Аймақтар • 02 Маусым, 2021

Елордада рәміздер күніне орай 100-ден астам іс-шара өтеді

995 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде 4 маусымда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні атап өтіледі. Нұр-Сұлтанда бұл күні түрлі көрмелер, ақпараттық дәрістер, семинарлар ұйымдастырылады, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордада рәміздер күніне орай 100-ден астам іс-шара өтеді

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері – Елтаңба, Ту және Гимн күні қарсаңында елордада патриотизм рухын нығайтуға, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуді насихаттауға бағытталған бірқатар имидждік іс-шаралар жоспарланған. Олардың барлығы «Мен Қазақстанның патриотымын!» ұранымен өтеді.

Іс-шаралардың арасында ҚР Мемлекеттік Әнұранын бір мезгілде орындау, ақпараттық сағаттар, дөңгелек үстелдер, конференциялар, дәрістер, семинарлар, кітап көрмелері, жас мемлекеттік қызметшілердің ант қабылдауы секілді жиындар бар. 100-ден астам түрлі іс-шара санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып өткізілмек.

2021 жылдың 2 маусымынан бастап «Менің рәміздерім – менің мақтанышым!» патриоттық челлендж-акциясы өтеді. Оны қолдауға елорда тұрғындары мен қонақтары шақырылады. Facebook және Instagram желісінде мемлекеттік рәміздермен байланысты фото немесе бейнетүсірілімдер, түрлі посттар #МеніңрәміздерімМеніңмақтанышым, #Мемлекеттікрәміздеркүні, #МенҚазақстанныңпатриотымын, #ЯпатриотКазахстана хештегтерін пайдалана отырып жариялануы қажет.

Сонымен қатар қоғамдық орындарда орналастырылған LED-экрандарда, білім беру, мәдениет, спорт, медицина, СОО ұйымдарында және қоғамдық көлік мониторларында мемлекеттік рәміздер туралы аудио және бейнероликтер көрсетілетін болады.

4 маусым күні сағат 11:00-де «Атамекен» «Қазақстан Картасы» этно-мемориалдық кешенінің жанында қала әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен жыл сайынғы автошеру басталады. ҚР Мемлекеттік туы бар 50 машинадан тұратын автокеруен елорданың басты даңғылдары мен көшелерінен – Тәуелсіздік, Тұран, Мәңгілік Ел, Ұлы Дала, Қабанбай батыр, Түркістан секілді тұстардан 29 км жүріп өтеді. Автошеру «Отан Қорғаушылар» мемориалының жанына келіп тоқтайды.

Сол күні сағат 15:00-де мереке құрметіне Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік академиялық филармониясының әртістері «Астана» концерт залында концерт ұйымдастырады. Көрермендер Майра Ілиясова, Алтынай Жорабаева, Рүстем Жүгінісов, Гүлнұр Оразымбетова, Светлана Айтбаева сынды әншілердің орындауындағы патриоттық шығармаларды тыңдайды. Іс-шараға кіру «Ashyq» мобильді қосымшасы арқылы жүргізіледі.

Мемлекеттік рәміздер күнінің құрметіне орай әрі патриоттығын көрсету үшін елордалықтар үйлерінің балкондары мен терезелеріне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын іле алады.