Аймақтар • 02 Маусым, 2021

Амантайдың алмабағы

1056 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Осыдан сәл бұрын «Жаңақорған ауданында бамбук өсіріп отырған бағбан бар екен» дегенді естігенде таңсық өсімдікті үй ауласына егіп, тәжірибе жасап жатқан жан болар деп ойлағанбыз. Қателесіппіз, Амантай Сарбасов – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күрежолының бойынан жеміс-жидек талдары­ның тұқымбағын жасаған белгілі маман екен. Жақында жол түсіп, тұқымбаққа бардық. Елу гектар алқапты аяғымыз жеткенше араладық. Сондағы түйгеніміз мынау болды.

Амантайдың алмабағы

Бабын тапсаң, бамбук та өседі

Кәсіпкер – осыдан 10 жыл бұ­рын облыста жылыжай шаруа­шы­лы­ғын алғаш қолға алғандар­­дың бірі. Талабы табысты іске айна­лып, бүгінде 70 сотық жылы­жайы тұрақты жұмыс істеп тұр. Жы­лына 50-60 тонна қызанақ пен қияр жинайды. Ыстық бұлақ суы арқылы жылытылып отырған жы­лы­жайдың айналасына тұтас кешен орнатты. Осы судан тоған жасап, Өзбекстаннан Африка жайыны балығының шабақтарын сатып алып, өсіріп жатқаны тағы бар. Одан бөлек мал шаруашылығын да қолға алды.

– Осы шаруашылықтардың бә­рі бірінің жоғын бірі жауып, бір-бірімен байланысып тұр, – дейді Амантай Бектайұлы. – Мысалы, жеміс-жидек тұқымбағын осыдан төрт жыл бұрын аштық. Біз ал­ғанға дейін бұл жер егістікке де, жа­йы­лымға да жарамсыз саналып бос жатыр екен. Осы жерден бұрғы­лап, су шы­ғардық. Қазір бұл алқап­ты су­ландыруға толығымен жетіп, күре жолға қарай егілген талдарға да жетіп тұр.

Тұқымбақ ұстау – өте тиянақты тірлікті талап ететін жұмыс. Мы­салы, қазір жеміс ағашын дәннен шығаратындар аз. Негізі осы әдіс­пен өскен ағаш 70-80 жыл же­міс береді. Ал көшеттеп егілген тал­дың ғұмыры 18-20 жылдан ұза­майды. Оның үстіне сырттан келіп жатқан көшеттің көбі ауру. Сондықтан да бағбан жеміс ағаш­тарын қаламша арқылы будандастырып жатыр. Былтыр кө­шеттер мен жеміс сақтайтын қой­ма салуды ойға алған. Осы шаруа­ны жобаламақ болып көршілес Түркістан облысындағы тұқымбақ тәжірибесімен танысты. Олар көшеттің көбін Польша, Италия, Түркия мемлекеттерінен алады екен. Екі мың тонналық қоймалары да жұмыс істеп тұр. Тұқымбақтағы ағаш та, жеміс те көздің жауын алады. Бірақ бақты бір маусымда 16 мәрте улайтындары көңіліне қона қоймады. Алма сақтайтын жер де осындай өңдеуден өтеді екен.

– Түрлі химикатқа толы жеміс-жидек сырт мемлекеттерден онсыз да ағылып келіп жатыр. Біздің бар мақсатымыз жұртқа таза өнім жегізу болу керек. Сондықтан да мен осы жердің өзін малдың қиы, тауықтың көңі арқылы өңдеймін. Ізденіп жүріп, балығы су жеміс ағашына таптырмайтын дәрумен екенін білгесін, оны да өсіруді қол­ға алдық. Енді қойманы өз кү­шіммен бастап көрмек ойым бар, – дейді кәсіпкер.

ч

Жылыжайға да, мына тұқым­баққа да электр желісін өздері тарт­ты. Алмабақтың жанынан құ­­дық қаздыруда да бар шығын қал­тасынан шықты. Мемлекет та­ра­пынан көмек бола ма деген үмі­ті ақталмаса да, алға қойған мақ­сатынан айныған жоқ. Қолдау де­мекші, қазіргі субсидиялау та­лаптарының түсініксіз тұстары көп. Тіпті кейде шаруаға арналған қаржы оң қалтадан алынып, сол қалтаға қайта салынғандай әсер қалдыратыны рас. Мысалы, былтыр жемшөпке берілген субсидияны талайлар ала алмай қалды. Биыл осы мәселе бір тәртіпке түсті деген хабар бар, бірақ әлі салалық министрліктің бұйрығы шықпай тұр.

– Бір ағаштағы 100 алманың тең жартысы сатуға жарайды де­лік. Қалғанын да кәдеге жаратуы­мыз керек. Сол үшін арнайы цех ашу ойда бар. Мысалы, қазір ман­дариннің
1 литр шырыны 300 теңге тұра­ды. Ал базарда бір килосы одан 2 есе қымбат. Демек, біздің ішіп жүргеніміздің бәрі ұнтақ. Сонда табиғи шырын қазақтың ішіне жақ­пай ма? Жаққанда қандай, тек соған жағ­дай жасауымыз керек. Бұл әрі ұлт саулығын жақсартудың кепі­лі, – дейді кәсіпкер.

Әңгімеміз бамбуктан баста­­лып еді ғой. Қазір Амантай Сар­ба­сов­тың тұқымбағында одан бө­лек ал­ма, өрік, алхоры, жүзімнің бір­­неше түрі, миндаль, фундук, грек жаң­ға­ғы, анар, айва, алмұрт өсіп тұр.

 

«Бізде ештеңе өспейді» деген сөзді қою керек

 Жаңағы жеміс ағаштары мен тропикалық өсімдіктерді өсірудегі мақсаттың бірі қазір ел арасында­ғы «Сырдың жеріне ештеңе өспей­ді» деген сөздің негізсіздігін дәлел­деу еді. Облыспен шектес Ақтөбе мен Түркістанға өскен тал-дарақ біздің жерге шықпайды деу адам сенетін әңгіме емес. Мысалы, был­тыр Қызылорда қаласындағы та­ны­сына біраз тал егіп беріп кеткен. Артынша пандемия басталып кетті де, көшеттердің жағдайын бі­лу­ге соғам деген жоспары жайына қалды. Жақында жол түсіп барғанда көрді. Өзі тіккен 44 көшеттің үшеуі ғана өнбей қалыпты. Қалғандары жайқалып тұр.

Бағбанның әкімдіктен халық­аралық күре жол бойынан жер сұрап жүргеніне біраз болыпты. Сол жерге жеміс ағаштарын өсі­ріп, оны еңбек етіп, әлеуметтік жағ­дайын түзегісі келгендерге тапсырсам дейді. Айтуынша, бұл жобаны облыстың барлық ауданында жасауға болады. Ойға алғанына біраз болған шаруасының алда шешіліп қаларынан үмітін үзбейді.

Тағы бір қынжылтатыны, же­міс ағаштарын егуге талаптан­ған­дардың көпшілігі көшетті сырттан алдырады. Әсіресе Өзбекстан­ның саудасын қыздырып отырмыз. Жер­гілікті тұқымбаққа мойын бұ­рып отырғандар аз.

Тұқымбақ жұмысын жолға қоя алатын маманның жоқтығы да аз мәселе емес. Әсіресе осы жұмысқа икемі бар жастарды тәрбиелеу керек. Бағбан бұл мәселені әкімдік өкілдерімен кездесуде сан мәрте көтерді. Колледждерде маман ­даярлау жайлы ұсыныс айтты. Бі­рақ, әзірше талап білдіргендер табылмай отыр.

– Тіпті науқандық жұмысқа адам таппай, Түркістан облысы­­нан алдырып отырмыз. Бел үзіліп, бі­лек талатындай да тірлік аз мұн­да. Күніне 5 мың теңге төленетін ­сол жұмысқа жергілікті жігіттер­ді ­ша­қырып келтіре алмаймыз, – дейді Амантай Сарбасов.

Осы тұқымбақтан әрі қарай тау беткейінде ертеден келе жатқан бір бақ бар. Осыдан біраз бұрын әкесінен қалған сол баққа ие болып қалған жігіт келіп жолықты. Соның өтінішімен талдарын қарап шықты. Арасында жемісі қос жұ­дырықтай алмұрт та бар екен. Біздің қазір аргентикалық сорт деп сырттан тасып жатқан алмұртымыз осы. Оның да қаламшасы осы тұқымбақтан орын тепті. Кентауда өскен грек жаңғағының дәнін Түркістаннан тапты, Шымкентке бар­ғанда бір түп анар әкеліп, оны да жерсіндірді.

Бой тіктеген 4 жылда біраз жұмыс істеліп, тұқымбақ жеміс бере бастады. Алдағы жоспар одан да көп. Ал оның іске асуы үшін тақыр жерден тұқымбақ жасаған бағбанның бастамасын қолдау керек. Өйткені бұл істің рахатын ел көреді.

 

Қызылорда облысы