Оны біз халқымыздың ғұламалары саналатын Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбайұлы, Ә.Бөкейхан секілді ұлы тұлғалардың шығармашылық мұрасындағы ғылыми-зерттеу еңбектерінен көреміз. «ХІХ ғасырдың 60-80-жылдары ұлттық фольклористика жалпы филологиялық ғылымның өзінше бір саласы ретінде көріне бастады. Дәл осы кезден бастап қазақ фольклоры ғылыми мақсатта жиналып, академиялық немесе арнаулы жинақтар енді ғылыми тұрғыда зерттеле түсті. Жаңа қалыптаса бастаған қазақ фольклортану ғылымының көш басында халқымыздың ұлы перзенттері Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбайұлы болды» деп, қазақ фольклортану ғылымының тарихын зерттеушілер бұл тұлғалардың еңбектерін монографиялық тұрғыда сөз етуі де сондықтан. Бұлардың еңбектерінен әдеби мұраны игерудегі тарихилық әдістің ұлттық ғылыми-зерттеушілік ой-пікірде анық көрініс тапқан екінші бағыты айқындалады. Себебі тарихи-этнографиялық бағытқа қарағанда, бұл бағытта тарихи-мәдени мектептің талаптарына сай келетін тарихилық принципі айқын көрініп, әдеби-теориялық, ғылыми-зерттеушілік ой-пікірді еуропалық деңгейде байқата алған тереңдік танылады.
Орыс әдебиеттану ғылымындағы тарихи-мәдени мектептің негізгі бағыты әдеби мұраны игеру арқылы қоғамды және халықтың өткен дәуірлердегі өмірін тарихилық принципіне орай зерттеу тұрғысынан келу Ыбырай, Шоқан, Абайлардың отаршылдық Ресейдің Еуропаға бұратана, надан деп таныстырып отырған өз халқының барлық кескін-келбетін тарихи шындыққа сай танытсам деген патриоттық арманы мен ағартушылық идеясына сай келді. Ғылыми-зерттеу еңбектерінде тарихи-этнографиялық сипаттың басым болуы да сондықтан болар. «Әрбір халықтың, – деп жазады Шоқан, – әдеби мұраларын зерттеудің этнография үшін керектігін ғалымдар әлдеқашан ескерткен. Өйткені халықтың тұрмысы, оның қылығы, оның дүниетануы мұнда ашығырақ сипатталған. Өздерінің мәдениет мұраларын ерекше сүю, ертегі, жыр байлығын мақтаныш ету, әсіресе Орта Азиядағы көшпелі елдердің айрықша қасиеті. Олардың аңыз-жырларын, қария сөздерін әрбір тайпаның басынан кешірген тарихы, соларды еске түсіру деуге болады: ондай аңыз әңгімелерді сәуегейдің сөзіндей есте сақтап, оны бірден-бірге жеткізіп отырушылар – әрбір ру ішіндегі қариялар. Олар оны заң жосыны ретінде, белгілі ақын-жыраулар тобының ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған, ұзақ дастан түрінде сақтап келген. Бүгінде қолданбайтын, жырда кездесетін көне сөздер олардың тым ерте дәуірде шыққанын көрсетеді».
Ыбырай, Шоқан, Абайлардың өткен дәуірден жеткен әдеби мұраға тарихилық принципі бойынша ерекше назар аударған мәселесі – қырғыз, қазақ т.б. халықтардың шыққан тегін, түрлі аңыз-әпсана мен тарихи өлеңдердегі тарихи оқиғалардың жырлануын анықтау үшін қазақ шежірелерімен, көршілес елдердің жылнамаларымен, басқа да тарихи деректермен салыстыра отырып зерттеуі ғылыми-зерттеушілік ой-пікірде үлкен жаңалық болып табылады. Бұл айтып отырған фольклор және халық тарихы деген мәселеде тарихилық принципін басшылыққа алып, жұмыс жүргізуді мақсат тұтқанын мына пікірі анық дәлелдейді. «Бұл халықтың, – дейді Шоқан қазақ халқы туралы – әуелгі шыққан тегін ғылыми тұрғыдан дәлдікпен анықтау мүмкін емес, солай бола тұрса да олардың аңыз-әңгімелеріндегі оқиғалар нақтылы ақиқаттығымен таңдандырады, бірақ аңыз – ғылым емес. Сол себептен де мынаны ескерген жөн, дала жыр-дастандары өзінің қарапайым, ұғымды шынайылығымен құнды. Сондықтан да халық тарихи оқиғалар, тегі қазаққа жақын Әбілғазы жазған «Түркі шежіресі» атты және (Ждами ат-таварих) шежіредегі деректерден алшақтамайды». Шоқан секілді Ы.Алтынсарин де Қадырғали бидің «Джами ат тауарих» шежіресін тарихи аңыздардың жинағынан тұратын тарихи шығарма ретінде бағалай отыра, аңыз-жырлардың тарихи шындыққа қарым-қатынасын ашуда «Шейбанинаме», «Бабырнаме», «Тарихи-Рашиди», «Тазкирян ходжаган» секілді шежірелерді кеңінен пайдаланған.
