресейдің ашық кубогында 16 команда арасынан бесінші орынға табан тіредік. Биыл Польшада жалауы желбіреген халықаралық турнирде күміс медальді мойнымызға ілдік. Таяуда ғана Мәскеудегі турнирде топ жардық. Сөз орайы келгенде, ҚазҰАУ ректоры Тілектес Есболов мырзаға зор ризашылығымызды білдірсек дейміз. Көрнекті ғалым тек ғылым мен білімнің дамуына көңіл бөліп қана қоймай, спорт саласында барынша дамытуда. Сондай қамқорлықтың арқасында айтулы университеттің волейболшылары дүбірлі додаларда ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп жүр. Тілектес Исабайұлының өзі де жиі-жиі ойын алаңына шығып, түрлі жарыстарға қатысуда. Сонымен қатар командамыздың сапында әйгілі ақын, қоғам және саяси қайраткер, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменов те өнер көрсетеді. Міне, осындай серкелердің барында біздің командамыздың жеңілуге қақымыз жоқ, – дейді ҚазҰАУ ректорының кеңесішісі, команда капитаны Игорь Чекрусков.
Тағы бір айта кетерлік жайт, Санкт-Петербургтегі турнирдің қорытындысы бойынша «Алматы» клубының өкілі Александр Тарасов ең үздік ойыншы деп танылды.