Үкімет • 02 Маусым, 2021

Эпидахуал жақсарғанымен, еркінсуге әлі ерте

394 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдай, Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары және балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы мәселелер қаралды.

Эпидахуал жақсарғанымен, еркінсуге әлі ерте

Бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, бүгінде әлемде КВИ-дің 171 млн-нан астам жағдайы тіркелген, тәулігіне 392 мыңнан астам жағдай есепке алынуда. 3,5 млн-нан астам адам қайтыс болды. Өлім-жітім көрсеткіші – 2,1%. Әлемдік рейтингке сәйкес  Қазақстан 221 елдің ішінде сырқаттанушылық көрсеткіші бойынша 104-орында, ал өлім көрсеткіші бойынша соңғы төрт аптада Қазақстанның позиция­сы 5 бірлікке жақсарды – 107-орыннан 112-орынға ауысты.

Министр хабарлағандай, Қазақстанда 1 маусымға CОVID-19-дың оң нәтижесімен 387 672 науқас және КВИ-дің теріс нәтижесімен 55 263  жағдай тіркелді. Қазақстан Республикасы «сары аймақта» тұр. Жалпы, республикада коронавирус инфекциясын жұқтыру көрсеткіші төмендеп келеді. Соңғы аптада  КВИ жағ­дайларының саны 15 мыңнан 12 мыңға дейін немесе өткен екі аптамен салыс­тырғанда 21%-ға төмендеді. Соңғы айда сырқаттану 1,6 есе азайды.

Өңірлер бөлінісінде төсек-орындармен қамтылуға жүргізілген күн сайынғы мониторингке сәйкес биыл 1 маусымдағы жағдай бойынша республикада инфек­циялық төсектік орындармен қамту – 28% (9 984 төсектік орын), реани­мациялық төсектік орындармен қамту 24%-ды (777 төсектік орын) құрады. Соңғы 2 аптада ем қабылдап жатқан науқастар санының 12 мыңға азайғаны байқалады.

Халықты КВИ-ге қарсы вакциналау жалғасуда. «Бүгінге дейін вакцинаның 3,2 млн дозасы пайдаланылды, оның бірінші компоненті бойынша 2 131 519 адам егілді, бұл егілуге жоспарланған халықтың 21%-ын құрайды. Екінші компонентпен
1 074 954 адам қамтылды.

Бүгінде егу пункттерінде вакцинаның саны жеткілікті, бірінші компоненттен 330 мың доза, екінші компоненттен 811 мың доза вакцина бар. Маусым айында КВИ вакцинасының 2 млн-ға жуық қосарлы дозасы жеткізіледі деп күтілуде, CoronaVac вакцинасының 500 мың дозасы алынды. Осылайша, Қазақстанда 4 вакцина қолжетімді болады», деді ол.

Ashyq жобасын масштабтау бүкіл ел бойынша жүргізіліп жатыр. Жоба қатысушыларының саны 8 мыңнан асты және соңғы екі аптада 2 мыңға өсті. Пайдаланушылардың саны 2 аптада 1,4 млн-нан 2 млн-ға дейін артты. Сонымен қатар Ashyq енгізілгеннен бастап ПТР тестінің оң нәтижесі бар 3 556 науқас және ауруды жұқтырғандармен байланыста болған 3 012 адам анықталды. «Бұл статистика, өкінішке қарай, кейбір азаматтар үйде оқшаулану режімін сақтамайтынын, халық көп жиналатын орындарға баратынын, осылайша басқа келушілер мен ұшақ жолаушыларына ауру жұқтыру қаупін тудыратынын көрсетіп отыр. Жобаны енгізгеннен оң нәтижесін ескере отырып, «Атамекен» ҰКП-мен бірігіп, жобаның көшбасшыларын мадақтау критерийлері әзірленді», деді министр.

Жобаның көшбасшылары қыз­мет түріне байланысты объектіде екі ап­та бойы тіркелу саны бойынша анық­талады. Бұл тәсіл астананың және рес­пуб­ликалық маңызы бар қалалардың ерекше­лігін ескереді. Ashyq жобасы­ның көшбасшысы мәртебесін алған қатысушылар жұмыс уақыты және шарты бойынша қосымша жеңілдіктер алады. Сонымен қатар Ashyq жобасына туристік сала объектілерін, оқыту орталықтарын, балаларды сауықтыру ұйымдарын қосу мәселесі қарастырылуда. «Бүгінде респуб­ликада коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиялық жағдайдың тұрақталуы, өңірлердің біртіндеп «қызыл аймақтан» шығуы бай­қалып жатыр, болжам бойынша сырқаттану шынайы сценарийде көрініс беруде», деп түйіндеді А.Цой.

