Аймақтар • 02 Маусым, 2021

Бас мүфти Шымкент қаласына ресми сапармен барды

455 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шымкент қаласына екі күндік ресми сапармен келген ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қала әкімі Мұрат Әйтеновпен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бас мүфти Шымкент қаласына ресми сапармен барды

Бас мүфти бастаған делегацияны жылы қабылдаған шаhар басшысы кездесу барысында қала аумағындағы діни ахуал мәселелері, қайырымдылық бағытындағы жұмыстар, мешіттер төңірегінде сұхбаттасты.

Айта кетсек, биыл қала әкімінің тікелей қолдауымен 75 мың отбасыға қайырымдылық көмек көрсетілді және ҚМДБ Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің қолдауымен «Рамазан қайырымдылық айы» іс-шарасы өтті.

Өз кезегінде ел мұсылмандарының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы қала әкіміне ризашылығын білдіріп, қайырымдылық бағыттағы жұмыстарына жоғары баға берді.

«Шымкент – еліміздегі мешіттердің саны жағынан алдыңғы орында. Осы мешіттердің ісіне жәрдем беріп келе жатқан азаматтарға рахмет. Діни басқарма 7 жұмыс бағытынан бөлек «Зират пен зиярат әдебі», «Ас беру мәдениеті» сынды құжаттарды қабылдаған едік. Осы бағытта атқарып жатқан жұмыстарымызға қолдау білдіргеніңізге алғыс айтамын. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында бірнеше жобаларымыз бар. Оны да жергілікті әкімдіктермен бірге атқармақпыз. Өзіңізге Рамазан айында көрсеткен қолдауыңызға ерекше ілтипатымды жеткіземін» - деді Бас мүфти екіжақты кездесуде.

Сондай-ақ жүздесу соңында Бас мүфти аймақ басшысына «Тәпсірлердің таңдаулысы» кітабын сыйға тартты.

Бүгінгі таңда Шымкент қаласында 89 мешіт ҚМДБ-на филиал болып тіркелген. «Шымкент» медресе-колледжінде ерлер мен қыздар бөлімі қатар жұмыс істейді. Сондай-ақ ҚМДБ-ға қарасты 1 «Ықылас» қарилар дайындау орталығында 70 шәкірт, «Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti» жеке қайырымдылық мекемесінде 40 шәкірт онлайн тәлім алуда.

Еске салайық, бүгінгі кездесуге ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан және Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Әбдрахманов қатысты. 

Сондай-ақ мүфти Шымкенттегі ресми сапарын орталық мешіт жанындағы «Әйел-қыздар» секторы ұйымдастырған «Рухани тәрбие – кемел адам» салт-дәстүр шарасымен жалғастырды.  

Рухани бастама барысында Наурызбай қажы Тағанұлы «Әйел-қыздар» секторының және «Әжелер» мектебінің мүшелеріне өз ризалығын білдіріп, тәлім-тәрбие, ихсан ілімі, қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі екендігін айрықша атап өтті.

Сондай-ақ, ұйымдастырылған шара барысында Бас мүфти  жуырда ғана дүние есігін ашқан сәбидің құлағына азан айтып, Данияр деп есімін қойып берді. Одан бөлек ақ жаулықты әжелеріміз ұмыт болған көне дәстүр мен бағзыдан келе жатқан ғұрыпты қайта жаңғырту мақсатында жүн түту, келі түю, ұршық иіру өнерін ортаға салды. 

Рухани һәм игі шараға ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Дәлелханұлы, ҚМДБ-ның  «Зекет және қайырымдылық» қорының  директоры Талғат Омаров, Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет Абдрахманов, дін саласында ұзақ жылдар еңбек етіп келе жатқан Бекайдар Әміре, Мұхамеджан Естеміров сынды бірқатар дін қызметкерлері қатысты.

Бұдан бөлек ол республикалық «Ел үлесі – пәтерге» акциясымен төрт имамға баспана кілтін табыс етті. 

Сауапты шара барысында Бас мүфти құттықтау сөз алып, бүгінде асыл дініміздің өркендеуіне үлес қосып жүрген, алайда баспанаға мұқтаж мешіт қызметкерлеріне пәтер кілттерін табыс етті. Оның үшеуі қызметтік үй болса, біреу жеке үй ретінде берілді.

Баспана кілтін алғандар қатарында Шымкент қаласы «Айтбай ата» мешітінің азаншысы Ілияс Бекжан, «Атамекен» мешітінің имамы Дәулет Түленов, «Тәжібай ата» мешітінің имамы Еркебұлан Серікбаев және «Үсенбек ата» мешітінің имамы Мұстафа Бауыржанұлы бар.  

Айта кетсек,  қоныс той шарасында Шымкент қаласы Дін істер басқармасының басшысы Әлжан Тұяқбаев, ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы,  Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Дәлелханұлы, ҚМДБ-ның «Зекет және қайырымдылық» қорының  директоры Талғат Омаров болды. 

Еске сала кетейік, республикалық «Ел үлесі – пәтерге» қайырымдылық акциясымен 405, 406, 407 және 412-үй берілді.