Сонымен қатар Ы.Алтынсарин өз еңбектерінде тарихи мектептің тарихилық және халықтық принциптері бойынша аса бір көңіл аударған әдеби мұраның саласы – батырлық жырлар. Өзі көңіл аударған батырлық жырлардағы тарихи оқиғалардың суреттелуі мен шыққан уақытын анықтауға күш салды. Жалпы Ы.Алтынсариннің еңбектерінде тарихи-мәдени мектептің тарихилық принципі айқын көрініс тапты. Сол арқылы әдеби мұраны зерттеу барысында ұлттық ғылыми-зерттеушілік ой-пікірде әдебиет тарихы деген ұғымды алғаш рет тудырды. Ол кемеңгер ғалымның тұлғасына орай жеке-дара көрінбегенімен, кейіннен жалғасын табар үлкен ізденістің басы еді.
Қазақ даласына жетекшілік бағытта ықпал жасай бастаған Еуропа және орыс мәдениеті мен әдебиеті, оқу-білім мен ғылым жаңалықтары ұлттық ғылыми-зерттеушілік, әдеби-теориялық ой-пікірдің жандана түсуіне шешуші рөл атқарды. Ағартушылық идеяның күшейе түсуі, эстетикалық талап-талғам мен таным-біліктің өсе түсуі, алғашқы қазақ баспасөзінің пайда болуы, жазба әдебиеттің қалыптасуы, әдеби мұраны жинау, жариялау, бастырып шығару жұмыстарына игі әсер етті. Бұлар келіп әдеби мұраны ғылыми тұрғыдан тану мәселесін күн тәртібіне қойды. Ол Ыбырай және Абай секілді қазақ халқының данышпан ұлдарының әдеби мұраға деген көзқарасында көрініс таппай қалмады.
Абай мен Ыбырай ауыз әдебиетін ғылыми тұрғыда арнайы зерттеген жоқ. Олардың көзқарасы фольклор мен поэзияның халықтық сипаты мен тарихи шындыққа қарама-қарсы тұрғысынан танылды. Тарихи-мәдени мектептің тарихилық принципі әдебиеттің ұлттық және халықтық сипатын ашуды басты мақсат тұтатыны белгілі. Ол тек зерттеушінің ғылыми еңбектерінде ғана көрінуі шарт емес. Орыс әдебиеттану ғылымын зерттеушілер А.Пушкин мен Н.Гогольдің әдебиеттегі ұлттық дүниетаным мен халықтығы мәселесіне қосқан үлесін ерекше көрсетеді. Бұл тұрғыдан алсақ, қазақ мәдениеті мен ғылымына қосқан үлесі зор, ғылыми-зерттеушілік ой-пікірді жаңа арнада дамытқан Ы.Алтынсариннің орны ерекше.
Ыбырайдың этнографиялық еңбектерінің бағалылығы халықтың көне заманнан келе жатқан әдет-ғұрыптарын бүге-шігесіне дейін қамтып, кеңінен талдауында ғана емес, сонымен бірге кейбір құбылыстардың шығу төркіні мен әлеуметтік негіздерін ашып көрсетуінде еді. Ол «Қазақ хрестоматиясына» халық ауыз әдебиетінің әртүрлі жанрын енгізе отырып, тек жариялаушы емес, зерттеуші ретінде танылды. Себебі фольклорды халықтың ғасырлар бойы жасаған рухани байлығының көзі деп қарағандықтан, жастарды халықтық рухта, халықтық педагогиканың талап-тілегіне сай тәрбиелеудің басты құралы ретінде пайдалануды мақсат тұтты. Оқу құралын құрастыру өте жауапкершілік жүктейтінін, зерттеушілік тұрғыдан келу керек екенін Ы.Алтынсарин терең түсінген. Өзінің Н.И.Ильминскийге жазған бір хатында: «Сіздің тағы бір өтінішіңіз оқу құралын құрастыра алатын бір көмекші тауып бер дегеніңіз еді. Амал не, мен бұл жұмысқа лайық ешкімді атай алмай отырмын. Сіздің қолға алып отырған ісіңіз маңызды іс, мұның ең қиын жері – оқу құралын түзудің жоспарын жасау, сол жоспарға қарай материал таңдап алу ғой. Міне, мұның тап осы жағын, меніңше, жақсылап талқылау керек», деп ғылыми тұрғыда келу керек екенін ескерте келіп, көмекшінің қазақ елін жақсы білетін адам болуы керектігін айтады.
Ғалым Т.Кәкішев хрестоматия құрастырып шығару үлкен міндет жүктейтінін, ол үшін автордың әрі педагог, әрі әдебиетші, әрі сыншы-ғалым болуы қажеттігін айта келіп: «Осы қасиет Ыбырайдың творчестволық тұлғасынан түгел табылады да, талап-талғамы әбден жетілген әдебиетші екенін танытты, әдебиеттану ғылымының алғашқы аңызына құнарлы дән екті... Өзінің төл шығармаларын, ауыз әдебиеті үлгілері мен аудармаларды белгілі бір жүйемен орналастыра білген Ыбырай сыншылдық ой мен оқымыстылықтан кенде емес. Міне, осы қасиеттер «Қазақ хрестоматиясын» әдебиеттану ғылымының сонау XІX ғасырдағы үлкен көрінісі етті», деп ұлы ағартушының мұрасын зерттеушілердің назарынан тыс қалып келген мәселені ғылыми дәйектілікпен тұжырымдайды. Біздің бұл пікірге қосарымыз, Ы.Алтынсарин «Қазақ хрестоматиясы» арқылы әдебиеттің қоғамдық мәні туралы ғылыми ұғымды кеңейтті, оның эстетикалық-танымдық орны мен адам тәрбиелеудегі атқарар қызметін анықтап берді. Бұл сол ұлттық ғылыми-зерттеушілік ой-пікір үшін аз олжа емес еді.
Ы.Алтынсариннің ғылыми-зерттеушілік ой-пікірінде әдебиеттің тарихилығы принципі де тыс қалмаған. Н.Ильминскийге жазған бір хатында: «Қазір «Қазақ хрестоматиясының» екінші бөлімін құрастырып жатыр едім. Ал кітаптың осы бөлімінің тарих тарауына қазақ тарихынан да мақалалар берілуі керек еді, бірақ оған еш жерден материал таба алмай отырмын. Тіпті Левшин мен Вельяминов-Зерновтың шығармаларын да еш жерден таба алмадым. Сондықтан қазақтар жайында тарихи материалдар Қазаннан табылмас па екен», деп жазады. Амал не, бұл кітабының және басқа да қолжазбалары бізге жетпей жоғалып кетті. Алайда осы пікірінің өзі Ыбырайдың ғылыми-зерттеушілік көзқарасында әдебиетті тарихи тұрғыдан зерттеу әдісінің алғашқы белгілері орын тепкенін дәлелдейді.
Қорыта келгенде, Ы.Алтынсарин мұрасынан ғылыми-зерттеушілік ой-пікірдің сол кездегі өте өзекті саналған ағартушылық, педагогикалық идеялармен үндестік тауып, әдебиет туралы ұлттық ғылымның туу жолында жаңа арнада көрініс тапқанын байқаймыз. Ол өзінің педагогтік, ағартушылық тұлғасымен қоса, фольклорлық мұраны жинау-жариялау саласында филологиялық бағыттың ықпалында қалып қоймай, ғылыми-зерттеушілік ой-пікірге әдеби мұраның ұлттық, халықтық, тарихилық сипаты туралы ұғымдар енгізді.