 Санитарлық-эпидемиялық жағдай түзеліп келеді

Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Қазақстанда санитарлық-эпидемиялық жағдайдың жақсарғаны байқалады. COVID-19 сырқаттану деңгейі 20%-ға, вирустың репродуктивтік индексі 0,86-ға дейін, инфек­циялық төсектік орындардың қамты­луы 28 %-ға, реанимациялық төсектік орындар 24 %-ға дейін төмендеді. 3 өңір «қы­зыл аймақта» тұр: Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола және Қарағанды облыстары. «Сары аймақта» 6 өңір: Алматы қаласы, Атырау, Павлодар, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары. Қалған 8 өңір «жасыл аймақта».

Маусым айында вакцинаның бірінші компонентінің 2 млн дозасы мен екінші компоненттің 2 млн дозасы қолжетімді болады. Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктерге маусым айында халықты вакциналау қарқынын едәуір арттыруды тапсырды. Денсаулық сақтау министрлігіне Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, Ashyq мо­биль­ді қосымшасының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету, оның қызмет көрсету секторында қолданылуын одан әрі кеңейту бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.

 Түркістан облысының экономикасы 5 жылда
1,5 есеге өседі

Үкімет отырысында Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары қаралды. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Индустрия және ин­фрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев баяндама жасады.

Үкімет басшысы Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру облыстың дамуына жаңа серпін беріп, халықтың тұр­мыс сапасы мен әл-ауқатын арттыруға ықпал ететінін атап өтті. Халықты сумен жабдықтау қызметтерімен 100%, газбен жабдықтау қызметтерімен 85,4% қамтамасыз етілетін болады. АӨК саласында бес жыл ішінде 100-ге жуық жобаны іске асыру жоспарланып отыр, бұл жалпы өнім көлемін 729 млрд-тан 1,3 трлн теңгеге дейін арттыруға және еңбек өнімділігін 2,5 есе көбейтуге мүмкіндік береді. Бес жыл ішінде 5 млн шаршы метр­ге жуық тұрғын үй, 130 жаңа мектеп, 10 денсаулық сақтау нысаны, рухани-мәдени орталық және басқа да әлеуметтік сала нысандарын салу жоспарланған.

«Көлік және инженерлік-комму­ни­ка­циялық инфрақұрылымды дамыту жобалары іске асырылатын болады. Түркістан, Шымкент және Ташкент қалаларын байланыстыратын жоғары жылдамдықты темір жол магистралін салу, Түркістанда жаңа темір жол және авто вокзалдар салу жоспарлануда. Аталған шаралар жалпы өңірде өнеркәсіп көлемін 35%-ға, еңбек өнімділігін 52%-ға арттыруға жол ашады. Туристер ағыны жылына 1,2 млн-нан 2,5 млн адамға дейін артады. Кемінде 40 мың жаңа жұмыс орны құрылады. Кешенді жоспарды іске асырудың 5 жылы ішінде 3,6 трлн теңгеге 142 іс-шара орындалады. Түркістан облысының экономикасы 5 жылда 1,5 есе өседі», деді А.Мамин.

Премьер-Министр Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бекітілген кешенді жоспары іс-шараларының уақ­тылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

 Барлық назар –
балаларға

Үкімет отырысында балалардың құқық­тарын қорғау және қауіпсіздігін қамта­масыз ету жөніндегі шаралар қарал­­ды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Денсаулық сақтау минис­трі Алексей Цой, Ішкі істер министрі Ер­лан Тұрғымбаев, сондай-ақ ЮНИСЕФ өкіл­дігінің басшысы Артур ван Дизен баян­дама жасады.

Білім және ғылым министрі Асхат Айма­ғамбетовтің айтуынша, Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасы бо­йынша балалардың құқықтарын қорғау саласында 22 нормативтік-құқықтық акт (2020 жылы), 83 заңнамалық норма (2019-2020 жылдары) қабылданды.

Бүгінде республикада 23 063 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар бар, олардың 18 мыңнан астамы немесе 81,5%-ы отбасында тұрады. А.Аймағамбетов атап өткендей, соңғы 10 жылда республикадағы балалар үйлерінің саны 2 есеге қысқарды (10 жылда – 114 бірлікке, 3 жылда – 42 бірлікке.) Сондай-ақ балалар үйлері контингентінің 3 есе қысқарғаны байқалады. Қазіргі уақытта жетім балаларға арналған 96 ұйымда барлығы 4 мыңнан астам тәр­бие­ленуші бар. Ол үшін келесі шаралар қабылданды: 54 «Асырап алушы ата-аналар мектебі» институты ашылды; Ашықтықты қам­тамасыз ету мақсатында жетім бала­лардың республикалық деректер базасы құрылды; отбасылық құрылыстың жаңа формалары енгізілді (қабылдаушы және қонақ етуші отбасылар); балалар үйлерінде қамқоршылық кеңестер құрылды; 18 балалар үйі Балаларды қол­дау орталықтарына айналды.

