Өткенге ой жүгіртсек, осыдан 30 жыл бұрын еліміз тәуелсіздік алған кезде де Қазақ радиосы бұрынғыша өз атауымен, бірден-бір мемлекеттік хабар таратушы арна болып қалды. Содан бергі жылдарда да ол өз жұмысын тұшымды да мазмұнды бағдарламаларымен жалғастырып келеді. «Қазақ радиолары» ЖШС Бас директоры Ернұр Бурахан мырзаның басшылығындағы радио соңғы кездері халыққа тағы бір жарқын да жақсы қырынан таныла бастады.
Радионың таңғы шымылдығын ақпаратты-танымдық «Қайырлы таң, Қазақ елі» бағдарламасы ертеңгілік сағат 7.00-ден бастап, «Ұйқыашар», «Үшеудің сәлемі» айдарларымен қысқа да нұсқа көңілашар хабарларымен тыңдаушылармен тікелей байланыста болып, эфирді сан қырлы жағынан танытады. Ал әр сағат сайын қазақ және орыс тілдерінде елдің тыныс-тіршілігінен тікелей репортаждар мен жаңалықтар дайындайтын радиожурналистердің ақпараттары тыңдаушы қауым үшін де өте маңызды. Бүгінгі таңда радио жедел де шынайы ақпарат таратып, оның қоғамдық-әлеуметтік, рухани-әдеби музыкалық тақырыптары да жан-жақты толыға түсті. Саламатты өмір салтын орнықтырып, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуде «Қазақстан сарбазы», «Қандастар», «Жан әлемі», «Радиомедицина», «Бірінші байлық», «Бармысың, бауырым?» бағдарламалары да жүйелі түрде әуе толқынына шығады. Сондай-ақ «Парламент сағаты», «Радио шежіре», «Басты тақырып», «Халық үні», «Дариға дәурен», «Территория права», «Тема дня», «Көркемсөз шебері», «Аграрлы Қазақстан», «Білім айнасы», «Түркі әлемі», «Көкжиек», «Жырлайды жүрек» бағдарламалары да сан алуан тақырыптарымен күн өткен сайын өз тыңдармандарының қызығушылығын арттырып отыр. «Тәуелсіздік тарихы» мен күн сайын әуе толқынынан өтетін «Мәңгілік ел мұраты» бағдарламалары – егемен еліміздің қалыптасуына үлес қосқан, оның тәуелсіздігі үшін өз күш-жігерін аямаған азаматтардың бейнелерін бүгінгі ұрпаққа таныстыратын салмақты да қомақты бағдарламалардың көшбасшысына айналды.
Қазақ радиосының «Достық» редакциясынан шығатын орыс, татар, неміс, өзбек, ұйғыр, украин және түрік тілдеріндегі хабарлар да елімізде тұратын ұлт пен ұлыстарды бір-біріне жақындастырып, мемлекеттің біртұтастығын сақтау жолында маңызды да зор рөл атқарады. Күн сайын радиотыңдаушылардың хаттары бойынша үлкен сұраныспен жүретін «Ақ тілек» музыкалы-сазды бағдарламасы да – тыңдармандар асыға күтетін, олардың шексіз алғысына бөленген бағдарламалардың бірі.
Радиода ұрпақтар сабақтастығы да үзілген емес. Кейінгі жастарға еңбек жолы мен іс-тәжірибесі үлгі-өнеге боларлық ардагер-журналистер Әбдірәлі Бөлебай, Темірхан Момбекұлы, Кенжебек Әбдімәуленов, Алтын Иманбаева, Күләш Кәйләнқызы, Аманжан Серіков, Қошан Мұстафаұлы, Ғалия Балтабаева сынды аға-апаларымыздың әлі де жастарға үйретері көп. Мысалы, Ә.Бөлебай ағамыздың өмірден өткен радиожурналистер туралы жасайтын «Ғизат ғұмыр» хабары мен Қ.Мұстафаұлының ұлттық жауһарларды насихаттайтын «Інжу-маржан» хабарлары радионың «Алтын қорынан» ойып тұрып орын алатын сүбелі де сүйекті хабарлар.
Қайырымдылық – мұқтаж жандардың қажетін өтеудегі ізгіліктің нақты көрінісі. Қайырымдылық жолында тыңдарманның жүрегіне жол тапқан «Мың алғыс» бағдарламасының Қазақ радиосының әуе толқынына шыққанына төрт жылдан астам уақыт болды. Осы уақыт аралығында бағдарлама арқылы мұқтаж жандарға 127 миллион теңге көлемінде көмек көрсетілді.