Әдебиет туралы ғылымның туу жолындағы тарихи алғышарттар кезеңі классик ақын-жазушылардың шығармашалығымен тығыз байланыстылықта өтеді. Себебі олар әдебиетке тың бағыт, жаңаша сипат әкелуіне байланысты бұрынғы түсінікті өзгертеді, дамытады, соны ұғымдар қалыптастырады. Классиктер өз шығармашылығы арқылы жаңа ағым тудырып, әдебиетке тақырыптық, идеялық, мазмұндық, образдылық т.б. өзгерістер енгізіп, нақты айтсақ, реформа жасайды. Ал бұл ғылыми-зерттеушілік, әдеби-теориялық ой-пікірдің ғылыми тұрғыда күрделене түсуіне әсер етеді. Біз Ы.Алтынсарин шығармашылығының ұлттық әдебиеттану ғылымының тарихына қарым-қатынасын сөз еткенде осы тұрғыдан келуіміз керек. А.Пушкиннің «История народа принадлежит поэту» деген сөзіне сай қарасақ, Ыбырай мен Абай туралы жазу – ХІХ ғасырдағы қазақ халқының дүниетанымы, философиясы, мәдениеті, тілі, әдебиеті, тарихы, психологиясы, өнері туралы зерттеу деген сөз. Бұлардан ұлттық әдебиеттану ғылымы да тыс қалмақ емес. Орыс ғалымдары Пушкин мен Гогольдің әдебиеттану ғылымына қосқан үлесін айтқанда, ғылыми зерттеу еңбек жазған-жазбағанына байланысты қарамайды. Әдебиеттің қоғамдық мәні мен эстетикалық мұратын таныту үшін әдеби дамуға қандай үлес қосқандығы тұрғысынан қарастырады. Ол мәдени-тарихи мектептің зерттеу нысанасы бойынша алғанда, әдебиеттің ұлттық ерекшелігі мен халықтық сипатын таныту болып табылады. Ал бұл екеуі Ыбырай, Абай поэзиясының басты белгісі десек, артық айтқандық емес. Олардың поэзиясының ұлттық ерекшелігі мен халықтық сипаты туралы М.Әуезовтен бастап қазіргі кездегі зерттеушілерге дейін әртүрлі аспектіде тексергені мәлім. Орынсыз қайталауға бармас үшін, қарас-
тырып отырған мәселеге сай қысқаша айта кетсек те жеткілікті.
Ы.Алтынсарин шығармашылығы ақын-жыраулар поэзиясында нақты көрінген әдебиеттің ұлттық ерекшелігі мен халықтық сипатын сыншыл реализм аясында жаңаша үлгіде дамытты. Оларды бүкіл әлемдік әдебиетке тән мән-мағынада таныта алды. Ескі мен жаңа, кертартпа мен озық секілді антитезалар аңғарында қарасақ, Ыбырай, Абай қазақтың жаңа жазба әдебиетінің негізін қалады. Сөз өнерінің қоғамдық мәнін жаңаша таныту үшін әрбір классик әдебиетке бұрынғыдан тың әдеби бағыт әкелетіні белгілі. Ұлттық әдебиеттің дамуында Ыбырай, Абайдан басталған ағартушылық-демократтық бағыттың орын тебуі соның дәлелі. Сонымен қоса олардың поэзиясынан бастап ұлттық характердің жасалуы мен әдебиеттің халық өміріне жақындауы айқын көрініс тапты. Бұл айтылғандар әдебиетті ғылыми тұрғыда тануға ұмтылған зерттеушілік ой-пікірдің де жаңа ізденістер жолында көрінуіне өз әсерін тигізуі анық еді.
Енді бір сөз Ы.Алтынсарин шығармашылығының сол кездің өзінде-ақ бағалана және зерттеле бастауы турасында. Ұлт әдебиетіндегі көрнекті тұлғаларды ғұмырнамалық бағытта зерттеуде «Дала уалаяты газетінде» жарияланған «Минақиб Ибраһим Алтынсарин» аталатын азасөз (№33, 1889) ғылыми-зерттеушілік ой-пікірдің әдебиет тарихы мәселелеріне шындап көңіл аудара бастағандығын байқатады. «Оренбургский листок» газетінде басылған некрологтың (1888) аудармасы болғанымен, бұған дейін жоғарыда айтылғандай тек ғылыми бағалаушылық мәндегі ой-пікір білдіру мақсатында тек сөз арасында ғана айтумен шектеліп келген Ы.Алтынсарин өмірі мен шығармашылығын, педагогтік қызметін қазақ жұртшылығына алғаш рет жүйелі түрде таныстыра алуымен құнды болды. Ұлы педагогтің өмір жолы мен атқарған қызметтерін, мектеп ашудағы жанқиярлық еңбегінен хабардар ете келіп: «Алтынсарин орыстардың әр ғылым-білімдерін біліп, қазақтан бір мінезді, ақылды, данышпан, қазақ халқына һәм Ресейге пайдалы бір қызметтегі адам еді. Жақсылығын айтқанда, Алтынсарин қазақ арасына әуелі Еуропаның білім-ғылымын шашқан һәм халықтың Ресейге ықыласын ашқан бір артық жан болды», деген пікірдің қазақ баспасөзінде жариялануы Ыбырай мұрасын ғылыми тұрғыда тану жолындағы зерттеу ісіне қозғау салмады деп айта алмаймыз. Минақиб орысша жазылып, алғаш орыс тілді баспасөз бетінде жарық көргенімен, оның авторы қазақ ұлтынан екені анық байқалады. Ол Ыбырайдың педагогикалық көзқарасының қалыптасуына В.Григорьев, Н.Ильминский, Л.Толстойлардың әсер етуі мен қазақ елін оқу-білімге, өнер-ғылымға үндеген ағартушылық қызметін бағалаған тұстарында айқын танылады. «Дала уалаяты газетін» шығарушылар оны аударып басуды өздеріне парыз санаған. Бұл минақибке Н.Ильминскийдің «Ы.Алтынсарин туралы естелік» атты кітабының қатысы жоқ. Ол кейін Қазанда 1891 жылы шыққан. «Акмолинские ведомости» газетінде «Ы.Алтынсарин – қазақ ауыз әдебиетін жинаушы және зерттеуші» (№33, 1889) деген мақала да жарияланған. Осы үш газетте де мақалалар бір нөмірде, яғни 1889 жылғы №33 санында жариялануында бір сыр бар. Негізінен қазақ оқығандарының арасында Ы.Алтынсарин тұлғасы кеңінен танымал болған. Оны «Қазақ хрестоматиясының» (1879), оның «Мақтубат» деген атпен шыққан нұсқасының (1899) және «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» (1879), «Шарият әл-ислам» секілді оқулықтарының қазақ-орыс мектептерінде үздіксіз пайдалануы толық дәлелдейді.
Ұлттық әдебиеттану ғылымының алғашқы бастаулары болып табылатын тарих алдындағы алғышарттарға толы XІX ғасырдың ІІ жартысындағы ғылыми-зерттеушілік ой-пікірдің Шоқан, Ыбырай, Абай сияқты кемеңгерлердің тұлғасы арқылы осындай ғылыми-танымдық биіктіктерге қол соза бастағанын айтқан уақытта, алғашқы қазақ баспасөзінің сіңірген еңбегінің зор болғанын атап көрсету керек. Шын мәнінде олар ояна бастаған қоғамдық, саяси-әлеуметтік, педагогикалық-ағартушылық, сыншылдықэстетикалық ой-пікірдің орталығы болды. Оқу – білімге, мәдениет пен өнерге, ғылымға деген ұмтылысты күшейтті, әр түрлі дәрежеде білім алған қазақ оқығандары мен ел ішіндегі парасатты ақыл-ой иелерін ұлт мүддесі үшін қызмет жасауына бағыт берді. Жаңа туған жазба әдебиетті, Ыбырай, Абайдан басталған сыншыл реализмді, ағартушылық бағытты насихаттау арқылы әдебиеттің көркем өнер саласы ретіндегі қоғамдық мәнін өсіре түсті. Ұлттық сыншылдық – эстетикалық ой-пікірге кең өріс ашты. Қоғамдық әлеуметтік мәселелермен қатар, әдебиет және тіл туралы өзекті мәселелер көтере алған сыншылдық ой-пікір мәнді арна табуға ұмтылыс жасау барысында әдебиетті ғылыми тұрғыда тану проблемасын кейде нақты, кейде жанама түрде болса да айтып қалып отырды. Сонымен қатар ғылыми тұрғыда жүйелі болмаса да мұраны жинап-жариялау жұмыстарына бүкіл халықтық сипат тудырды, көптеген әдеби нұсқаларды жариялады, олардың ғылыми зерттеле бастауына мұрындық болды. Сол себептен де Ы.Алтынсарин өз оқулықтары мен мақалаларында ұлттық әдебиеттануда әдеби мұраны пайдалану арқылы әдебиет тарихын оқыту мен дәуірге бөлу мәселесін алғашқылардың бірі болып көтерген ұлы тұлғаларымыздың бірі.
Жандос СМАҒҰЛ,
филология ғылымдарының
докторы, профессор