Елімізде ерекше қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасалуда. 2010 жылдан бастап инклюзивті білім беруді да­мыту бойынша жоспарлы жұмыс жүргі­зілуде, оның негізгі қағидаты – тиісті жағ­дайлар жасалған кезде жалпы білім беру ортасында дені сау құрдастарымен бірлесіп оқытуға ерекше білім беру қажеттіліктері бар баланың құқығын сақтау. Мектеп жасындағы ерекше білім берілуі­не қажеттілігі бар балалардың саны 110 818-ді құрайды, оның ішінде 83 916 (75,7%) оқумен қамтылған. «Жан басына қаржыландыру тетігін енгізудің нәтижесінде биылдан бастап жалпы білім беретін мектепте оқитын ерекше білім беру қажеттілігі бар баланы қар­жыландыру артады, бұл шамамен 400 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ бұл өзгеріс көптеген ерекше баланы инклюзивті білім берумен қамтуға мүмкіндік береді», деді А.Аймағамбетов.

Білім министрі балабақшалар мен мек­тептердің 100%-ы бейнебақылаумен қам­та­масыз етілгенін айтты. Алайда олардың 21%-ы талаптарға сәйкес келмейді.

 Демографиялық көрсеткіштер жақсарды

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда демографиялық көр­сет­кіштердің оң серпіні байқалатынын мәлімдеді. «Мәселен, 2020 жыл бала туудың 4,7%-ға күрт өсуімен сипатталады, мұндай өсім соңғы рет 1987 жылы болып еді» деп атап өтті ДСМ басшысы. Туу деңгейінің жоғары болуы аясында, пандемия және денсаулық сақтау жүйесінің шамадан тыс жүктелуі жағдайындағы қауіп-қатерлерге қара­мастан, нәрестелер өлім-жітімінің көрсет­кішін 7,1%-ға төмендетуге қол жеткі­зілді. Балалар өлімінің көрсеткіші 12,1%-ға төмендеді.

2017 жылы мектептерде балалардың денсаулығын қорғау үшін білім беру жүйесінен 6 мыңнан астам медициналық пункт қабылданды. Мектеп медицинасын қаржыландыру 2,6 есеге артты. МӘМС шеңберінде 2019 жылдан бастап оқушыға арналған қосымша жан басына шаққандағы норматив енгізілді, ол қазіргі уақытта 1,7 есеге ұлғайды. Медициналық кабинеттердің жарақтандырылуы 2017 жылғы 52%-дан 2020 жылы 70%-ға дейін жақсарды. Осы кезеңде дәрігерлермен қамтылу 16%-ға артты.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев өз сөзінде мектептерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне баса назар аударды. Зорлау және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері сияқты қылмыстардың түрлері ауыр қылмыстар санатына ауыстырылды, осылайша тараптарды татуластыру мүмкіндігі алынып тасталды. Жалпы, қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы 5 жылда кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар саны 30%-ға қысқарды.

Сонымен қатар былтыр бақылаусыз­дық­тың салдарынан терезеден 108 бала құлап, 18 бала көз жұмды. Жағдайды жақ­сарту үшін кешенді тәсіл және барлық мүд­делі органдар мен жұртшылықтың қатысуы қажет, деп санайды ІІМ басшысы.

 Балалар игілігінің индексі
2022 жылы енгізіледі

2020 жылы Қазақ­­станда балалардың құқықтарын қорғау саласында 22 нормативтік-құқық­тық акт әзірленіп, қабылданды. Бала құқық­­тарын қорғауды күшейту, тұрмыс­тық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасында суицид мәселелерін шешу жөнін­дегі 2020-2023 жылдарға арналған жол картасы бекітілді. Террористік әрекет­тен зардап шеккен балаларды әлеуметтік оңалту қағидалары мен мерзім­дері қабылданды. 2022 жылы балалар­дың қауіпсіздігін, денсаулығын, білім алуын, материалдық әл-ауқатын, әлеумет­тенуін қамтитын балалар игілі­гінің қазақ­стандық индексін енгізу жос­пар­лану­да. Осы индекстің көмегімен бала­лардың жағдайын жақсарту бойынша мем­ле­кеттік органдар жұмысының нәти­желілігі қадағаланатын болады.

Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Асқар Мамин көшеде, білім беру ұйымдарында, демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты А.Мамин екі апта ішінде білім беру және бос уақытты өткізу саласы­ның нысандарын тиісті қауіпсіздік инфрақұрылымымен қамтамасыз ету жөніндегі жол картасын дайындауды тапсырды. «Бейнебақылау жүйелері мен оның полицияның жедел басқару орталық­тарымен интеграциялануына, «дабыл түймесінің» болуына және шұғыл әрекет етуге ерекше назар аудару керек. Барлық іс-шара оқу жылы басталғанға дейін аяқталуы тиіс», деді А.Мамин. 

Денсаулық сақтау министрлігіне, әкімдіктерге аурулардың алдын алу және ерте диагностикалау, оңалту, ауруды бала жастан бақылау бойынша шаралар қабылдау, мектеп медицинасын, ерте даму және скрининг кабинеттерінің, балалар үйлерінің, балалар стационарлары мен емханаларының материалдық-техникалық базасын жетілдіру тапсырылды.

Үкімет басшысы әкімдіктерге спортпен айналысатын балалардың санын арттыру бойынша шаралар қабылдауды жүктеді.