Қазақ радиосының мерейтойына орай Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Қазақ-Түрік халықаралық университетінде «Қазақ радиосы» дəрісханасы ашылып, шара барысында Қ.А.Ясауи атындағы университет пен «Қазақ радиолары» ЖШС арасында арнайы меморандум жасалды. 100 жылдық тарихы бар Қазақ радиосына көше атауын беру еліміздің оңтүстігіндегі Шымкент пен Қызылорда қалаларында сәнді де үлкен салтанатпен басталып, елорда төрінде өз жалғасын тапты. Бұл жөнінде «Қазақ радиолары» ЖШС Бас редакторы – Қазақ радиосының директоры Дулат Абибуллаев: «Осыдан екі жыл бұрын қасиетті шаңырақ – Қазақ радиосын басқару тізгіні сеніп тапсырылғанда, үлкен жауапкершілік жүктелгендей сезімде болдым. Себебі менің радиодағы бас редакторлық миссиям 100 жылда бір келетін Қазақ радиосының ғасырлық мерейтойына және ел Тәуелсіздігінің отыз жылдық тойына тұспа-тұс келген еді. Сондықтан алғашқы қадамды оншақты жылдан бері радиоға ат ізін салмай кеткен әкімдер мен министрлерді тікелей эфирдегі бағдарламаларға шақырумен бастадық. Аймақ әкімдері мен орталық орган басшылары кезек-кезек тікелей эфирге сұхбатқа шығып, тыңдаушылармен ой бөлісті.
Содан тарихы бір арнаға тоғысқан қалаларда, оның ішінде елордада Қазақ радиосына көше атын беру ісін қолға алуды ойладым. Ойға алған іске білек түре кірісіп, ономастикалық жұмыстың қыр-сыры зерттелді. Алдымен әкімдіктерге зиялы қауым, ардагерлер мен ұжым атынан жүйелеп жазылған ұсыныс әзірленді. Оны тіркеп, халықты газет-журнал арқылы хабардар етіп, көпшілік тыңдау өткеру қажет.
Көпшіліктің қолдауынан кейін ғана, қалалық мәслихат қарап, мақұлдап, республикалық ономастикалық комиссияға жолдады. Кіл мықтылардан, елжанды азаматтардан құралған республикадағы комиссия ұсынысты қолдады. Орталық ономастикалық комиссия қарауынан қолдау алған ұсыныс әкімдік арқылы қайта мәслихатқа жолданып, әкім мен мәслихаттың ортақ шешімі шықты. Биліктің қос тармағының біріккен шешімі әділет органдарына тіркеуге жолданды. Біріккен ортақ шешімде елордадағы көшелердің біріне Қазақ радиосының дикторы Әнуарбек Байжанбаевтың есімін беру де нақтыланды. Сондай-ақ жыл соңына дейін Алматы қаласынан да Қазақ радиосы атындағы көше ашылмақ. Елорданың қақ ортасынан көше беру ұлттың үнжариясының 100 жылдығына жасалған үлкен сый болды. Игі бастаманы қолдаған Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының, Қызылорда облысының әкімдігіне, мәслихаттар депутаттарына, Нұрқиса Дауешов бастаған республикалық ономастикалық комиссияға және «Қазақстан» РТРК басқарма төрағасы Ләззат Танысбай ханымға, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлерге айтар алғысым шексіз», дейді.
Тағы бір атап айтуға тұрарлық жайт, радионың 100 жылдық тойына тарту ретінде 630 мыңнан астам тұрғыны бар Түркістан, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарының шекара маңындағы 400 елді мекенге Қазақ радиосының желілерін тарту жұмыстары қолға алынды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің шекара маңындағы аудандарда Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін радиостансалар желісін кеңейту туралы шешімі негізінде радиохабар таратудың мемлекеттік желісін дамыту жөніндегі жол картасы әзірленді. Қазір Қазақ радиосы республиканың 89% аумағында хабар таратады және алдағы уақытта да еліміздің барлық шекаралас аудандарын қамтуды жоспарлап отыр. Осы жұмысты жүзеге асыруға атсалысқан «Қазақстан» РТРК мен серіктестік қызметкерлерінің нәтижелі еңбегін де ерекше атап айтқан жөн.
Ғылыми-техникалық прогрестің, заманауи технологияның қарыштап дамыған кезінде радио да уақыт көшімен бірге келеді. Қазақ радиосын бүгінде ғаламтор жүйесінен де тыңдауға болады. Соның нәтижесінде оның хабарлары дүние жүзінің түкпір-түкпіріне тарауда. Салт-дәстүріміз бен рухымыздың белсенді әрі қуатты насихатшысы, үлкен бір өнер ошағының отын маздатып отырған Қазақ радиосы – киелі қарашаңырақ. Ғасырлық белесті бағындырып отырған ұлттың рухани тірегі, ұлттың үні – Қазақ радиосы ғасырлармен үндесіп, болашаққа барар жолдың бастауы бола бермек.
Мейрамгүл ИСАТАЙҚЫЗЫ,
«Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері